Заман өзгерген сайын адамның сұранысы да құбылып отырады. Сол секілді мамандықтар да өзгеріп жатыр. Бірі жойылып, енді бірі жаңадан пайда болды. Мәселен, индустриялық бағдарламаны жүзеге асыра бастаған тұста елімізде инженерлер ең құрметті мамандық саналған. Қаржы дағдарысына дейін мұнайдың бағасы жоғары болған кезде мұнай-газ саласы мен жалпы экономикаға, бизнеске бет бұрғандар көбейді. Енді индустриялық-инновациялық бағдарламалар жайлаған тұста технологияның тілін меңгергендерге зәру болдық. Бірақ бұл саладағы білікті мамандарымыз көп пе, жастарды қай бағытта оқытқан жөн?
Келешек қай салаға мұқтаж?
Еңбек нарығын зерттеуші сарапшылар Қазақстанда соңғы жылдары қашықтан басқаратын техникалық оператор, жалпы ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласының мамандарына сұраныс артқанын айтып жүр. Қазір жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің технологиясы мен оны құрастыру, тау-кен ісі, прибор жасау, жылу энергетикасы саласының мамандарына қажеттілік күн санап артып барады. Мысалы, кейінгі 2 жылда IT мамандарға сұраныс екі есе артқан. Соған қарамастан еңбек нарығында кадр тапшылығы бар. Дипломын алған түлектердің бірі жоғары жалақыға қызығып шетел асса, енді бірі басқа кәсіпке бет бұрған. Яғни, елімізде келешекте технологиялық мамандықтарға сұраныс еселене түспек. Сөзіміз дәйексіз болмасын, мәселен 2019 жылы Қазақстанда болашақта ең сұранысқа ие болатын 100 мамандықтың тізімі жасалды. Тізімді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік бағдарламалар мен кадрлық қажеттілікті болжау негізінде жасаған. Сондағы 100 мамандықтың 57-сі тікелей технологиялық салаға қатысты. Ал BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек қазір өнеркәсіп орындары, өндірістік ұйымдар не зауыттарда білікті техникалық жұмысшылар, білікті жұмыс күші сұранысқа ие болып отырғанын айтады. 2020 жылы бастаған «Жаңа мамандықтар атласы» деген үлкен жобада осы күнге дейін туризм, тау-кен, мұнай-газ, энергетика, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс секілді 9 басым сала бар. Сарапшы педагогтер мен дәрігерлерге қалай сұраныс болса, технологиялық мамандықтар да қалыс қалмайтынын алға тартады. EduNavigator жобасының жетекшісі Ғизат Маханов та технологиялық салаларға сұраныс артқанын растап отыр.
– Елімізде технарлар көбейгені даусыз. Соңғы 5-10 жылдықта диджитализация жақсы дамыды. Бұрынғы мен қазіргінің айырмасы жер мен көктей. Яғни, күнделікті қажеттіліктің бәрінде, банк қызметі, құжаттарды онлайн рәсімдеу, білім алу, такси шақыру, тапсырыс беру секілді дүниелер айтарлықтай жеңілдеді. Бұл – бір жағы. Қазір көлік құрастыру тәрізді салалар да дамып жатыр. Онда да мамандарға сұраныс көп. Ауыл шаруашылығын алып қарасақ, ол жерге де биотехнология, химия мамандары қажет. Қазақстанда 1990-2000 жылдары гуманитарлық мамандықтарға сұраныс өте көп болған. Енді өндірістің қарқын алуына байланысты технарлар алға шықты. Қарапайым бір мысал, ерекше, терең ғылымды қажет ететін ғимараттар салуда архитекторлар тапшы. Амалсыз шетелден әкеледі. Жалпы, Қазақстан технологиялық дамуын бағалар болсақ, әлемде ең алдыңғы қатарда болмаса да, соңында емес. Биология, химия, өндіріс салалары да алға ілгерілеп келеді. Әйтеуір бір орында тұрмағанымыз анық, – деді сарапшы.
Таяуда Білім және ғылым министрлігі 2022 жылы техникалық мамандықтарға грант саны артатынын хабарлады. Осы күнге дейін шамамен жыл сайын 60 мыңға жуық гранттың 40 пайызы техникалық мамандықтарға бейімделген болатын. Енді техникалық мамандықтар үлесі 60 пайызға жетеді. Ведомство мәліметінше, 2025 жылға қарай жастар толығымен сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алуға ниетті екен. Енді педагогика, IT және техникалық бағыттағы білім салаларына грант көбірек бөлінеді.
Мамандық бойынша жұмыс табыла ма?
