Бейжіңдегі қысы жоқ елдің спортшылары

Бейжіңдегі қысы жоқ елдің спортшылары

Қытайдағы төртжылдықтың басты додасына жалпы жиынтығы 91 елден 4 мыңнан аса спортшы келді. Олардың арасында тропикалық елдердің өкілдері де бар. Айталық, Гаити мен Сауд Арабия­сы 2022 жылғы Олимпия ойындарына бірінші рет қатысты. Қысы жоқ елдердің спортшылары қысқы Олим­пиадаға қалай болғанда да медаль аламыз деп келмейді. Жақсы өнер көрсетсе, жетіп жатыр. Оның үстіне экзотикалық елдердің клима­ты қысқы спорт түрімен айналысуға қолайлы емес. Соған қарамастан-ақ Олимпиада ойын­дары­ның географиясы уақыт өткен сайын кеңейіп келеді және әр төрт жыл сайын дебютанттар қатары бірлі-екілі толығып отырады.

Сауд Арабиясы мен Гаитидің тау шаңғышылары

24 жастағы Файик Абди Сан-Диего (АҚШ) жерін­де дүниеге келгенімен, оның балалық ша­ғы Сауд Арабиясында өтті. 2012 жылы АҚШ-қа ора­лып, шаңғы спортымен тұрақты түрде ай­на­лысқан. Негізінен Фаик шаңғы тебуді төрт жа­­сында бастаған. Анасы оған Ливандағы Фарайя-Мзаар тау шаңғысы курортында шаңғы тебу­ді үйретіп, үлкен спортқа қадам басуына се­беп­ші болды. Файик тау шаңғысымен айна­лы­суға қолайлы әрі беткейлерге жақын болған­дық­тан Ютадағы университетті таңдады. Осы­лайша, ол бос уақытында шыңғымен сырғанап, сүйікті ісіне көп уақытын арнады. Қысқы спорт түрлерінен Сауд Арабиясының фе­дерациясы ел тарихындағы алғашқы Олим­пиадаға үміткерлерді іздеп жүріп, осы Файик Абдиді тапты. Спортшы федерация ұсынысынан бас тартқан жоқ. Абди Олимпиадаға АҚШ жерін­де дайындалды.

Гаитилік Ричардсон

Гаитиден келген 19 жастағы Ричардсон Виано – өз елінде танымал спортшылардың бірі. Вирджиния аралында дүниеге келгенімен, оны үш жасында екі әпкесімен бірге Франция­да тұратын италиялық ерлі-зайыптылар асырап алған. Ричардсонды кішкентайынан шаңғымен сырғанатып, оның осы спортқа қызығушы­лы­ғын оятқан. Виано шаңғыдан жасөспірімдер ара­сындағы барлық жарыстарға қатысып, тә­жірибелі шаңғышыға айналды. Франция құра­ма­сына іліге алмаған Ричардсонға Гаити фе­дера­циясы өздерінің атынан өнер көрсетуді ұсынған. Жастайынан Францияда тәрбиеленіп, жаттыққан Виано көп өтпей Гаити азаматтығын алып, 2021 жылғы әлем чемпионатында бақ сы­нады. Олимпиадаға қатысар алдында берген сұхбатында ол: «Мен Францияға үш жасымда келдім, ата-анам таудың жанында тұрып, мені жиі шаңғы тебуге апаратын. Федерациядан телефон соққанда, досымның қалжыңы деп ойладым. Кейін мен интернеттегі ақпараттардан Гаитиде шынымен де шаңғы федерациясы бар екенін білдім» деп ағынан жарылды спортшы.

Америкалық Самоа скелетонисті

Натан Крамптон Кенияда дүниеге келген. АҚШ азаматтығын алған Натанның әкесі дип­ломатиялық қызметіне байланысты жиі қоныс ауыс­тырып отырған. Ол көбіне экстремалды спорт­п­ен айналысады. Крамптонның хоббиі – сер­финг, сноуборд, шаңғы және велосипед тебу. 2010 жылғы Олимпиаданың трансляциясы кезінде Натан скелетон спортын тамашалап, оған ерекше қызыға бастайды. Дүбірлі дода аяқ­талысымен мұз үстінде жаттығуды қолға ала­ды. Ол бұған дейін Бобслей және скелетоннан төрт әлем чемпионатында өнер көрсетті, 2016 жылы Натан үздік бестіктен көрінді және үш рет үздік 10-дыққа енді. 2016 жылы ол АҚШ-тың Бобслей және скелетон бойынша «Жыл ойыншысы» атанды. Америкалық Самоа спорт­шыны 2020 жылы құрама сапына шақырды. Әмбебап Крамптон – бұл кішкентай штаттың басты спорт жұлдызы. Натан 2020 жылғы жазғы Токио Олимпиадасында да осы елдің намысын қорғады. 36 жастағы спортшы қысқы Олимпиа­да ойындарына алғаш рет қатысып отыр.

