«Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы партияның барлық өңірлік филиалдарымен кеңес өткізіп, таяу кезеңдегі жұмыстың басымдықтарын белгіледі.
Оның айтуынша, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру бойынша алға қойған міндеттерін сапалы әрі уақытылы орындау үшін барлық партиялық ресурстарды жұмылдыру қажет.
«Біз Мемлекет басшысы белгілеген реформаларды іске асыру мақсатында топтасуымыз қажет. Еліміз үшін осы күрделі кезеңде ауызбіршілік танытып, Президент жақтастарының негізі бола білуіміз керек деп санаймын. «Nur Otan» партиясы – мемлекеттілігіміздің институционалдық тірегі. Біз қоғамдағы барлық конструктивтік күштердің топтасуын қамтамасыз етіп, бар ресурстарды жұмылдыра отырып, қоғамдағы тұрақтылықтықты сақтауға үлкен үлес қоса аламыз. Елдің дамуы үшін ең маңыздысы – саяси тұрақтылық пен қоғамдағы келісім», - деді Асхат Оралов.
Ол «Nur Otan», ең алдымен, қарапайым мүшелердің, яғни, мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің, өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмысшыларының және қарапайым партияластардың мүдделерін қорғауға тиіс екенін атап өтті. «Nur Otan» партиясының басты мақсаты – халықпен жұмыс жүргізу, проблемаларын білу және оларды шешу үшін жағдай жасау, билік пен халықтың арасында конструктивтік қарым-қатынасты қамтамасыз ету.
«Бүгінде «Nur Otan»-ға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан біз өз жұмысымызды қайта қарауымыз керек. Барлық партиялық органдардың, партиялық фракцияның, қоғамдық кеңестердің, бастауыш партия ұйымдарының жұмыс тиімділігін арттыру қажет. Партияның бастамалары орталықта ғана емес, барлық жергілікті жерлерде көрініс табуы үшін партиялық құрылымдардың бүкіл мүмкіндіктерін жұмылдырған жөн. Әсіресе, бастауыш партия ұйымдарына басымдық беру керек. Біздің 4,5 мыңнан астам бастауыш партиялық ұйымымыз бар. Бұл – кез келген саяси партияның негізгі өзегі, оның нақты күші. «Nur Otan»-ға деген сенім дәл осы бастауыш ұйымдардан бастау алады. «Бастауыш ұйымдар» партиялықтардың пікір алысу, нақты проблемаларды шешу орнына айналуы тиіс. Белсенді емес, тиімсіз басшылардың орнына ашық жиналыстарда нақты беделі бар көшбасшылар сайлануы тиіс», - деді «Nur Otan»-ның Атқарушы хатшысы.
Сонымен қатар, Асхат Оралов «Jas Otan» жастар қанатының алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Оның айтуынша, жастарды партия айналасына біріктіру, нақты жұмыс істейтін «әлеуметтік лифтілер» құру маңызды.
«Бұл ретте «Jas Otan»-ға ерекше міндет жүктеледі. Ол формальды іс-шаралардан бас тартып, жастардың барлық санаттарымен жұмысты жаңа форматта жүргізуі қажет. «Jas Otan» белсенді жастар мен үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдыру орталығына айналуы тиіс. Бұл ұйымдаспаған және ауыл жастарына баса назар аудара отырып, күн сайынғы жүйелі атқарылатын жұмыс болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарға 500-ден астам адамнан тұратын Жас депутаттар корпусын тарту қажет», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Сондай-ақ, ол филиалдардағы жұмысқа азаматтық ұстанымы бар белсенді адамдар, ең алдымен Президенттік жастар кадрлық резервінің, праймериздің, облыстардың, қалалар мен аудандардың резервтік партиялық тізімдерінің қатысушылары тартылуы тиіс екенін атап өтті.
«Барлық сайлау алдындағы міндеттемелер толық көлемде орындалуы тиіс. Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Партияның одан әрі өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек», - деді. Әрбір елдімекен бойынша 2021 жылғы өңірлік сайлауалды бағдарламалардың іске асырылуына талдау жасап, орындалу сапасына ерекше назар аудара отырып, нәтижелерін барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялар отырыстарында қарау керек», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Сонымен қатар, ол азаматтардың өзекті мәселелеріне уақытылы ден қою, оларды тікелей эфирде талқылау тәжірибесін енгізу қажеттігіне назар аударды.
Оның пікірінше, мәслихаттардағы партия фракцияларының отырыстары азаматтармен күн тәртібін алдын ала талқылай отырып, ашық өткізілуі тиіс.
Атқарушы хатшы тағы бір міндет ретінде мәслихат депутаттарының сайлаушылармен есеп беру кездесулерін өткізуді тәжірибеге енгізуді және өзекті проблемалар бойынша, оның ішінде шалғай елді мекендерде көшпелі отырыстар ұйымдастыруды атады.
«Келесі аптадан бастап Мәжіліс депутаттары халықпен кездесу үшін өңірлерге шығады. Ең алдымен, кездесулердің ашықтығына баса назар аударған жөн, формализм болмауы қажет. Қабылдауға халық қалаулыларымен кездескісі келетіндердің барлығын жазу керек. Жалпы, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейту қажет. Өңірлер мен Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі сервистік модель аясында азаматтардан келіп түскеннен бастап түпкілікті шешім шыққанға дейінгі өтініштерге мониторинг жүргізуі тиіс», - деді Асхат Оралов.