Сауда министрі Алматыда көрші елдермен кеден мен салық мәселесін талқылады
Сауда министрі Алматыда көрші елдермен кеден мен салық мәселесін талқылады
Фото: primeminister.kz
336
оқылды

Алматыда Қазақстан тарапының бастамасымен Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің кеден және салық қызметінің үшжақты кездесуі өтті, – деп жазады primeminister.kz.

Кездесуде үш елдің салық және кеден қызметінің мәселесі талқыланды. Келіссөздер делегациясын Қазақстанның Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарды.
«Соңғы уақытта ЕАЭО нарығында қытай тауарларының көлеңкелі айналымының ұлғаю үрдісі байқалуда. Мұндай үрдіс біздің елдеріміздің үкіметі тарапынан тиісті назарсыз қала алмайды», – деді Бақыт Сұлтанов.
Ол заңсыз импорттың ұлғаюына алып келетін мәселелер: бюджетке салықтың толық түспеуіне, одақ нарығында контрафактілік, сапасыз, қауіпті   тауар айналымы екенін айтты.
«Бұл фактор өзара саудадағы бәсекелестік нарықтың дамуына теріс әсер етеді. Бұл түптеп келгенде экономиканың дамуына қауіп төндіреді», – деді Бақыт Сұлтанов.
Қырғызстаннан келіссөздерге кеден және салық қызметтерінің бірінші басшылары қатысты. Қырғыз делегациясын Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошев басқарды. Ресей тарапынан қаржы министрінің орынбасары, статс-хатшы Алексей Сазанов бастаған кеден және салық қызметтерінің басшылығы қатысты. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Ресей арасында ақпарат алмасу мәселесі де қаралды. Күн тәртібінде өзара саудада өткізілетін тауарлар бойынша тауарға ілеспе құжаттарда құнды дұрыс көрсету проблемасы да талқыланды.

Кеше Қазақстанның Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Кеденде қадағалауды күшейтсек, қазынаға қосымша 150 миллиард теңге түседі» деген еді.