Шығыс Тимор тау шаңғышысы

28 жастағы Йоанн Гонсалвештың әкесі – француз, шешесі – Шығыс Тимордан. Кішкентай кезінде Шығыс Тиморға Индонезия басып кіргенде, отбасымен Аустралияға қоныс аударған. Оған Олимпиадада Франция немесе Аустралия атынан да өнер көрсетуге болар еді. Бірақ Йоанн шешесінің туған елін таңдап, тарихта алғаш рет Шығыс Тимордан Олимпиадаға қатысты. Гонсалвеш Олимпиадаға жалғыз қатысуды әдетке айналдырған спортшы. 27 жастағы шаңғышы Шығыс Тимордың атынан осымен үшінші Олимпиа ойындарына қатысты. Үшеуінде де елдің туын ұстап шықты. Сочиде өткен Олимпиада ойындарынан кейін ол «Тимор жастарының елшісі» атанды. «Менің басты мақсатым – әлемдік жарыс­тарда Тиморды дүниежүзіне таныту, – дейді Гонсалвеш. 2014 жылдан бері қар жаумаған осы кішкентай, экзотикалық аралдан шыққан шаңғышы Гутт Гонсалвеш жаттығуларын шет мемлекеттерде өткізеді.

Эритреялық Шэннон Абеда

Әлемдік додаларда ел намысын жалғыз қорғайтын тағы бір шаңғышы бар. Ол – 25 жастағы эритреялық Шэннон Абеда. Канадада дүниеге келген Шеннон шаңғы тебуді үш жасында үйренді. Оның отбасы ұлын Visa Ridge тау шаңғысы курортына жиі әкеліп тұрған. Сол жерде Абед спорт мектебіне оқуға қабылданды. Бала күнінде ол Олимпиадаға қатысуды армандаған. 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық кезінде Шеннон бірнеше рет жара­қат алды. 2016 жылы ол жіліншігін сын­дыр­ды. Ал 2017 жылы жаттығу кезінде жақ сүйе­гі сынып, екі тісінен айрылды. Қайсар Шен­нон Олимпиада ойындарына дейін қайта қал­пына келіп, Эритрея елінің атынан сынға түсті. Үлкен слалом сайысында ол 61-орын алған­нан кейін спорттық мансабын аяқтаған. Бірақ пандемия кезінде ол 2022 жылы Бейжіңде өнер көрсету үшін үлкен спортқа қайта келді. Абед 2026 жылы да Олимпиа ойындарына да қатысуды армандайды.

Бобслейші Браун

29 жастағы Аксель Браун Англияда дүниеге келген. Әкесі – ағылшын, шешесі – Тринидад және Тобаго өкілі. 2021 жылға дейін бобслейден Англияның намысын қорғап келген. Қос азаматтығы бар Аксель Браун Бейжіңде Тринидад және Тобаго атынан қатысып жатқан тарихтағы алғашқы спортшы атанды. 29 жастағы Браун бұған дейін бірнеше спорт түрімен айналысқан. Аксельдің алғашқы хоббиі таэквондо және америкалық футбол болды. Жекпе-жек өнерінде ол АҚШ ұлттық чемпионаттарында күміс және қола жүлдегер атанды, ал футболда 18 жасқа дейінгі құрама мен Колорадо штатына қарайтын «Рамс» командасында ойнады. Көп өтпей ол бобслейге ауысты. Онда Браун Ұлыбритания командасына жол тартты. Спортшы 2021 жылы Тринидад азаматтығын алып, бір жылдан соң Бейжің Олимпиадасына келіп отыр. Жалпы айтқанда, Бейжіңде тропикалық аймақтан келген өзге де спортшылар жетерлік. Олардың қай-қайсысының да жүлделі орын­дар­ға таласуы екіталай. Дегенмен аталған спорт­шылар өздерінің шағын мемлекеттерін бү­кіл әлемге танытуға атсалысып жүргенін ерек­ше атап өткен жөн.