Қазақстан қалалары бірізді сәулет стиліне келтіріледі. Бұған дейінгі Министрлер кабинеті де осы өріске түрен салып көрген, нәтиже шығара алмады. Енді жаңа Үкімет «бір стильді» таңдауға ниетті. Өйткені қалалардың сиықсыз келбеті халықтың көңілін бұзып, еңсесін езіп, наразылығын туғызатын көрінеді. Жаңа министр Қ.Өскенбаевтың айтуынша, алматылықтар – шаһардың құмырсқа илеуіне ұқсап кеткеніне, астаналықтар – қалалық кеңістіктің қысылуы тынысты тарылтатынына шағымданады. Өзге қалалар да оңып тұрған жоқ. Бұл бағытта енді не өзгермек?
Ескі үлгі ел еңсесін түсіреді
Қазақстанның көптеген қаласы кеңестік замандағы сипатын сақтауда. Уақыт бір орында тоқтап қалған сияқты. Содан «хрущевкаларда», «ленинградтық» ескі үйлерде тұратын тұрғындардың менталитеті, психологиясы да өзгермейді, елдегі жаңғыруларды сезінбейді, кеңестік кезеңді көксеуі мүмкін. Егер қалаға жаңаша өң кірсе, заманауи сәулет стиліне бөленсе, тұрғындар да өзін басқаша ұстай бастар еді.
Мысалы, «социалистік лагерьден» кетіп, «еуропалық отбасыға» оралған Словакия 90-жылдары Еуроодаққа – дамыған елдер ұжымына кірігуді кеңестік ұсқынсыз үлгідегі 5-9 қабатты үйлерді бұзудан бастапты. Нәтижесінде, қалаларда XIV ғасырда салынып, бертінде реконструкцияланған барокко стиліндегі көркем сәулет нысандары сақталды, олармен іргелес заманауи ғимараттар бой көтерді.
Қазақстанда қалаларды бір үлгіге келтіру мәселесі Президенттің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көтерілді. Бұл міндет Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мембағдарламасында көрініс берді. Бірақ онда «бірыңғай архитектуралық стиль» тек бағдарлама аясында салынатын коттедждер қалашықтарына немесе жеке тұрғын үйлер алабына қатысты болды.
Бұл тетіктің тиімділігі төмен болып шықты. Себебі негізінен қала шетінде не жеке шағынауданда саяқ орналасатын мұндай тұрғын үй алаптары қалалардың жалпы стиліне әсер ете алмайтыны анықталды. Енді Смайылов Үкіметі қалалардың тұтастай алғандағы бейнесін бір жүйеге келтірмек. «Бірыңғай стиль 2.0.» бастамасы сонысымен ерекшеленеді.
Жаңа стиль не береді?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «қалалар құрылысын бейберекетсіздік жайлаған», – дейді. Жаңа құрылыс нысандарын жоспарлау кезінде салушылар нысанның қабаттылығына, функционалдық аумағына қатысты шектеулерді, әлеуметтік объектілермен қамту талаптарын жиі бұзады. Сондықтан Индустрия министрлігі Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, «Берекелі бастама» порталын іске қосуға әзірленіп жатыр. Онда әр азамат өз қаласының инфрақұрылымын жақсарту туралы ұсыныс-идеяларын ортаға салып, өзгелердің өзекті бастамасына дауыс бере алады.
Қ.Өскенбаевтың айтуынша, қалалардың тұрақты өсуі қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдерін, қала салу регламенттерін нақты сақтауды талап етеді. Бірақ қалалар даму перспективасы мен жұртшылықтың пікірі ескерілмей, ретсіз, қалай болса солай салынуда.
– Мысалы, Алматы тұрғындары құмырсқа илеуі сияқты тым көп адам тұратын үйлердің қаптап кеткеніне, ал елордалықтар қоғамдық кеңістік, демалыс орындары мен әлеуметтік нысандарға орын қалдырмай, ғимараттар иін тіресе, өте тығыз бой көтеріп жатқанына шағымданады. Қазір урбанистер мен қала тұрғындарының пікірлерін назарға ала отырып, қалаларда өзгеріс жасау өте маңызды. Біз енді халық пен мемлекет арасындағы диалогке баса мән бергіміз келеді. Әрбір азамат өз қаласын дамытуға қатысуы керек. Осы мақсатта Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, «Берекелі бастама» дауыс беру порталын іске қосамыз, – деді министр.
Қайырбек Өскенбаев тұрғындардың порталдағы барлық жобасын урбанистер ғылыми тұрғыдан зерттеп, содан кейін үздіктері дауыс беру порталында жарияланатынын түсіндірді. Оның қорытындысында қай жоба қаржыландырылып, іске асырылатыны айқындалады.
Соңғы 2 жылда министрлік сәулет органдарына қатысты 100-ден аса тексеріс жүргізіпті. 1 мыңнан астам жөнсіздік әшкереленді. Мәселен, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларынан түрлі сәйкессіздіктер табылған, эскиздік жобалардың келісімнен өтпейтіні белгілі болды, сәулет-жоспарлау тапсырмасын берудегі бұзушылықтар анықталды.
