Берлиналеде таныстырылған қазақ киносы
Берлиналеде таныстырылған қазақ киносы
426
оқылды

72-ші Халықаралық Берлин кинофестивалінің және оның аясында өтетін Еуропалық кинонарықтың (EuropeanFilmMarket) ашылуы өтті. Біздің еліміз үшін бұл іс-шара шын мәнінде бірегей, себебі, Қазақстан алғаш рет халықаралық сатып алушыларға 30-дан астам фильмнен тұратын топтаманы ұсынып отыр. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өз стендінде осындай ауқымды қазақстандық кино өнімдерінің санын  қамтыды.

Қазақстанның EFM-ге биылғы жаңа қатысу  тәсілінің мәні – Берлиналеге қатысатын жұмыстардың фестивальдік табысына сүйене отырып, жалпы қазақстандық кино өнімдеріне қызығушылықты арттыру. Берлиналенің фестивальдік бағдарламасына енген үш картина әлемдік кинобизнес өкілдерінің қазақстандық кинематографқа назар аударуын қамтамасыз ететін өзіндік қозғаушы күшке айналды. Оның екеуі – Дәрежан Өмірбаевтің «Ақын» және Фархат Шәріповтің «Схема» көркем фильмдері. Екеуі де Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. Үшіншісі – Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» әлеуметтік драмасы. Forum секциясында ұсынылатын «Ақынның» бұған дейінгі фестивальдік тәжірибесі бар. Картинаның тұсаукесері өткен жылдың соңында Токио кинофестивалінде өтіп, оның авторлары үздік режиссура үшін сыйлыққа ие болған.  Ал «Схема» туындысы (Generation 14+ секциясының қатысушысы), өткен желтоқсанда ұйымдастырылған Мәскеу кинонарығында үлкен қызығушылық тудырды. Берлин фестивалі мен кино нарығы аясында фестиваль қатысушыларына, дистрибьюторларға және баспасөз өкілдеріне арналған көрсетілімдерді қоса алғанда, әр картина жеті рет көрсетіледі. Сатып алушылардың назарына ұсынылатын үлкен тізімге енген кейбір туындыларға тоқталып өтейік. Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» фильмі шынайы оқиғаға негізделген.   Режиссерді қысқы Паралимпиада ойындарының алғашқы қазақстандық чемпионы Александр Колядиннің тағдыры шабыттандырған. Ернар Нұрғалиев түсірген «Алға» атты тағы бір спорттық драмада әкелерін жоғалтқан екі ағайындының үлкен спорт арқылы өз өмірлік жолдарын тапқандығы баяндалады. «Дос-Мұқасан» – Айдын Сахаманның мюзиклі, оның негізінде аты аңызға айналған қазақстандық топтың жетістігінің тарихы мен музыканттардың осы табысқа жету үшін басынан өткерген қиын жолы жатыр. Берлинде таныстырылған мемлекеттік қаржыландырусыз түсірілген картиналардың ішінде прокаты жақсы өткен «Моя большая казахская семья», жас кинематографистердің дебюттік картинасы «Зере», сондай-ақ Екатерина Суворова түсірген танымал NinetyOne тобы туралы «Петь свои песни» атты деректі фильм бар. Фестиваль кеше ғана басталғанына қарамастан, бірқатар қазақстандық фильмдерге халықаралық сатып алушылар қызығушылық танытып отыр. ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкеновтің айтуынша, Киноорталық өз алдына бірыңғай мазмұндық алаңға айналу мақсатын қойған, ол мемлекет қаржыландыратын фильмдерді ғана емес, тәуелсіз өндірушілер түсірген картиналарды, бір сөзбен айтқанда ел аумағында шығарылатын барлық контентті қамтиды.  Барлық ақпарат KazakhCinema виртуалды стендінде ұсынылған. - Берлинмен тоқтап қалмаймыз, - дейді Б. Шөкенов. – Әлемнің ірі кинонарықтарына қатысуды жалғастырамыз. Алдағы Канн фестивалінде қойылатын Қазақстан павильоны – бұл да бірыңғай алаң, оған біз Қазақфильмді де, ірі продакшн-студияларды да шығармақпыз. Киноорталықтың сыртқы нарыққа бірыңғай оператор ретінде шыққаны дұрыс, бұл ел имиджін қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді және киноиндустрияның барлық қатысушыларына саланың біртұтас болып, бір бағытта қозғалатынын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл бүкіл әлем ұстанатын қағидат».