Олигархтардан қанша миллиард өндіріледі?
Олигархтардан қанша миллиард өндіріледі?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
355
оқылды
Экономикалық қауіпсіздікті нығайту мәселесі көкейкесті болып тұр. Қазақстанның сыртқы қарызы артуда. Бюджеттің бүйірі ортайды. Ел болашақ ұрпақ үшін сақталуға тиіс Ұлттық қорды қарқынды шы­ғындап жатыр. Парадокс жағдай қа­лыптасты: әлемде соңғы жылдары ши­кізат бағасы күрт өскен, ал одан ел қазынасына түсетін салық өспе­ген. Себебі экономиканың әр сала­сын астына басқан олигополия аз салық төлейді. «Қасіретті қаңтар» оқи­­ғаларын талдаған шетелдік са­рап­шылар қойнауы аста-төк қазы­на­ға толы Ұлы даланы жайлаған жұрт­тың осынша кедей күйге түскені – на­разылыққа түрткі дейді. Тығырықтан Үкімет қалай шықпақ?

Жетпейтін көрпеге қалай көсіледі?

Мына бір дерекке назар аударсақ: республикалық бюджеттің кірісі 2020 жылы – 11,9 трлн, 2021 жылы 12,4 трлн теңгені құрады, 2022 жылы 12,8 трлн болады деп бекітілді. Жалпы сомасы – 37,1 трлн теңге. Республикалық бюджеттің шығысы 2020 жылы – 13,9 трлн, 2021 жылы – 14,9 трлн, ал 2022 жылы 15,6 триллион теңгеге жетті. Жалпы сомасы – 44,4 трлн теңге. Демек, осы үш жыл ішінде бюджеттің тапшылығы 7,3 триллион (!) теңгеге жеткен. Басқаша айтқанда, әрбір 6 жыл сайын ел тұтас бір бюджетін жоғалтады, яғни табысы соншаға аз түседі. Төбе ша­шыңызды тік тұрғызады. Бірақ одан да үрейлі жайт бар: рес­публикалық бюджеттің кірісі салықтық емес түсiмдерден, негiзгi капиталды сату­дан түсетiн түсiмдерден және Ұлттық қордан алынатын трансферттен құралады. Егер бұларды есепке қоспай, тек бюджетке құйылатын салықтарды ғана есептесек, көңілге кірбің салатын көрсеткіш көл­бең­дейді: бюджетке құйылған салықтар кө­лемі 2020 жылы – 5,5 трлн, 2021 жылы – 6,9 трлн, ал 2022 жылы 8,9 трлн теңге болды. 3 жылда – 21,3 трлн теңге. Қарапайым арифметикаға салып, республикалық бюджеттің шығысынан бюджетке түскен салықты (44,4 трлн – 21,3 трлн) алып тастасақ, 23,1 трлн теңге шығады. Яғни, мемлекет жер және басқа да активтерін сатпаса, шетелден қарыз алмаса, Ұлттық қор деген атымен жоқ деп көзге елестетсек, онда Үкіметтің жинайтын салығы елдің шығынының тіпті жартысын да өтемейтінін байқауға болады. Мұндай жағдайда үш жылғы бюджет тапшылығы 23,1 триллионға жетер еді. Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген даналық бар, бұл сөзді бұрынғы үкімет­тегілер де жиі қайталайтын. Әйткенмен, ол көрпе жарым-жартылай жамылуға да жетпейтін болып шыққаны ма? Ылан-ойран шикізат – қара алтын, көгілдір отын, түрлі-түсті металл, алтын-күміс, уран және басқасын өндіріп, әлемдік базарды қарқ қылып отырған, жаһан жұртшылығын астық, ұн, ет және басқа да азық-түлік өнімдерімен молынан асы­райтын республика неге салыққа жары­мады? Бұл сұраққа Үкіметтің және одан тәуелсіз экономистер мен қаржыгерлер жауап іздеуде. Қазған сайын былығы көп шығуда. «Жаңа Қазақстан» одан арылады деген үміт бар.

