«Қасіретті қаңтар» оқиғасында Жамбыл облысында 183 көлік өртеніп, зақымданған. Олардың қатарында мемлекеттік көліктен бөлек, жекеменшіктегі автокөлік те аз емес. Ай-күннің аманында темір тұлпары күлге айналып, құр қаңқасы қалған тұрғынның бірі – Балдықыз Жарылқасынова. 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан ендігі бар үмітім Үкіметте деп отыр.
Балдықыздың ұлы ішкі істер саласында жұмыс істейді. Сол түні баласын жедел жұмысқа шақырғандықтан, ол анасының көлігін айдап кетіп, «С-13» тергеу мекемесінің жанына қалдырған екен. Антына адал азамат облыс әкімдігі ғимаратын қорғауға аттанғанда белгісіз біреулер жол жиегінде тұрған оның көлігін өртеп жіберген. Осылайша, күлі көкке ұшқан автокөліктің қазір құр қаңқасы қалып отыр.
– Lexus маркалы көлігімді үй ішімізбен несиеге алған болатынбыз. Өзім базарда сауда жасайтындықтан, көліктің көп көмегі тиіп жүр еді. Енді жаяу қалдым.
Сол түні ұлымды жедел жұмысқа шақырғандықтан, автокөлікті айдап кеткен болатын. Ертесіне құр қаңқасын таптық. Түк қалмай өртеніп кеткен. Маңдай термен келген көліктің жағдайын көріп ішім ашыды. Қазір енді жолдасым да, ұлым да, келінім де соның несиесін төлеп отыр.
Өткенде әкімдіктен адамдар келіп, көліктің құнын 4,5 миллион теңгеге бағалап кетті. Ендігі бар үмітім сол қаржы болып отыр, - дейді Балдықыз.
Тұрғынның айтуынша, көлікті аларда оны сақтандырса да, осы күнге дейін аталған компаниядан бірде-бір өкіл келмеген көрінеді. Керісінше, жергілікті биліктен мамандар хабарласып, барынша қолдау білдіріп жатыр екен.
Жалпы, Балдықыздың отбасында алты адам тұрады. Жолдасының жалақысы 60 мың теңге болғандықтан, ол сома бір жыртықты жамаса, екіншісіне жетпеуде. Сондықтан ұлы мен келіннің айлығын шайлықтарына жаратып отыр. Ал көлік өртенгелі өзінің базардағы саудасы тоқтаған. Амал жоқ, «мемлекеттен көмек бола ма?» деген үмітпен отыр. Мүлкі өртенген тұрғын қаңтардың басындағы бүліктің зардабы көптеген адам үшін ауыр болғанын да айтады. Елірген топ көшедегі әр дүкеннің, әр көліктің артында табанақы маңдай терін сатып күнелтіп отырған қарапайым азаматтар тұрғанына назар аударған жоқ.