Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері мас күйінде бір-бірімен ерегесті делінген видеоға қатысты қала әкімдігі ресми жауап берді.
Қала әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатованың айтуынша, бұл ескі видео екен. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев әріптесімен емес шаһарда құрылыс жүргізген мердігер компанияның өкілімен сөзге келіп қалған көрінеді. – Әлеуметтік желіде тараған видеодағы жағдай 2021 жылдың 27 қарашасында жұмыстан тыс уақытта болған. Қалаға алғаш қар түскен кезде «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің базасында штаб құрылып, сонда қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев бастаған жауапты мамандар түнімен жұмыс істеген. Осы жерде «ЕрК Астана» ЖШС-ның өкілімен түсінбеушілік туындаған. Ал қала әкімінің кеңесшісі Нұрбол Қожықов ерегесті ажыратып, Асхат Есеналиевті алып кетпек болған. Нұрбол Қожықов әлеуметтік желіде видео тарағаннан кейін жұмыстан кетті деген шындыққа жанаспайды. Ол биыл 31 қаңтар күні отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан өз еркімен босатылған. Естеріңізде болса, өткен жылы қалада 162 аула жөндеуден өткен болатын. Соның басым бөлігіне «ЕрК Астана» ЖШС жауапты болған. Алайда мердігердің сапасыз жұмысына қатысты айтылған сын көп болды. Қала әкімдігімен сотқа дейінгі тергеуде жүргізілді. Асхат Есеналиев 2020 жылдың 26 сәуірінен бастап қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Видеодағы жағдай оның қызметіне қаншалықты әсер ететіндігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің тексерісінен кейін белгілі болады, – деді қала әкімінің кеңесшісі.Желіде желдей есіп, тұрғындарды шулатқан видеоға қатысты ресми жауап осы болды. Ал қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиевтың әрекеті Әдеп кодексі талаптарын бұзу болып табыла ма? Мемлекеттік қызмет істері департаментінің тексерісінен кейін белгілі болмақ.
Жамбыл облысы