Жеңілдік беру – салықтан жеңілу

2018 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ескі Салық кодексінің қалың томға, былайғы жұрт түгіл, маман­ның өзі бойлап, байыбына бара алмас ну орманға айналып кеткенін, онда өзге нормаларға қаптаған сілтеме берілгенін сол кезде Елбасы да сынаған еді. Бірақ сол тұс­тағы Үкімет салық заңнамасын қара­пайым әрі түсінікті ету тапсырмасын орындай алмады. Құжатты қолға алған депутаттар шошыды: 2017 жылы Пар­ламентте талқылау барысында қалаулылар жаңа Салық кодексінің жобасында бір емес, бірден 774 бап бойынша басқа заңдарға, өзге кодекстердің баптарына, заңдық актілерге 2,5 мыңнан астам сілтеме барын санап шықты! Салдарынан Салық кодексін түсіну үшін өзге заңдар мен кодекстерді, нормативтік-құқықтық актілерді, Үкімет пен әкімдердің қаулы-шешімдерін ақтаруға тура келмек. Үкі­меттің басты дәйектемесі – сілтеме жа­самау мүмкін емес, әйтпесе сол құжат­тардың бәрін Салық кодексіне көшіруге тура келеді. Нәтижесінде, бәрібір 780 баптан тұратын қалың том өмірге жолдама алды. Бірақ қызығы бұл емес. Құжаттағы өз­герістердің ең үлкен топтамасы – жер қойнауын пайдаланушыларға арналды. Осыдан-ақ индустрияландыру бесжыл­дықтарына қарамастан, Қазақстанның ары қарай негізінен шикізат секторына иек артатыны аңғарылды. Атап айтқанда, жаңа Салық кодексінде тау-кен өндірісі саласы­ның шектен тыс табысына салынып келген салық жойылды. Бұл ретте, жүктеме көмір экспортына рента салығына ауыстырылды. Сондай-ақ коммерциялық тиімді кен орнын тапқанда мемлекетке төленетін алым (коммерциялық табу бонусы) да жойылды. Бұл жаңа кен орындарын бар­лап, игеруді ынталандыру үшін қажет көрінеді. Өйткені Кеңес кезінде толық­қанды барланған және қазір қазынасы қарқынды қазып-көсіп алынып жатқан кен орындарында шикізат таусылуға таяғаны жасырын емес. Табыс-рентабельділігі төмен кен орындар үшін «пайдалы қазбаларды өндіру салығының» (ПҚӨС, орысша – НДПИ) төмендетілген ставкалары белгіленді: сөйтіп, тиісті критерийлерге сәйкес келген жағдайда жер қойнауын өндірушілерге хабарлама тәртібімен-ақ ПҚӨС ставкаларын өз бетінше төмендете салуына рұқсат етілді. Әрине, рентабель­ділігі төмен, геологиялық күрделі, яғни тұтқырлығы жоғары, суландырылған, шағын дебитті және игерілген санаттарға жатқызылған кен орындары бойынша ПҚӨС ставкаларын төмендету құқығы бұрындары да берілетін. Алайда оны келі­сімнен өткізу және шешім қабылдау тетігі тым күрделі еді және жер қойнауын пайда­ланушылар оған қол жеткізуден қи­налатын. Аукциондардан жиналатын алым да жойылды. Су жолдарын пайдаланғаны үшін кемелерден төлем алынбайтын болды. Қатты пайдалы қазбалар бойынша жаңа лицензиялар алу кезінде «тарихи шығындарды өтеу жөніндегі төлем» де алып тасталды. Қалайы бойынша ПҚӨС ставкасы 6 пайыздан 3 пайызға құлдыратылды. Үкімет айтқандай, бұл елде металлургия­ның жаңа саласын – қалайы өнеркәсібін қолдау үшін қажет көрінеді.

1,5 трлн табуға мүмкіндік бар

Биылғы 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерімен кездескен Қ.Тоқаев Жаңа Қазақстандағы жаңа экономикалық сая­саттың негізгі ұстыны – «бизнестің салық­тық тазалығы» болатынын мәлімдеді. Президент Үкіметке ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіруді жүктеді. Өйткені Мемлекет басшысы «түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарған ал­пауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер барын» ескертті. Осыдан кейін олигархтар «Қазақстан халқына» қорына миллиардтар аударуда. Қор басшысы Болат Жәмішев бұл сома 150 млрд теңгеге жетеді деп болжады. Олиго­полия жыл сайын қорға қыруар ақша-алым енгізіп тұруға міндеттелмек. Өз кезегінде Ұлттық экономика ми­нистрлігі ірі кәсіпорындардан көбірек салық «сауып», бюджетті толтыру жол­дарын қарастыруда. Президент тапсырма­сына орай ведомство Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровтың ұжымы бүгінде аталған құжатты ары қарай пысықтауда. Дегенмен министрліктің алдын ала жария­лаған талдауына жүгінсек, Қ.Тоқаевтың сынынан кейін салық ауқымы жүздеген миллиард теңгеге артатыны белгілі болды. Экономика министрлігінің дерегінше, 2020 жылдың соңынан бері және 2021 жыл бойы мыс, алюминий және басқа да негізгі металдар бағасы күрт қымбаттапты. Жалпы, соңғы 5-6 жылда бағаның серпінді өсу үрдісі сақталуда. Нәтижесінде, шикізат өндірушілердің кірісі еселеп артты. Алайда бұдан бюджетке қайтарым шамалы. Неге? «Себебі пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі өзгерген жоқ. Осыған байланысты тау-кен секторына салынатын салық жүктемесі қайта қарауды талап етеді. Шикізат бағасы жоғарылаға­нымен, оның бюджетке қаржылық қай­тары­мы өспеді. Президент Мәжілістің 11 қаңтардағы отырысында шикізат бағасы­ның көтерілуі аясында тау-кен секторы кәсіпорындарының кірістері өскенін атап өтіп, бюджетке қосымша түсімдер мәсе­лесін пысықтауды тапсырды. Бюджетке түсімдердің қосымша көздері ретінде барлық қатты пайдалы қазбалар бойынша ПҚӨС ставкасын ұлғайту ұсынылады», – делінген талдауда. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2021 жылы республикалық бюджетке ПҚӨС-тен 450 миллиард теңге түсім түсіпті. Бұл салық өссе, осы сома 300 миллиард теңгеге қосымша артады. Яғни, ПҚӨС жалпы сомасы 750 миллиардқа жетпек. Тиісінше, мұндай норма күшіне енген соң, 5 жыл ішінде бюджетке қосым­ша 1,5 триллион теңге құйылуға тиіс. Тіпті, Ресейдің өзінде қатты қазба байлықтарын өндіретін олигархтар бюджетке көбірек, біздегіден екі еседей артық салық төлейді. Мысалы, Қазақстан марганец бойынша – 2,5 пайыз ғана ПҚӨС салығын алады, Ресейде – 4,8 пайыз; темір кенi (концентрат) бойынша Қазақстанда – 2,8 пайыз, РФ-да – 4,8 пайыз, мыс бойынша тиісінше 5,7 пайыз және 8 пайыз; алтын, күміс, платина, палладий бойынша бізде – 5 пайыз, көршіде – 6-6,5 пайыз. Дегенмен кейбір металл түріне ең аз салық алу жөнінен Қазақстан әлемдік рекорд орнатқанға ұқсайды. Мысалы, алюминий бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы бар-жоғы 0,25 пайыз (Ресейде 8 пайыз), қалайы 3 пайыз (РФ-да 8 пайыз). Оның үстіне, бүгінде Ресей пайдалы қазбаларды өндірушілерден жиналатын салық жүк­темесін арттыруды қарастыруда.

