Уақыт сырғып өткенімен, Алматыдағы «Қаңтар оқиғасы» әлі де санаңды сарсытады. Сол бір алмағайып тұста бірінің өмірі қиылды, енді бірі туғанынан айырды. Осындай қысылтаяң уақытта елдегі полиция мен күзет фирмалары осалдық танытты. Оған дәлел, қару-жарақ дүкендерінен күні бұрын түскен дабылға полиция мен күзет агенттіктерінің әрекет етпеуі. «Терроршылар дүкендерді шабуылдамай тұрып, хабар берілген. Жағдайды білуге полиция да, күзетшілер де келмеді. Сол себепті де басқыншылар үш күн бойы қаланы емін-еркін шарлады» дейді «Қорамсақ» ассоциациясының атқарушы директоры Сергей Катнов.
«Қорамсақ» қауымдастығы – Қазақстан аумағы бойынша айналымда жүрген азаматтық және қызметтік қару саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдардың бірлестігі. Жалпы, елімізде қару-жарақ сататын 80-нен астам дүкен бар. Соның ішінде сегізі тоналды. Оның жетеуі – Алматыда, біреуі – Талдықорғанда.
Оның айтуынша, бүлікшілер тонаған дүкеннің көбінен қару-жарақ ала алмаған. Ал Талдықорғандағы дүкенге мүлдем кіре алмаған.
– Дүкендерден 1500-ға жуық қару тоналған. Бұл біздегі сатылымдағы қару-жарақтың азғантай ғана бөлігі. Бүлікшілер негізінен оқтарды алған. Онда да дүкен ішінде оқ бір жәшік қана болады. Ал қалған қару-жарақ пен оқтың жиынтығы бөлек қоймада сақталады. Дабыл белгісі басылғанда барлық есік-терезе бірден құлыпталады. Оны тіпті дабылды басқан адам да аша алмайды. Екіншіден, біздің қарулардан бірден оқ ату мүмкін емес. Содан болар, бүлікшілер көп қаруды бүлдіріп, ұрғылап тастаған. Сондықтан олар қару-жарақ дүкендерінің ішінде балық аулау, туризм бойынша қамтылған бөлімдерді тонаған. Бізде жауынгерлік қару-жарақ жоқ. Бүлікшілер оларды ҰҚК мен Полиция департаменттерінен тонап, қарулануы мүмкін. Оған қоса, сол кезде қару көшеде таратылды, – дейді ол.
Жалпы, дүкендерге келтірілген залалдың шығыны – 6,4 млрд теңге. Қауымдастық басшысының сөзінше, дер кезінде көмек келгенде мұндай шығын болмауы мүмкіндігін айтты.
– Президент төтенше жағдай жариялаған күні, 5 қаңтарда бүлікшілер Алматыдағы ешбір дүкенге тиіспеген еді. Үйге қайтып бара жатып, полицияның көліктері өртке оранғанын көріп, барлық дүкен қызметкерлеріне «барынша қорғаныңдар» деп хабарлама жібердім. Ол кезде интернет істеп тұрған. Олар бірден дүкендегі дабылды қосқан. Сөйтіп, қауіпсіздік шарасы қосылып, полиция мен күзет фирмаларына белгі берілді. Ондайда қауіпсіздік шарасы 4 сағаттай сақталады. Ал біздің дүкендерде екі тәулікке дейін қауіпсіздік сақталды. Сол аралықта бірде-бір жан келіп, хәлімізді білмеді. Полиция мен күзетке қайта хабарласып, келуін өтіндік. Оған да ешкім құлақ аспады. Сонда дүкендерді тексеру үшін көп күштің керегі де жоқ. Бір-екі адам дүкенге келіп, күзетін тексеріп, аспанға бір-екі рет атса, маңайға көп ешкім жоламас еді. Қалдаяқов көшесіндегі дүкенге ғана үш күзетші келген. Оның біреуі жансақтау бөлімінде, екеуі – ауруханада. Шыны керек, оларға қолдануға рұқсат берілген қарумен кешегі терроршыларға төтеп беру қиын. Өйткені бүлікшілер дүкенге толықтай қаруланған күйде келген. Автомат асынып, каска мен бронежилеттер киіп алған. Оның видео жазбасы бар. Сондықтан да күзет фирмаларының қызметкерлері ештеңе істей алмайтынын түсініп, дабылға жауап бермеген, – дейді Сергей Катнов.
Айтуынша, дүкен қызметкерлерінің арасында зардап шеккендері жоқ. Оның үстіне, дүкен сатушыларына қару пайдалануға тыйым салынған. Тіпті артында қару самсап тұрса да, қолына алмайтын талаптың барын жеткізді.
– Қару-жарақ дүкендерін тонап, шабуылға шығуы бірінші рет емес. Естеріңізде болса, 2011 жылы Тараздағы қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалып, салдарынан 8 адам қаза тапты. Осындай жағдай 2016 жылы Ақтөбеде болды. Ол кезде 16 адамнан айырылдық. Ал «Қаңтар оқиғасында» 200-ден астам адам көз жұмды. Міне, сол оқиғалар бізге сабақ болмады. Ондай жағдайда қару-жарақ сататын дүкендердің талаптарын қатайта бермей, тез әрекет ету жүйесін күшейту керек. Соның салдарынан осы жолы бүлікшілер қаланы емін-еркін шарлады. Үш тәулік бойы полиция тарапынан еш қозғалыс болмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бізге осыны өзгертіп, тез әрекет ету жүйесін қалыптастыру керек. Қорғаныс органдарының жұмысын күшейту қажет, – дейді ол.