Болат Жәмішев "Самұрық-Қазына" АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды, – деп хабарлайды қордың ресми сайты.
16 ақпанда "Самұрық-Қазына" АҚ қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Қоғамдық кеңес құрамына белгілі мемлекет пен қоғам қайраткерлері, сарапшылар, қаржы секторының өкілдері мен медиа-қоғамдастық өкілдері кірген. Ашық дауыс беру нәтижесінде кеңестің төрағасы болып "Қазақстан халқына" ҚӘҚ төрағасы Болат Жәмішев сайланған.
"Самұрық-Қазына" АҚ Қоғамдық кеңесінің жұмысы қаржылай шығындарды талап етпейді. Себебі, Қоғамдық кеңес мүшелеріне ешқандай еңбекақы төленбейді.
Болат Жәмішев атап өткеніндей, қоғамдық кеңестің мақсаты – ең алдымен, қоғамдық пікірді қалыптастырып, жетілдіру, "Самұрық-Қазына" АҚ атына азаматтардан келіп түсетін сауалдарды нақты ұсыныстарға айналдырып, қордың басқару органдарына жеткізу.
Бұған дейін "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішев қордың қызметкерлері қанша жалақы алатынын айтқанын жазған болатынбыз.