Жалған мәміле салықтан жалтаруға жақсы

Салық кодексін өзгертетін заң жоба­сын пысықтау барысында Экономика министрлігінің өзге де қайнар-көздерді та­буына мүмкіндігі мол. Президент Мәжі­лістегі сөзінде бюджетті толтырудың тағы бір тәсілін көрсетті: оның айтуынша, же­келеген қаржы-өнеркәсіптік топтардың жалған мәмілелер жасасу арқылы капи­талын шетелге шығару қаупі бар. «Салдарынан Қазақстанда тапқан ақшасын олар ел экономикасына қайта инвестицияламайды. Осыған байланысты аталған тәуекелді азайту мақсатында бі­рыңғай ставкасын бекіте отырып, диви­дендтерді салық салудан босату бойын­ша жеңілдіктерді алып тастау ұсыныла­ды», – делінген министрліктің талдауында. Алпауыттар салықтан жалтарудың келесі бір схемасын пайдаланады: заң­намада үлестес-аффилирленген кәсіп­орынның материалдық емес қызметтері бойынша салықтан шегерімдер жасауға рұқсат етілген және оның көлеміне шектеу қойылмаған. Салдарынан олигополия өздеріне бағынышты фирмалар құрады да, мысалы олардан қағаз жүзінде өте қымбат заңгерлік кеңес-консультациялар, эко­номикалық болжам және басқасын «сатып алады», ал шынында ол қаражат шетелге әкетіледі. «Салықтық бақылау барысында анық­талғандай, ірі салық төлеушілер салықтық жүктемені төмендету мақсатында өздері­нің үлестес компанияларынан қызметтерді белсенді түрде сатып алады. Ондай қыз­меттер компанияға іс жүзінде құрылымдық тұрғыдан қажет болмағандықтан, мұндай мәмілелерде салықтан жалтару белгілері байқалады. Капиталдың осы қызметтерді сатып алу арқылы ағып кетуін болдырмау үшін материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеу қажет», – деген пікірде Экономика министрлігі. Осылайша, дивидендтер бойынша жеңілдіктерді, сондай-ақ сыбайлас фир­малар көрсеткен материалдық емес қыз­меттер бойынша шығыстар шегерімін шек­тесе, осының өзі бір жыл ішінде бюд­жет­ке шамамен 150 млрд теңге қо­сымша түсім түсірмек. Одан кейінгі жылдары түсім 300 миллиардқа дейін артпақ. Бұл тетік іске қосылса, одан 5 жыл ішінде бюджетке 1 трлн 350 млн теңге салық құйылуы мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, 90-жылдардан бері алпауыттар Қазақстан­нан оффшорларға 140 миллиард доллар капиталды шығарып әкеткен. Тәуел­сіздіктің 30 жылдығында елге 370 млрд доллар инвестиция құйылған. Оның жартысы шетелге кері әкетілуі ғажап емес. Егер Үкімет батылдық танытса, салық саласын ретке келтірсе, алпауыттарды негіз­сіз берілген артықшылық-преферен­циялардан, жеңілдіктерден айырса, тым төмен салық ставкаларын екі есе арттырса, онда бюджетті қосымша триллиондар тасқынына кенелтері сөзсіз.