Қарағанды облысындағы басты мәселенің бірі – көк түтін. Қарағанды қаласында өткен аптада қою қара түтін қаптады. Анығында, тұрғындар түтінге тұншыққандарын айтып, тиісті мекемеге шағымданған еді. Жұма күні Қарағанды облыстық Экология департаменті қаладағы бірнеше ауданда болып, мониторинг жүргізген болатын. Иә, қалада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар барын «Қазгидромет» мекемесі де растаған. Ауаның ластану себебінің анық-қанығын білу үшін дәл осы мекеме сынама алған. Экологтер тексеріс нәтижесінде Михайловка, Оңтүстік-Шығыс және қала орталығында көміртегі оксидінің шамадан тыс артық мөлшерін анықтады. – Пештен шыққан түтінді атмосферада таралмайды деп қорытынды жасауға болады. Сондай-ақ қаламызда көлік қозғалысы көп. Солардың түтіндері жер бетіне шоғырланып қалады. Мұны өлшемдер растайды. Өйткені күйе мен көміртегі (СО) оксиді көмірді, органикалық отынды жағу кезінде пайда болады, – дейді облыстық Экология департаментінің бас маманы Римма Рахымбекова. Сондай-ақ Экология департаментінің өкілдері Теміртауда зиянды заттардың артық мөлшерін анықтаған жоқ. Ал әсілінде төбесі түтіннен арылмайтын металлургтер қаласы елдегі ауасы лас қалалардың қатарында. Жылжымалы зертхана қаладағы біраз аймақты аралаған соң, Теміртауға барып, Фурманов көшесіндегі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меткомбинатының жанына аялдап, ауаны зерттеді. «Аспаптық өлшеулерді санитарлық қорғау аймағында, сондай-ақ атмосфералық ауаны өлшедік. Алдын ала мәліметтер бойынша, Теміртау қаласындағы барлық ластаушы заттар норма шегінде тұр. Ауадағы заттардың деңгейін «Газоанализатор ГАНК-4» деп аталатын арнайы препаратпен анықтадық. Ауаны 16 позиция бойынша зерттедік. Аммиак, шаң және тағы басқа да көрсеткіштер бойынша алынды», – дейді эколог Римма Рахымбекова. Экологтер мұндай жұмыстардың әлі де жалғасатынын, экологиялық ахуалға бақылаудың күшейтілгенін айтады.
Газ бағасы арзан болғанымен, орнатуы қымбат
Қарағанды және Теміртау, Жезқазған қалаларында тұрғын үйлер «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының арқасында «көгілдір отынға» қосылды. Осы үш қаланың 3 мың үйіне газ жеткізілді. Тариф те бекітілді. Бірақ газ жеткізілгенімен қосылатындардың саны аз. Өйткені үйіне газ орнату үшін 800 мың теңге көлемінде қаражат керек. Мұндай қомақты қаржы әркімде бола бермесі анық. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевтың айтуынша, қазір облыста 125 шақырым газ құбыры тартылған екен. Тығырықтан шығу жолын атаған Талғат Қызылбаев «алдағы уақытта банктермен бірлесе отырып, тұрғындардың үйіне газ енгізудің қаржылық мәселесін шешу келісіліп жатыр» дейді. Ал алдағы уақытта өңірдегі ірі кәсіпорындарды да біртіндеп газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Теміртаудағы алып метал-лургиялық комбинат жарқын болашақта газға көшеді. Бұл ауаға жіберілетін зиянды қалдықтардың көлемін отыз пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.Ластаушы заттардың шығарындысы – 585 мың тонна
Мамандар ауаның ластануын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, жеке тұрғын секторының шығарындылары, автокөлік пен қоқыс полигондарымен байланыстырады. Қарағанды облысының қалаларында ластаушы заттар шығарындыларының негізгі үлесі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан келеді. Облыстық Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, атмосфераға ластаушы заттардың нақты шығарындылары 585 мың тонна болған. Мемлекеттік органдар жергілікті жұртшылықпен бірлесіп, Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Аталған жобамен 57 іс-шара бекітілген, сондай-ақ атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын экологиялық тиімділікпен 86 152,5 тоннаға төмендету бойынша 25 іс-шараны жүзеге асыруды көздеп отыр. Облыстың экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған Жол картасында ауаға шығарындыларды азайту, экологиялық мониторингті күшейтуге басымдық берілген. «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында қазандық және газ тазалау жабдығын қайта жаңарту, әк күйдіру цехын Теміртау қаласынан тыс шығару және Жезқазған қаласында «Қазақмыс» кәсіпорнының жаңа күкірт қышқылы цехын салу жоспарланған. Бұл шаралар қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.Экологтер «үш қалаға ғана мән берген» дейді
Жол картасында облыстың тек үш қаласының ахуалына ғана мән берілген. Мәселен, бүгінгі таңда Абай, Қарағанды, Қаражал, Қарқаралы, Приозерск, Саран, Сәтпаев, Шахтинск қалаларының да экологиялық мәселелері аз емес. Өңірдегі ірі көмір шахталары мен зауыттар аталған қалаларда орналасқан. Алайда өңірдің бұл өндірістік қалалары мен елді мекендері Жол картасына кірмей қалған. «Негізгі шығарындылар Теміртаудың өнеркәсіптік нысандарымен шығарылып отыр. Тек қана «Арселор Миттал Теміртау» АҚ шығарындылардың 87,7 пайызы тиесілі. Неге жол картасына тек Жезқазған, Балқаш, Теміртау қалалары ғана енді, бұл мәселе көптеген қоғам белсенділерін толғандырады. Өйткені Қарағандыдан басқа, облыстың басқа қалалары да, ауа сапасына қатысты жағдайды өзгертуді талап етеді», – деді эколог Ирина Игнатович. Әрине, әр қаланың ауасының тазалығы денсаулықты да жақсартады. Былтыр келген газға халықтың аз қосылуы, қыстық отынды алып қоюында деп түсіндірді мамандар. Алдағы жылы қалай болатынын уақыт көрсетеді...Қарағанды облысы