Тағы бір кәсіпорын көлді ластай бастады
Тағы бір кәсіпорын көлді ластай бастады
686
оқылды
Көлемі жағынан әлемде 13-орында тұрған Балқаш көлінің жағдайы жыл сайын нашарлап барады. Мамандар оның ластану деңгейі артып, табаны батпақтанып, айдыны зауыт қалдықтарымен уланғанын айтады. Жақында тағы шу шықты. Бұл жолы «Балқаш қаласының кәріз суы көлге құйылып жатыр» деп тұрғындар дабыл қақты.

Тұрғындар шағым айтты

Қазір лас су басқан жерді эко­логтер тексеруге кіріскен. Балқаш қаласының кәріз суы жиналатын жер Шашубай кентінің маңында орналасқан. Тұрғындар лас су құйылатын шұңқырдың арнасы­нан асқанын осыдан бірнеше күн бұ­рын айтыпты. Алайда қозғалған жан болмаған. Қазір далаға жайыл­ған кәріз суы Балқаш көліне жет­кен. Ақтоғай ауданы әкімдігінің өкілдері осы жерге барып, мәсе­ленің анық-қанығына көз жеткізді. Аталған ау­мақты экологтер тек­серіп, Бал­қаш қаласының кәріз жүйесіне ие­лік ететін «Балқаш Су» мекеме­сін жауапқа тартады деп сендіріп отыр. – Кәріз жүйесі туралы түскен бейнежазба бойынша комиссия құрылып, комиссияны өзім бас­тап, Тоқырауын полиция бас­шысы, коммуналдық салалармен бірігіп, тиісті орынға бардық. Ол жерде кәріз жүйесі ағып жатқаны анықталды. Біздің тарапымыздан Қарағанды Экологиялық депар­таментіне тиісті шара қолдануға хат жазылды, – деген еді бірер күн бұрын Шашубай кентінің әкімі Данияр Серіков. Кеше бұл жағдайдың қалай ше­шілгені туралы білейік деп Данияр Серіковке арнайы қоңы­рау шалдық. – Иә, Экология департа­мен­тінен арнайы мамандар келіп, судан сынама алып кетті. Алдымен қайдан келген су, оның құрамында не бар? Осыны анықтайды. Одан кейін Балқаш қаласындағы құзыр­лы орындарға жібереді. Бізге сосын нақты жауабы келеді. Енді соның нәтижесін күтіп отырмыз. Әзірге бұл туралы нақты айтарым осы, – деді кент әкімі.

Бұл – бірінші жағдай емес

2021 жылы да Шашубай кенті тұрғындарын экологиялық жағдай алаңдатқан болатын. Сол уақытта кент маңындағы бұрынғы «КазЗолото» кәсіпорны аумағында қорға­сын зауытын салу туралы шешім тұрғындарды дүрліктірген еді.Шашубай кентінің сол уақыттағы әкімі Даниал Исбеков қоғамдық резонанс тудырған кәріз жүйесі ертеректе «Балқашбалық» ЖШС-ның меншігіне өтіп кеткен деп айтқан болатын. Ал зауыт салуға бекінген алма­тылық кәсіпкер бос тұрған аумақты сатып алып, тиісті орындардан рұқсат қағаздарын да алып қойған. Экс-әкім Шашубай кентіне қарасты 7,5 шақырым көлемінде кәріз жүйесі бар екенін, сол үшін халық ақы төлеп отырғанын да айтқан. Қарызына байланысты станса электр көзінен ажыратыл­ғанда кәріз суы «Тұздыкөл» атанған көлге қарай ағады екен. Ал электр жүйесі «Ақтоғайэнерго» мекемесіне қарайды. «Казэнергоцентр» ЖШС төлем ақшасын жинап алушы мекеме ретінде қызмет етіп келеді. Тұрғындар электр желілеріне ешбір жөндеу жұмысы жүргізілмегенін айтқан еді. Содан бері біршама уақыт өтті. Бәрі дұрысталды дегенде тағы осындай дау туып тұр.

Ірі кәсіпорындар да зиянды қалдықтар ағызып жатыр

2021 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балқаш көлінің мырыш, никель, марганецпен ластана бастағанын хабарлаған еді. Бұған оның жаға­лауына жақын орналасқан тау-кен өндірісі кәсіпорындары ықпал етіп жатыр. Бертіс және Тораңғалық шығанақтары барынша көп ластан­ған. Нақтылап айтсақ, Балқаш көлі мен оның маңындағы аймақтардың экологиялық жүйесіне осындағы кәсіпорындар мен Сарышаған əәскери полигонын пайдаланудың техногендік қызметі де зиянын тигізді. ƏКөлдің солтүстік аймағын ластандырушы ең үлкен көз Балқаш кен-металлургия комбинаты. Комбинат зауыттары мен қосалқы өндірістік буындары ондаған жылдар бойы көлге ластанған, тазалан­баған ағын суын жіберіп келеді. Балқаш көлінің солтүстік жағалауы­ның ауасын БКМК көп жыл бойы өзінің күкіртті ангидридімен ластайды. Бұл қазір ғана туындап отырған мәселе емес. Ол Балқаш комбинатындағы ауаны қорғау жұмысының тиімсіз жүргізілуінің салдары. «Балқаш көлі жыл бойына тек Іле өзенімен ғана 23 мың тонна жеңіл органикалық заттармен, 8 мың тоннадай минералды азотпен, 5 мың тонна фтормен, 2 мың тонна темірмен, 1,5 мың тонна бормен, 0,7 мың тонна броммен, 70 тонна минералды фосформен, 60 тонна пропанамидпен, 3,4 тонна дихлоранилин сынды улы заттармен ластанады. Мұнымен қоса Балқаш көліне металлургия комбинаты су шығын­дыларын, улы заттардың қоспасын жіберуде», – деп дабыл қағады эко­логтер. Мәліметтерге қарасақ, өткен ғасырдың соңғы онжылдығының алғашқы жартысында комбинат төккен өндірістік қалдық көлемі жылына орта есеппен 280-320 мың тонна болған. Көл түбінде 76 тонна мыс, 68 тонна мырыш, 66 тонна қорғасын тұнбасы жатыр екен. Ал қазір мұнда қанша қалдық жи­нал­ғаны мен оның адамға қаншалықты зиян екенін экологтер тексеруі керек. Кеш болып қалмаса болғаны...

 Қарағанды облысы