Оралда 22 жастағы әйелді өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген ер адамға үкім шықты
Оралда 22 жастағы әйелді өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген ер адамға үкім шықты
Фото:instagram.com/mamochki_uralska_vmeste_new
181
оқылды
Орал қалалық соты Темірлан Аманғалиевке қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қалалық соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, Т.Аманғалиев ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) сәйкес айыпты деп танылды. Оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу үкімі кесілді. Жәбірленушінің анасының азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталушыдан 159,9 мың теңге материалдық және 6 млн теңге моральдық залал өндірілді. Сот талқысында мәлім болғандай, Т.Аманғалиев өз үйінің кіреберісінде жәбірленуші, 22 жастағы Анастасия Чернаяны тамағынан ұстап, жоғары көтеріп, басынан бетон плитаға ұрған. Жас әйел сол жерде есінен айырылып, жан тапсырған. Содан кейін сотталушы қылмысын жасыру мақсатында мәйітті ескі шкафқа салып, қала сыртына шығарған. Кейін қапқа салып, басқа жерге апарып, бензин құйып, өртеп жіберген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Марқұмның соңында кішкентай қызы қалды.