Проблеманы шешудің қандай жолы бар?
Экологтердің пікірінше, аталған мәселені тек ЖЭО көмірден газға көшірумен ғана шешуге болады деу – қате пікір. Мәселен, жоғарыда пікірін айтқан эколог Әсел Ділдабекова ауаны тазарту мәселесін шешу үшін бүгінде арзан балама бар екенін айтып отыр. Оның айтуынша, Д.Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институтының ғалымдары жасаған қолданбалы технологияларды мәселені шешуге пайдалануға болады. Институт ғалымдары ластағыштардың көрсеткішін 98% - ға дейін азайтатын каталитикалық түрлендіргіштерді орнатуды ұсынған. Бұл ретте ЖЭО сияқты кәсіпорындар көмірмен жұмыс істеуді жалғастыра алады, бірақ осы технологияны пайдалана отырып, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту арқылы ЖЭО қала ауасын ластамауға мүмкіндік беретін көрінеді. Табиғат жанашыры осы ретте ауаны тазарту мәселесін шешуге алаңдайтынын, сондықтан ғалымдар ойлап тапқан жаңа әдістерді қолдауға шақыратынын айтты. Бізде көбіне жоғарыда айтқандай газға көшіру әдісі қиындықты шешудің бірден-бір жолы екені дәстүрлі түрде ұсынылады. Бірақ бұл жерде газ тапшылығы сияқты күрделі проблема бар екенін де естен шығармау керек. Мәселен, жақында шаһардың Экология департаменті «Алматы қаласының 2020-2021 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасының» орындалуы туралы халықпен онлайн есеп беру кездесуін ұйымдастырды. Бұл құжат 2020 жылдың тамыз айында бекітілген болатын. Құжатта негізгі бес тармақта 22 іс-шара орындалуы қамтылған еді. Оның ішінде қалалық ЖЭО-2-нің жұмысын газға ауыстыру және автокөлікті табиғи газға ауыстыру, сондай-ақ көмір өндіруші кәсіпорындардың шығарындыларын азайту және жеке секторды газдандыру жөніндегі іс-шаралар міндеттелген. Жиында «ҚазТрансГаз» компаниясының қуаттары мегаполиске қызмет көрсету үшін жеткіліксіз екені айтылды. Жауапты шенеуніктердің берген дерегінше, Алматы мен Алматы облысында жылына көгілдір отын тұтыну мөлшері 1 миллиард 750 миллион текше метрді болып отыр. Олардың пікірінше, қаладағы ЖЭО-лары газға ауысқаннан кейін, бұл мөлшер шамамен 1 миллиард 200 миллион текше метрге дейін азаяды. Дегенмен мұның өзі үлкен көлем. Газға жауапты мекеме мұндай көлемде қамтамасыз ету ауыр соғатынын айтып отыр. «Белгілі болғандай, Экология департаментінің есептік кеңесінде шенеуніктер негізгі тармақтардың орындалу мерзімін бұзып, көптеген жоспарланған іс-шараларды аяғына дейін жеткізбей, мемлекеттік бағдарламаны сәтсіз аяқтады. Олардың басым бөлігі газға көшу мәселесіне қатысты. Бұл жол картасын жүзеге асыруға бөлінген миллиардтаған қаражат желге лақтырылғанын білдіреді», – дейді «Байтақ Болашақ» ҚБ-нің өкілі. Десе де, Алматының Жылу орталықтарын көмірден газға көшіру мәселесі соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында дәл осы мәселені тез арада шешуді қадап айтқан болатын.Ауаның ластануы түрлі дертке себеп
Экология мәселелері, ауа бассейнінің ластануы тұрмыстық қалдық қоқыстары мәселелері – шұғыл шешімдерді талап ететін неғұрлым маңызды мәселе. Жұтар ауаның таза болмауының себебінен алматылықтардың арасында түрлі аурулар көрсеткіші өсіп отыр. Мұны денсаулыққа жауапты мамандардың өзі біраздан бері айтып жүр. Мәселен, бронх-өкпе, түрлі аллергиялық, жүрек және қанайналым жүйесі ауруларының бірден-бір себебі дәл осы ауаның ластануынан болатын көрінеді. Қалай десек те, тіршіліктің ең бірінші көзі жұтар ауаның таза болмауының залалы орасан екені біз айтпасақ та белгілі жайт. Осы жерде бір қала белсендісінің «Ертеректе Алматыға келген қонақты Алатауға шығаруға асығушы едік. Ондағы мақсатымыз – «Шымбұлақ», «Көктөбе» «Медеу» сияқты ғажаптарымызды көрсету. Екіншіден, сол таудан әсем қаламызға көз салып, тамашаласа дейтінбіз. Соңғы уақытта Алатауға алып шыққан қонағымыз қалаға назар салмай-ақ қойса екен деп тұрамыз. Себебі қаламыз көк түтіннен көрінбейді», – деген сөзі еске түседі.Алматы