Кейде өз саласы бойынша білім алып, оқуды аяқтаған соң басқа салада қызмет етіп не жеке кәсіпке ден қоятындар кездеседі. Яғни, жүздеген грант бөліп, жастар оқыған кейбір мамандық шындығында еңбек нарығында сұранысы жоқ, елеусіз сала болуы мүмкін. Бұндайда кез келген жоғары оқу орны еңбек нарығын болжап, сараптап отырғаны абзал. Қандай өзгерістер болып жатқанын, білім алған шәкірттер кейін жұмыссыз қалмауын ескергені жөн. Оқу бағдарламалары сұранысқа сай дайындалуы тиіс. Бірақ елімізде көп оқу орны бұл іспен ден қойып, айналыспайтын тәрізді. Мәселен, биыл еліміздегі білім беру гранттарының бөлінуіне қарасақ, 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бағытталған. ІТ саласына – 7 487, жаратылыстану ғылымдарына – 4 088, ауыл шаруашылығы ғылымдарына 1 895 орын бар. Бәрінде техникалық мамандық бар. Бірақ жыл сайын даярланатын осыншама технардың бәрі бірдей өз саласында жұмыс істеп жүр ме? Көпшілік мұндайда «Биотехнология» мамандығын жиі айтады. Себебі оқуды аяқтаған соң жастар осы салаға қатысты жұмыс таба алмай, басқа салаға кетіп немесе биология пәнінің мұғалімі болып кетеді екен. Айгерім Оразбаева 2016-2020 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Биотехнология» мамандығы бойынша білім алған. Дегенмен «мамандыққа сұраныс жоқ, мүлде жұмыс табылмайды» деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.
– Бұл мамандыққа оқуға түсетіндер көп. Бір курста 4 топ болдық, оның 3-еуі қазақ тобы. Әрқайсысында 20-23 студент болды. Бірақ оқуды бітіргенге дейін студенттер 2 есеге жуық азайып қалды. Бұл салада жұмыс жоқ деп айта алмаймын. Мысалы, бакалавр кезінде қатарластарым қан орталығы секілді жерлерде жұмыс істеді. Өз басым жұмыс қарастырған жоқпын, себебі оқуды жалғастырғым келді. Меніңше, елорда мен Алматы сияқты үлкен қалаларда бұл мамандық бойынша жұмыс табылады, мәселе аймақтарда болуы керек. Бакалаврды тәмамдаған соң қатарластарымның ешқайсысы мұғалім болып кеткен жоқ. Кейбірі сала бойынша жұмыс тапты, енді бірі басқа салаға ауысты, – дейді ол.
Биотехнология саласына бөлінетін грант та аз емес. Мәселен, былтыр осы мамандыққа 650 мемлекеттік білім гранты қаралған. Негізі өте қажет мамандық, вирусология, ауыл шаруашылығы секілді салаларға таптырмайды. Алайда оларға жұмыс тауып беретін кәсіпорындар шектеулі сынды. Демек, қажет мамандарды дайындаймыз, қолайлы орта жасап бере алмаймыз.
Ресейдің технологиялық білімі бізге қажет пе?
Айтпақшы, жақында ғана осы техникалық білім беруге қатысты мәселе шыққанын білеміз. Сұранысты ескеріп, Ресейдің жетекші техникалық университеттері «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытатын жоғары оқу орындарының тізіміне енбек. Кейін бұл тақырып біраз талқыланып, түрлі пікір айтылғанын білеміз. Себебі «Ресейдің жоғары оқу орындарында жастарды оқытудың қажеті жоқ» деп санайтындар көп. Әрине, бұл пікірді құптар ниетіміз жоқ, алайда 2020 жылы 70 мың ғалым Ресейден шетелдерге көшкен. Яғни, көршіміз ғылымға аса бір қолайлы орта жасай алмаса керек. Әлемнің ең үздік 200 оқу орнының қатарына тек М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (194-орын) ғана енген.
Техникалық білім беру деген тек мыңдап технар дайындау емес. Экономикаға қажет мамандарды дайындап, технологиялық процестерді түсінетін ұрпақты, буынды қалыптастыру. Соған лайық жас буын қалыптасқанда ғана технократтық философияның немесе тәрбиенің нәтижесі болары хақ. Мысалы, мектептер барлық соңғы үлгідегі техникамен, құрал-жабдықтармен жабдықталған болуы тиіс. Бірақ біздегі жағдай ондай емес. Зертханалар тек теориялық біліммен шектеледі, тәжірибелік білім беруі аз. Әйтпесе еңбек нарығындағы сұранысты өзіміз қамтамасыз ете алмай жүрмейік.