Бейбіт тұрғындар зардап шекті
Бейбіт тұрғындар зардап шекті
301
оқылды
Қаңтардың басында еліміздің бірқатар аймақтарын шарпыған бүліктің материалдық және моральдық зардабын толық есептеу мүмкін болмайтын да шығар. Өйткені бүлік кезінде біреулер ет жақынынан айырылса, енді біреулердің нанын тауып отырған бизнесіне, тағы біреуінің мүлкі бүлінді. Ойраны шыққан әр қаладағы шығынның көлемі де әртүрлі. Сол күндері Шымкент қаласына да айтарлықтай зиян келді.

Талқыға түскен бейнеүндеу

Қаңтардың басындағы бүлік кезінде Шымкент қаласы әкім­ді­гінен бөлек сол маңайда орналас­қан кейбір мекемелердің есік-терезесі бұзылып, қызметкерлері едәуір жапа шекті. Сондай аза­маттардың бірі Ж.Шанин атын­дағы Шымкент қалалық акаде­миялық қазақ драма театрының актері Бауыржан Сегізбаев. 5 қаң­тар күні болған сойқан оқиға кезінде оның көлігі өртеніп кет­кен. Әрине, актердің көлігі өзді­гінен өртенбегені анық. Елірген топ осы маңайдағы көпқабатты үйлердің бірінде пәтер жалдап тұратын, 3 баласы бар актердің көлігіне от қойған. Театрда 70 мың теңге жала­қысы ғана бар актер кештетіп осы көлікпен таксилетіп нәпақа тауып жүріпті. Ол мұны 6 қаңтар күні таңда сағат 7-лер шамасында сау-тамтығы қалмай өртеніп кет­кен көлігінің жанында бейне­үндеу жариялаған кезде айтты. Алайда ол ешкімге шағымының жоғын айтқанымен, «жігіттер айдалада­ғы бейбіт тұрғынның көлігінде нелерің бар еді?» деп ренішін білдірді. Осынау үндеу қоғамда үлкен пікірталас тудырып, әлеуметтік желілерде талқыға түсіп, тарап кет­кен-ді. Оқырмандардың ба­сым бөлігі көмек бергісі келе­ті­нін де жазды. Алайда ол қол ұшын со­за­мын деушілердің кө­мегінен бас тарт­­ты. «Ең алдымен аяқ-қо­лым сау, жасым 34-те, тепсе темір үзе­тін­дей-ақ жігітпін. Қолымнан өнер келеді. Менен де жағдайы төмен отбасылар, мұқтаждар бар. Мен көмекке зәру емеспін. Бар­ша­­сына алғы­сым шексіз», – деді ол. Таяу күндері моноспектакль қою керек болған Бауыржан 5 қаң­тарда жұмыста қас қарайғанша дайындақта жүреді. Бір кезде айналаның астан-кестені шығып, тарс-тұрс сынған терезелердің даусы естіліп, айқай-шу болып кетеді. Сырттағы дүрбелеңді кө­ріп қорқып кеткен театр қызмет­керлері жапа тармағай қашып шығады. Жақын маңда тұратын Бауыржан көлігіне де қарамастан үйіне бет алып, балаларының жанында болған. Түнімен болған айқай-шу, өртенген көліктер сол маңай тұрғындарының үрейін ұшырып ұйқысыз таңды атырады. «Үй жаққа кетіп бара жатқанда байқағаным, әлгі бүлікшілердің ара­сынан кілең 16-20 жас аралы­ғындағы өрімдей жастарды көр­дім. Бейнеүндеу жасаған соң мен оны әлеуметтік желіге салуға асық­падым. Әр жерден бірінің туысы, бірінің баласының қайтыс бол­ғанын естіп, басымыздың аман қалғанына шүкіршілік етіп жылы жауып қойған едім. 3-4 аптадан соң өзімнің TikTok желі­сіндегі жеке парақшама салдым. Жас ба­лаларға осындай бүліктен сақ­танып жүріңдер, арандап қал­маң­дар деген мақсатпен жазба да қалдырдым. Өзім әлеуметтік же­ліде белсенді болмаған соң онша­лықты мән бермейді екенмін. Белсенділер видеоны алған да жан-жақа таратып жіберген ғой. Оның ішінде бірге оқыған курс­тасым, оқырманы көп блогер Аян деген жігіт те бар. Парақшасына салған сәттен көмек беремін деу­шілер көбейген. Барлығынан бас тартып, тіпті оның парақшасына тікелей эфирге қосылып ризалы­ғымды да білдірдім», – дейді Ба­уыржан бізбен әңгімесінде. Әсі­ресе, ақтаулық Қайрат есімді жі­гітке ерекше ілтипатын білдірді ол. Себебі жұмысының көлігімен жү­ретін ол үйіндегі жалғыз көлі­гін Бауыржанға бермек болған.

Сақтандырудан қайыр болмаған

«Жалпы, мен осы кезде қа­зағымның мейірімділігіне тәнті болдым. Астындағы жалғыз атын бере салатын азаматтар да көп екен. Тіпті, Қайраттың басына осын­дай іс түссе менің қолымнан осындай мәрттік келер ме еді, деген ой келді маған. Мен оған қан­ша қарсылығымды білдірсем де ол разылығымен беріп отыр­ғанын айтты. Иә, егер қалталы азамат болса ризашылығымды беріп алар едім. Алайда ол да өзім сияқты қарапайым азамат, бұл менің жігіттігіме сын. Соңғы бір аптада телефоныма тыным бол­май қалды. Қарсылығыма қара­май таныстардан телефон нөмі­рімді алып, ақша салып жібер­гендер де бар. 100 теңгеден бастап 1 000, 5 000 теңгеге дейін аударып жіберіп жатқандар көп. Барынша керек емес деп жариялап жа­тыр­мын. Шымкентте «колеса кз» де­ген топ бар екен. Сондағы жі­гіт­­тер де хабарласты, топ ашып қар­жы жинап жіберейік деп те жатыр. Шынымды айтсам, видео салға­ныма өкініп қалдым. Бірақ осы арқылы елдің пейілін білдім. Жа­қында бір имам «Саған көмек бе­ріп, сауап алғысы келгендерді қай­тарып жатырсың. Бұдан қо­рықпайсың ба?» деп айтқанда кәдімгідей қобалжып қалдым. Әлеу­меттік желілерден байқасам мұқ­таж жандар көп екен. Тіпті, біреулері хабарласып «егер кө­мектен бас тартсаңыз бізге кө­мек­тесіңіз» дегендер де болды. Енді қарсылығыма қарамай бұдан былай ақша салғандар болса ел алдында есеп бере отырып, сол мұқтаждарға аударатын боламын деп шешіп отырмын», – дейді Бауыржан. Бауыржанның көлігі ресейлік «Лада 12» маркалы. Сондықтан тіркелмеген көлікке мемлекет тарапынан көмек жоқ. Ал көлігі сақтандырылған «Аманат» сақ­тандыру компаниясы «Мұндай жағдайда көмек бере алмаймыз. Егер жол-көлік апаты болса, онда да сіздің емес, сіз шығын келтір­ген келесі көлікті жөндеп береміз» деп жауап беріпті. Сонымен, «барлық жаманшылық осымен кетсін, мұның да бір қайыры бар шығар» деп отыр көлік иесі. Тіпті, көлікті өртеген жігіттерді де ке­шірдім дейді ол. Алайда енді жеті­ліп келе жатқан жастар әрбір әре­кетін ойланып істесе, бола­ша­ғын, ата-анасын ойласа, әркімнің жетегінде кетпесе деп алаңдайды.

Шымкент қаласы