Қаңтардағы қаралы оқиға әлеуметтік саладағы қат-қабат мәселелердің бетін ашты. Жұмыссыздық, қымбатшылық, әлеуметтік теңсіздік және басқа да түйіні тарқатылмаған түйткілдер. Қоғам «Жаңа Қазақстаннан» жаңа леп, ірі реформалар күтеді. Халықтың әлеуметтік жағдайы – мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан бұл сала қандай реформаларға мұқтаж деп, әлеуметтанушыларға хабарласқан едік. Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтанушы:
– Қоғам болғаннан кейін бір саланы ғана өзгертіп, қалғаны өздігінен басқарылады, өзгеріс болған салаға ілесіп кетеді деген түсінік дұрыс емес. Қоғам – үлкен жүйе. Егер әрқайсына бөлек-бөлек басқару реформалары қатар жүргізілсе, оның құрамдас бөліктері бір-бірімен үйлесіп, ілесе кетеді. Сондықтан әлеуметтік саладағы өзгерістер, алдымен экономикалық және саяси салалардағы өзгерістерге байланысты. Кей кезде тәуелді.
Халықты баспанамен қамту, қымбатшылық, жұмыссыздық, әлеуметтік, рухани, мәдени өмірін дамыту экономикалық қарым-қатынастарға байланысты. Бүгінде азаматтардың көңіл күйі, болашаққа бағыт-бағдар алып, жету жолы, тәлім-тәрбиесі саяси өміріміздің өзгерістеріне байланысты. Қоғам салалары бір-біріне тәуелді. Осындай жағдайда өзгерістер барлық салада біркелкі, бір уақытта басталуы керек.
Зерттеулерге сүйенсек, әлеуметтік тұрғыдан жиі көтерілетін мәселелерге жұмыссыздық, мемлекеттің материалдық көмегіне мұқтаж әлеуметтік топтардың жағдайының мүшкілдігі, баспана мен халықтың әлеуметтік-рухани дамуындағы кедергілер жатады. Бүгінде халық күнкөрістің қамымен ғана жүр. Қаржысын рухани баюға бағыттап, кемелденудің жаңа кезеңіне шығу деген жоқ.
Бірінші кезекте, халықты мемлекеттік қолдау, қорғау, ал аса маңыздысы – жұмыспен қамту. Отандастарымыз еңбек етіп, адал ақшамен тұрмысын түзеуі керек. Ал көпбалалы аналарды қолдау – күрделі мәселе. Көпбалалы болуды қолдап, демографиялық өсуді мемлекеттің негізгі мүддесі ретінде қарап, қаржылай көмектесетін мемлекеттер бар. Біз шетелдердің тәжірибесіне сүйеніп, «бізде неге олай емес?» деп шығамыз. Шын мәнінде, демографиялық ресурс – ең бастысы ресурс. Ақша, жер – екінші кезекте. Мемлекеттік тұрғыда демографиялық ресурсты арттырып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілеміз десек, «бірінші кезекте бала саны, соған қарай қаржы төленеді» деп ашық айтылу керек. Көпбалалы аналарды ынталандыру шаралары қамтылуы керек. Ондай болмаса, «мемлекет ешкімді қолдамайды, өзің үшін балалы боласың» деліну керек. Бірақ бізге екіншісі жарамайды. Кең-байтақ жердегі демографиялық тұрғыдан ең әлсіз елдердің қатарында болғанымыз бізге сын. Сондықтан көпбалалы аналарды мемлекеттік қолдау, бала санына байланысты үй мәселесі шешілуі тиіс.
Ілияс ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
DataSight зерттеу орталығының директоры,әлеуметтанушы:
– Біздің елге керегі – әлеуметтік әділдік. Оған қол жеткізудің бірден-бір жолы – ашықтықты қамтамасыз ету. Мәселен, елордадағы 4 аудан әкімшілігі аудан бюджетін халықпен санаса отырып, бекітеді. Бұл – шешім қабылдаудың ашықтығы және халықты соған қатыстырудың бірден-бір мысалы. Осы тәжірибені ауыл, аудандарға енгізу керек. Әкімдерді сол жергілікті халық сайлайтын дәрежеге жеткізу керек. Қазір ауыл әкімдерін жергілікті халық сайлау үрдісі басталған, енді соны жалғастыру керек. Екінші, әлеуметтік теңдік орнау үшін әкімшілік бөлшектердің көлемін қысқарту қажет. Мәселен, астана 4 ауданға бөлінген. Алматы ауданын алып қарасақ, «Хайвилл» тұрғын үйіндегілердің мұқтажы бір бөлек, 7-емхана жақтағы халықтың қажеттіліктері басқа. Астананы төрт емес, одан көп әкімдікке бөлсе де, артық етпейді. Шағын аудандар бойынша жергілікті әкімдіктер қалыптастырсақ, халық әкімдікке, әкімдік халыққа жақын болады. Халық саны аз болғанымен, мемлекетіміздің жері кең. Мақсат – елді бөлу емес, жергілікті жерді тиімді басқару. Себебі еңбек дауы, қымбатшылық, жұмыссыздық басқару жүйесінің тиімсіздігінен туындап отыр.
Бізде көпшілік жергілікті өзін-өзі басқару дегеннен қорқады. Солтүстіктегі өңірлер өз алдына бөлініп, сепаратизм туып, елдің тұтастығынан айырылып қалуымыз мүмкін деген сылтаумен өзгелерді қорқытады. Бірақ әлеуметтік әділдік болса, табыстан түскен салықтар тек орталыққа бағытталмай, аудандарда қалып, өңірлер дамитын еді.