Жыр болған «Көкжайлау» Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтарылады
Жыр болған «Көкжайлау» Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтарылады
©Павел Михеев
431
оқылды

Алматыдан 12 шақырым жердегі Алатаудың баурайындағы Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасының төңірегіндегі дау сонау 2002 жылы басталған.

2014 жылы Іле-Алатау ұлттық паркіне қарасты осы жер телімі Алматы қаласы Медеу ауданының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатынан босалқы жерлер санатына ауыстырылғаны туралы Үкімет қаулысы шықты. Бұл қадам Көкжайлау шатқалындағы тау шаңғысы курортын салу үшін жасалды. Кәсіби экологтар мен түрлі қоғам белсенділерінің бірнеше мәрте қарсылығына тап болған жоба уақытша тоқтатылып, 2017 жылы қайта жаңғырған. [caption id="attachment_183120" align="alignnone" width="1200"]Көкжайлау ©Павел Михеев[/caption] Артынан 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту туралы кеңесте көптен бері қоғамда қызу пікірталас тудырып келген «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салуға тыйым салған болатын. Президент өз сөзінде, «Осы мәселені қайта-қайта қозғай бермес үшін мен бұл жобамен айналысуға түбегейлі тыйым саламын. Оның үстіне бұл жобаға барлық кәсіби экологтар қарсы болып отыр», – деген-тін. Президенттің бұл шешімі сол кезде БҰҰ тарапынан да қолдау тапқан еді. Экологтардан бөлек , білгір экономистердің өзі бұл курорттық жоба экономикалық тұрғыдан да тиімсіз екенін алға тартқан. Олар, Алматы маңында қазір алты бірдей тау шаңғысы курорты бар екенін айта келе, соның бірнешеуі бүгінде қыл үстінде тұрғанын жеткізген. Яғни банкрот болудың алдында тұр. Оған себеп, мұнда келушілердің саны жоспарланған меженің небәрі 25-30 пайызын ғана құрайды. Оның өзінде сенбі және жексенбі күндері. Мұның маусымдық кәсіп екенін ескерсек жағдай тіпті мүшкіл. Оған нақты екі себеп бар. Алғашқысы, елімізде демалыстың бұл түріне қызығатындардың қатары тым аз. Екінші негізгі себеп, ондағы қызмет көрсету құны қарапайым халық үшін өте қымбат деген уәждерін айтқан. [caption id="attachment_183121" align="alignnone" width="1200"]Көкжайлау ©Павел Михеев[/caption] Осындай бірқатар дәлелді шешімдерден кейін 2021 жылдың қазан айында Көкжайлау шатқалында орналасқан 1002,0 гектар жер учаскесін, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркіне қайтару мәселесін қарастыру жөніндегі комиссия құрылған болатын. Күні кеше аталған комиссия мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қатарына қайтаруды заңды деп тапты. Бұл туралы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркінің өкілдері мәлімдеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы қашан дайын болатындығы туралы әлі айтылған жоқ. Айта кетейік, Президенттің жоғарыдағы тыйым салу туралы тапсырмасынан кейін, 2020 жылдың қыркүйегінде Көкжайлау аумағындағы жерлерді Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтару тәртібін жеңілдету мақсатында «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер енгізілді.