Шығыс Қазақстан облысының 3 ауданында браконьерлікпен айналысқан бірнеше топ қолға түсті. Олардан мылтық және тегіс ұңғылы қару тәркіленген.
Әуелі Бесқарағай ауданында 4 ер адам ұсталды. Олардың көлігінен еліктің төрт ұшасы, екі мылтық, пышақ, оқ-дәрі табылған. Бұдан соң тәртіп сақшылары Тарбағатай ауданында мылтықпен жабайы қабан атқан 53 жастағы тұрғынды, Бородулиха ауданында елік атқан екі адамды қолға түсірді. Олардан да заттай айғақтар мен қару-жарақ шыққан. Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қарағанды облысында да браконьерлік өршіп тұр. Таяуда полицейлер Қызыл кітапқа енген жануардың 844 мүйізін тапқан. 5 ақпанда Жаңаарқа кентінде жүргізілген жедел іс-шаралар кезінде 29 жастағы азаматтың автокөлігінен 844 дана мүйіз тәркіленген. Автокөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір жүргізушінің тағы екі сыбайласы ұсталған. Облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллиннің айтуынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-1-бабына сәйкес «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысуы» бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Аталған баптың санкциясына байланысты қылмыскердің мүлкін тәркілеп, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Былтыр да дәл осы Жаңаарқа ауданында киік мүйізін сатумен айналысқан тұрақты топ ұсталып, 274 дана мүйіз тәркіленген болатын. Сот шешімімен олардың бірі 4,5 жылға қамалып, қалған үшеуі 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.