Танымал вайнер Мейіржан Төребаев полицияға арыз жазды
Танымал вайнер Мейіржан Төребаев полицияға арыз жазды
Фото: dknews.kz
206
оқылды

Әлеуметтік желіде танымал вайнерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілініп отыр. Блогерлер Мейіржан Төребаев, Әзім Саидбаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды, – деп хабарлады КТК арнасы.

Алматы қаласы сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасынның айтуынша, Алматы қаласының тергеу сотының қаулысымен азаматтар Төребаев пен Шерниязовқа қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қанағаттандырылды.
«Кепіл сомасы – 1000 АЕК. Азамат Саидбаевқа қатысты сырттай қамауға алу өтініш хаты қанағаттандырылды. Үшінші азамат еліміздің аумағында емес. Қазақстан территориясына келген кезде оны қамауға алады», – деді.
Төрт ай бұрын 160 адамның екі миллиард теңгесін алдап қалтасына басты деген күдікпен «Мудараба капитал» компаниясының басшысы ұсталды. Бүгін күдіктілердің тізіміне енген үш вайнер Руслан Буркановпен бірге жарнама түсіріп, жұртты «қаржыны оп-оңай еселеп алыңдар» деп шақырған. Нақтырақ айтсақ, Astex.kz компаниясы халыққа мемлекеттік сатып алумен айналысып, әр азаматқа ай сайын салған ақшасының 20 пайызын төлеп отырамыз деп сендірген. Ортада делдал «Мудараба капитал» мекемесі болған. Былтыр салымшылар сан соғып қалған соң шу шығарған. Содан кейін қаржы пирамидасын ұйымдастырған Astex.kz компаниясының директоры Алмас Құрманғалиев те қамалды. Сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасып жатыр.
«Мен ештеңені ұйымдастырған да, ашқан да жоқпын. Компанияның қатысушысы әрі құрылтайшысы болдым. Бірақ өткен жылы шығып кеткенмін. Өйткені мен де салымшылармен бірге осы мекемеге ақша құйып, жәбірленуші ретінде полицияға арыз жаздым. Маған тағылған айып негізсіз. Адвокатым тиісті органдарға арыз жазды», – дейді Мейіржан Төребаев.

Бұған дейін Мейіржан Төребаевтың күдікті екенін жазған болатынбыз.