Танымал балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиев қайтыс болды
Танымал балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиев қайтыс болды
© «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры
408
оқылды

16 ақпанда «Астана Опера» балет труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің қазасы туралы хабар еліміздің мәдени әлемін дүр сілкіндірді. Балетмейстер 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті, - деп хабарлады «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сайтында.

Тұрсынбек Әбдібайұлының есімі қазақстандық балет жылнамасында мәңгілікке жазулы, оның еңбектері өлшеусіз: елордада хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі өзі болатын. Оның әлемнің сан алуан сахналарында жасаған бейнелерінің жарқын галереясы шығармашылығына табынушылардың есінде көпке дейін сақталады. Ал қазақстандық әртістердің саңлақтар тобы кезінде шеберден үйренген кәсіби тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізе бермек.

Ол кәсіби балетпен алғаш рет Алматы мемлекеттік хореографиялық училищесінде танысты. 1970-2000 жылдарда Абай атындағы МАОБТ балет солисі болды. 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын «Режиссер-хореограф» мамандығы бойынша бітірді. 2000-2013 жылдарда – К.Байсейітова атындағы ҰОБТ балет труппасының бас балетмейстері. 2013-2015 жылдарда – «Астана Опера» МОБТ балетінің көркемдік жетекшісі. 2015 жылдан – балет труппасының директоры.

Тұрсынбек Әбдібайұлы Қазақстан атынан көптеген халықаралық байқауларға қазылық етті. Солардың қатарында «Бәйтерек» (Астана), «Әлемдегі жас балет» (Сочи), «Рим жүлдесі» (Италия) балет әртістерінің Халықаралық байқаулары, «Шабыт» Халықаралық фестивалі бар, сонымен қатар ол мәскеулік және варналық байқауларда қазылар алқасының мүшесі болды. Бейжің балет әртістері байқауының шақырылған қонағы, Халықаралық балет байқаулары Федерациясы мен Халықаралық хореографтар одағының мүшесі болатын.

Тұрсынбек Нұрқалиев Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», П.Чайковскийдің «Щелкунчик», «Аққу көлі», Л.Минкустың «Баядерка», А.Аданның «Жизель» және тағы басқа балеттерді қойды.

Театрдың шығармашылық ұжымы Тұрсынбек Нұрқалиевтің жары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаеваға, сондай-ақ туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.