Украина президенті Владимир Зеленский алмағайып сәтте Украинаны тастап, чартерлік рейспен шетелге қашқан бай-бағландар мен депутаттарға үндеу жасады. Бұл туралы «Украинская правда» жазды.
Зеленскийдің айтуынша, бай-бағландар бір ғана 13 ақпан күні 30 чартерлік рейспен Украинадан шетелге ұшып кетті.
«Шетелге кеткендер Украинадан ештеңе алып кетпесе болды. Шетелде жүргендер әртүрлі партияның депутаты, мемлекет, Жоғарғы Рада атынан оларға елге оралу үшін 24 сағат уақыт беремін. Меніңше, олар ойланып-толғанып бір шешімге келер, қайтып елге келеді деп сенемін. Бәріміз мемлекеттің қамын ойлауымыз керек. Біз оны іске асырамыз», – деді Владимир Зеленский.
«Украинская правданың» жазуынша, 13 ақпан күні бай-манаптар 20 чартерлік рейспен Украинаны тастап, шетелге кеткен. 14 ақпан күні 23 халық қалаулысын Украинадан таппай қалған.