Сондықтан Үкімет қала құрылысын жоспарлау жүйесіне реформа жүргізіп, трансформацияламақ. Қалаларды салуда озық шетелдік тәжірибелер мен жаңа урбанистік тәсілдемелер қолданылатынын айтады.
Ортақ үлгінің ұтымдылығы неде?
Ел Президенті Қ.Тоқаев «қалаларды кешенді тұрғызудың жаңа стандарттарын әзірлеуді» жүктеді. Осыған орай ИИДМ қазақстандық қалалардың аумағын сапалы жоспарлау стандарттарының бірінші нұсқасын әзірлеп, меморгандар мен ұйымдардың келісімін алуға жолдады. Министрдің пікірінше, бұл стандарттар – қалалардың құрылысын жобалау, жинақы салуды енгізу, тартымды әрі қолайлы қоғамдық кеңістіктерді түзу, қалаішілік жүргіншілер мен велосипед жолдарын және инфрақұрылымын дамыту бойынша қарапайым, көрнекті нұсқаулыққа айналады. Одан әкімдіктер тұрғындар санына қарай әрбір ауданда қанша әлеуметтік маңызды объекті, парк, сквер, өзге де инфрақұрылым қажет болатынын біле алады.
Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукеновтің дерегінше, орта есеппен 240 мың тұрғыны бар қалада халыққа ыңғайлы орта құру үшін 28 медұйым (емхана, аурухана, жедел жәрдем стансасы, диагностикалық орталық, кардиоорталық), 27 мектеп (25 оқушыдан тұратын 2 360 сынып), 54 балабақша (25 бүлдіршіннен құралған 808 топ), 615 шақырым жол, 467 шақырым сумен жабдықтау және кәріз жүйесі, 58 шақырым жылумен жабдықтау жүйесі, 122 шақырым газбен жабдықтау жүйесі, 168 шақырым электр желісі қажет болады. Мұның бәрін жаңадан, «нөлден» жасаса, жалпы болжамды құны – 1,1 трлн теңге.
Осынша адамды орналастыру үшін 3,6 миллион шаршы метр баспана керек. Мұның құны – 1,6 триллион теңге.
Жаңа қала салу стандарттарын сынақтан өткізу үшін «Ірі елді мекендердің қалалық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы» аясында пилоттық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Министрлік урбанистермен бірге алғашқы қадамды Ақтау және Атыраудың қалалық кеңістіктерін трансформациялаудан бастауға ниетті. Мысалы, оның аясында Ақтауда қала жағалауын абаттандыру; ыңғайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыру; жаяу жүргіншілер аймақтары мен велосипед инфрақұрылымын дамыту; инженерлік желілерді қайта жаңарту секілді басымдық міндеттері белгіленген. Ал Атырауда жинақы құрылысты дамыту; 10 негізгі көшені және 6 шағын көшені реновациялау; негізгі жолдардағы 150-ден астам ғимараттың қасбеттерін абаттандыру; 10 саябақ пен скверді қайта жаңарту және басқасы қолға алынбақ.
Министрдің мәліметінше, елдегі барлық қаланың құрылысына бірдей талап қолданылуы қажет: «Бүгінде біз әзірлеп жатқан жаңа стандарттарда осындай бірыңғай талаптар қарастырылады және ары қарай олар бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары үшін үлгі-негізге айналады».
Қайырбек Өскенбаевтың есеп-қисабы бойынша, «бірыңғай стильдің» мультипликативті әсері бар. Мәселен, қала кеңістігін трансформациялау жолаушылар қозғалысының орта есеппен 30 пайызға артуына әкеледі. Соның арқасында дүкендердің саудасы 17% пайызға артады. Қауіпсіз жол инфрақұрылымын құруға негізделген көшелерді реновациялау көліктердің отын шығынын 30 пайызға қысқартады.
Қазақ урбанистикасының проблемасы қандай?
Урбанист Ерлан Әукенов урбанизацияның қысымы Қазақстанда барлық емес, белгілі бір қалаларға түсетінін ескертті. Демек, жаңа стандарттар негізінде жаңғырту бірінші кезекте соларға бағытталғаны жөн.
– Бүгінде Қазақстан халқының 58,7 пайызы үлкен және шағын қалаларда тұрады. Қалалардағы халықтың жыл сайынғы өсімі 2,3 пайызды құрайды. Соның ішінде үш мегаполисте халықтың жыл сайынғы өсімі 4,7 пайыздан асады. Мысалы,елорда тұрғындарының саны жыл сайын – 60 мыңға, Алматы қаласында – 65 мыңға, Шымкентте 30 мың адамға өседі, – деді ол. Яғни, әлгінде айтылған 240 мың тұрғын 4-8 жылда қосымша қосылады. Мегаполистер құрылысында бұл да ескерілуі қажет.
