БАЛАБАҚШАДАҒЫ ЭЛЕКТР ЖЫЛЫТҚЫШТАР ҚАУІПТІ
Есесіне «Ақ бота» балабақшасының тәрбиеленушілері жақ жүндері үрпиіп, тоңып жүр. Ата-аналар білім ошағының суықтығына шағымдануда. «Ақ бота» балабақшасындағы температуралық режим туралы мәселе көтеретін кез келді. Әр топта қос-қостан электр жылытқыштары жұмыс істеп тұр. Әр жылу беру маусымы сайын қайталанатын жағдай осы. Бұл қауіпсіздік шараларына сай емес. Жыл сайын жаз болса балабақша жөндеу жұмыстарына бір айға жабылады. Алайда неге екені белгісіз, топтар жылытылмайды. Балабақша басшылығы да, қалалық білім бөліміндегілер де жағдайдан хабардар, алайда ешқандай шара қолданып отырған жоқ. Балалар тоңатындарын айтып келеді. Суықтың салдарынан бүлдіршіндер жиі ауырады. Әр топта балалардың жартысы да жиналмайды», – дейді баласы осы балабақшаға баратын петропавлдық тұрғын. Өкінішке қарай, ол кейін тәрбиешілер жазаға ұшырамасын деген ниетпен, атын атағысы келмеді. Ол балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде қабырғаларын жылыту немесе жылытылған еден орнату туралы ұсыныс жасады. Себебі баласы бәрінен де аяғы қатты тоңатын айтып шағымданады екен. Балалар ұйықтаған кезде де электр жылытқыштары сөндірілмейді. Бұл қауіпсіз емес. Бүлдіршіндер қалың киініп жүруге мәжбүр. Облыстық Білім басқармасының басшысы Назыр Жәшібеков бұл мәселе қарастырылып жатыр дегеннен ары аспады. Ал қалалық білім бөлімі «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-да болған апаттарға байланысты шынымен де жылу мөлшерден аз берілгенін мойындады. 2021 жылы жүргізілген энергоаудитке сәйкес биыл жазда балабақшаның есік-терезелері қымталатынын жеткізді. Ауруханалардағы да жағдай аса мәз емес. Жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханада жатқан науқастың бірі жуырда әлеуметтік желілерде терезелердің көрпемен қымталған суретін жариялап, бөлімшенің суық екенін жазды.КӘСІПОРЫН ЖАБДЫҒЫ ҚАУСАП ТҰР
Электр жылытқыш демекші, биылғы қыс петропавлдықтардың дені соның көмегімен жылынуға мәжбүр. Жылу-электр стансасы қайта-қайта істен шығуда. Айдың соңында «екі жеп, биге шығатын» да – осы кәсіпорын. Себебі тұтынушылар жылу үшін де, электр жарығы үшін де еселенген төлемақы төлеуге мәжбүр. «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамының құрал-жабдығы әбден ескірген. №2 жылу-электр орталығының директоры Ержан Қоңырбаев кәсіпорынның құрал-жабдығы қаусап тұрғанын мойындады. Оның айтуынша, стансаның қазандық агрегаттары 75 пайызға тозған. Қайта-қайта істен шыға беретін қазандықтары үнемі жөндеу үшін тоқтатылады. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз хатшысы Лилия Шеринаның айтуынша, күз-қыс мезгілінде қаланы жылумен толыққанды қамтамасыз ету үшін 8 қазандық ұдайы жұмыс істеп тұруы керек. Бірақ биыл апат кезінде солардың бесеуі ғана іске қосулы болды. Жуырда тағы бірнеше қазандық жөнделеді. Құрылғанына былтыр 60 жыл болған жылу-электр стансасының бекітілген қуаттылығы электр энергиясы бойынша – 541 МВт, жылу энергиясы бойынша – 713 Гкал/сағ. Кәсіпорын басшылығы инвестициялық бағдарлама аясында құрал-жабдықтың біразы жаңартылғанын айтты. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, былтыр жылу-электр стансасын жөндеп, қайта жаңғыртуға 3,7 миллиард теңге бағытталыпты. Бұл қаржыға 12 қазандық пен 7 турбоагрегат жөнделіпті. Солардың арасында биыл бірнеше рет істен шыққан №1, 5, 6, 7, 9, 12 қазандықтар да бар. Айта кету керек, №5, 7 қазандықтарды күрделі жөндеуге қыруар қаржы жұмсалған. Бірақ солардың өзі жарамсыз болып, қазір неліктен қайтадан жөнделіп жатыр деген сұрақ туындайды.ИНВЕСТИЦИЯ ЖҰМСАЛҒАНЫ РАС ПА?
Кәсіпорын басшылығы әбден тозғандықтан ілдәлдалап тұрған құрал-жабдық та бар екенін жоққа шығармайды. Соның салдарынан кәсіпорынның қаншама жұмысшысы зардап шекті, көз жұмғандар да бар. Күні кеше апат салдарынан тағы бір жұмысшы көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Бақыт Ілиясовтың айтуынша, энергетиктер биыл кәсіпорынды жөндеу, қайта жаңғырту және жаңартуға 9,5 миллиард теңге жұмсамақ. Бұл қаржы да құрдымға кетіп, жөнделген қазандықтар ертең сынып қалмасына кім кепіл? Қызылжарлықтардың бағына қарай, биылғы қыс аса қытымыр емес, жайлы болып тұр. Әйтпеген күнде 90-жылдардағыдай қабырғаларына мұз қатар ма еді, қайтер еді? Қазір пәтерлер қоңыр салқын. Көпшіліктің бұған бойы үйреніп те алды. «Апат болған кезде салқын пәтерлерде отырдық. Электр жылытқыштарын қосуға мәжбүр болдық. Ертең электр жарығы үшін еселенген төлемақы төлейміз. Монополистің ұпайы түгел. «Жапалақты таспен ұрса да, жапалақ өледі. Жапалақпен тасты ұрса да, жапалақ өледі» дегеннің кері. Зардап шегіп отырған – қарапайым тұтынушылар. Неліктен жылу үшін қайта есептеу жүргізбеске?» деген пікірін білдірді қала тұрғыны Торғын Қажымұратқызы. Есесіне қалада құрылыс қарқыны да ұлғая түсті. Жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерге жылу-электр стансасының қуаты жетеді дегенге тұрғындардың күмәні бар. «Жылу және электр желілерінің қуатына қатысты мәселені бас жоспар бекітілген соң қарастыру керек. Бұл мәселені тиісінше зерттеп-зерделеп, қуаттылықты арттыруды немесе жаңа станса салуды ойластыру қажет. Бұл жұмысты атқаратын боламыз», – деп сендірді облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев. «№2 жылу-электр орталығында апат болғанын, электр жарығы мен жылу беруде іркілістер болғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар биыл қаржыландыру екі есеге артқанын да байқадық. Ендеше алдағы уақытта мұндай кемшіліктер болмайды деген үміт бар», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Лайым солай болғанын қалайтын петропавлдықтар да осы болжамға сенгісі келеді.Солтүстік Қазақстан облысы