Урбанистер қауымдастығы кеңесі төрағасының пайымдауынша, қазақстандық урбанистика бірқатар сын-қатерге тап болып отыр. Атап айтқанда, республикада қала құрылысы саласында бірыңғай саясат пен сабақтастық жоқ, әкім ауысса, бұл саладағы саясат та өзгеріп шыға келеді. Мемлекеттік басқаруда қалаларды жобалау, урбанистика, қаланы басқару саласында білім мен біліктілігі бар кадрлар тапшы. Қалалар билігі қала құрылысы мәселесінде жергілікті тұрғындармен санаспайды. Салдарынан елордада көмілген Талдыкөл көлі айналасындағы дау сияқты шиеленістер туындайды. Қала салу саласында әлі күнге көнерген жобалау және құрылыс нормалары мен стандарттар қолданылады.
Е.Әукенов қазақстандық қалалардың ортақ проблемасы қатарында көшелердің тарлығын, нашар жарықтандырылғанын, қала орталықтарының табиғаттан алшақтағанын, көліктің тым көптігін, қала бейнесінің қырық құрақ көрпедей әртүрлілігін, үндеспейтінін, ағаш отырғызу, көгалдандыру мәселелерінің жете ойластырылмағанын атады. Елорда, өзге де қалалар пластик гүлзарлар «егуге» әуестеніп барады.
Бірыңғайлық бірегейлікке жау емес
Ресейлік урбанист, блогер Илья Варламов Қазақстан қалаларының өзіне тән, қайталанбас, бірегей бейнесі жоғын сынады. Қазақстандық қала – кеңестік үлгідегі ескі үйлер мен нысандардың, шыны мен бетоннан тұрғызыла салынған жаңа ғимараттардың қойыртпағы.
«Алматыны қоспағанда, Қазақстанның өзге қалаларында жер жетеді, бірақ ол аумақтар ақылмен игеріліп жатқан жоқ. Әдетте, қала маңын жайлайтын коттедж қалашықтары Нұр-Сұлтанның қақ ортасында орналасқан. Сол жағалауда, қала шетіне қарай тұрғын үйлер арасында орасан зор кеңістіктер бос қалыпты. Олардың арасында қала билігі әуежайдағы ұшу-қону жолағы сияқты ұзын әрі кең тротуарлар төсеуге мәжбүр», – дейді И.Варламов.
Оның байламынша, осының кесірінен қала әкімдігіне көп жерді ұстап тұруға тура келеді, оған ешқандай бюджет ақшасы жетпейді. Салдарынан бас қаланың өзінде әжім басқандай жарылып, ойқы-шойқы болған жолдар, қыштақталары сынған тротуарлар, солып қалған ағаштар, ашық жатқан құдықтар, қоқыс басқан орындар көбеюде.
«Тұрғын үй не басқасын жобалағанда, ол 30-40 жылдан кейін қалай көрінетінін, қала бейнесімен қалай үйлесетінін көзге елестеткен жөн. Елорданың өзінде жанғыш алюкобонд, қатты желде жаңқадай ұшатын қыштақта көп қолданылған екен. Қалаларда кілең тұрғын үй алаптарынан тұратын аудандар бар, бұлай болмағаны жөн, ондай «ұйқыдағы аудандар» геттоға айналып кетуі мүмкін. Тұрғын үйлер іскерлік орталықтармен араласа салынғаны жөн. Сонда аяқпен-ақ жүріп жететін жерде жұмыс орны құрылады, кеңселер ашылады. Әйтпесе, қалаларда «тербелмелі көші-қон» әсері туындайды: таңертең тұрғындар қала орталығындағы жұмысына жаппай жөңкіледі, кешке кері ағылады, тұтас кварталдар босап қалады», – дейді ресейлік сарап-шы.
Сондай-ақ ғимараттардың сәулеті халықтың мәдениетінен, дәстүрінен, ғұрпынан сыр шертіп тұрса, құба-құп. Әйтпесе, Қазақстан қалаларына келген шетелдіктер қалаға қарап, қай елде тұрғанын түсінбейді.
Осыдан бес жыл бұрын ИИДМ-нің Құрылыс істері және ТКШ комитеті қалаларда бірыңғай сәулет стилін сақтау үшін тұрғын үйлердің 6 типті жобасын әзірлеп, әкімдіктерге соларды негізге алуды ұсынды. Бұл – ортақ архитектуралық стильде орындалған 1, 2 қабатты үйлер моделі. Алайда артынша бір-біріне егіз қозыдай ұқсас үйлердің қаптай бастауы Парламент депутаттарына ұнамады. Сарапшылар оларды АҚШ-та сынға ұшыраған, жылдам дайындалатын макбургер сияқты тез салынатын үйлерге – Мак-Хаустарға теңеді.
Шынында, урбанистер бірыңғай стиль – Кеңес кезіндегідей біртекті ғимараттар салып тастауды білдірмейтінін айтады: бұл – барлық қала бірдей әдемі-презентабельді, жайлы, экологиясы таза, көшелері түзу, ғимараттары әсем болсын деген сөз. Әрине, ажары келісті, сәулеті сауатты, бейнесі бірегей болып жатса, тіпті тамаша.