Құрылыс саласы қос алпауыттың қолында ма?
Құрылыс саласы қос алпауыттың қолында ма?
© коллаж: Елдар Қаба
447
оқылды
Елімізде құрылыс саласы қарқын алғаны жайлы жиі естиміз. Бірақ оның сапасы мен бағасы бөлек әңгіме болатын. Енді тағы бір мәселенің шеті шықты. Қаржысы көп саланы бірнеше компания ғана иемденіп, монополия орнатқан сыңайлы. Ал оның кесірі елде сапасы сын көтермейтін, бағасы тиімсіз тұрғын үй мен ғимараттарды көбейтуі мүмкін. Осы айдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында елдегі құрылыс компа­ния­ларын сынаған болатын. Ком­мерциялық нарықты да, мем­лекеттік тапсырысты да уысында ұстап отырған, бір сөзбен айт­қанда, монополист дәрежесіне жет­кен санаулы компания бар екені жасырын емес. «Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиядан босатып, бәсекелі даму бойынша шаралар әзірлеуді тапсырамын», – деген еді Президент. Осылай деген Мем­лекет басшысы монополист компаниялардың аты онсыз да елге белгілі екенін айтты. Осы тұста біз құрылыс саласын жаулап бара жатқан монополист ком­па­нияларға тоқталуды жөн көрдік.

Асып-тасқанның айғағы

Көп ұзаған жоқ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі таяу­да «құрылыс нарығында же­келеген компаниялар монополия орнатқан» деп топшылады. Енді құрылысқа қатысты заңнама­лар­ды өзгертуге тырыспақ. Саладағы ықпалдыларды айтқанда, ал­дың­ғы қатарда BI Group пен «Базис-А» тәрізді алпауыттар тұратыны белгілі. Бұл компаниялар тұрғын үй құрылысы, мемлекеттік тап­сы­рыспен салынатын ірі нысан­дар­ды, тіпті жол салуда да басым­дық­қа ие. Елдегі екі үлкен қала – Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі аттап бассаңыз, көзге көрінген ғимарат құрылыстары осылардың енші­сінде. Мысалы, өткенді айтпай-ақ қояйық, алдағы уақытта «Астана арнайы экономикалық аймағы» аумағында тұрғын үй және әкім­шілік кешендер салу бойынша 135 жоба іске асырылмақ. Соның 65 тұрғын үй нысаны бір ғана BI Group холдингіне тапсырылған. 9-ы – «Базис-А», 7-уі – Nur Astana Kurylys, 6-уы G-Park-ке тие­сілі. Салыстырмалы түрде қара­сақ, BI Group-тың ықпалы қатты сезіледі. Бұл – бір төбе, осы атал­ған компаниялар жер учаскелерін конкурстан тыс алуды қоспағанда, мүліктік, жер салығын, кедендік баждарды төлеуден босатылған. «Мемлекеттік сатып алу ту­ралы» заңда Үкімет айқындайтын тұлғалардан бір көзден сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік беріліп қойған. Мұны алпауыттар құр жібермепті. Түркістан қала­сында 566 миллиард теңгеге кон­курс өткізбей, 149 нысанды салатындар алдын ала анықталып қойған. Оның 140 миллиард тең­гесін біз айтқан екі компания – BI Group пен «Базис-А» еншілеп алыпты. Қалған қаржы белгісіз шартпен 250-ден астам құрылыс компаниясына бөлінген. Енді қараңыз, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тағы бір былықты әшкере қылғандай екен. Елге танымал, яғни бренд ретінде белгілі компаниялар өзінің атын бұлдап, жарнама жасауды үйрен­ген. Мұнымен қоймай, өзіне ба­ғынышты балама компанияларды ашады. Сол арқылы құрылыстағы үлесін арттырған. Жаңағы айтқан 250-ден астам құрылыс салушы­ның ішінде осындай балама ком­паниялар болса, таңғалмаймыз. 2021 жылғы дерек бойынша, елорданың өзінде ресми тіркелген 55 құрылыс компаниясы бар екен. Бірақ көбінің аты бар да, заты жоқ секілді. Белсенді құрылыс жүргі­зіп жатқандарды аз байқайсыз. Ал BI Group пен «Базис-А»-ға кел­генде жағдай басқа, қос компания алмаған асу жоқтай, әр құры­лыстың маңдайына өз таңбасын басып жүр. Бұларды монополист болудың алғышартын жасамады деуге келмейді. Оны табысынан-ақ аңғарасыз. Айдын Рахымбаев басқаратын BI Group 2021 жылы 584 миллиард теңге тапқан. Бар­лық шығынды ысырып, таза пайдасын есептегенде, біржылдық кірісі 47 миллиард теңгеге дейін өскен. Құрылғанына 27 жылға жуық уақыт болған компания осы кезге дейін 6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым, 2 мың шақырымнан астам автожол, 700 шақырым теміржол салғанын айтып мақтанады. «Базис-А» да одан қалысар емес. Былтыр компанияның түсі­мі 340,4 миллиард теңгеге жеткен. Салық төлемдері 16,67 миллиард теңгені құрапты. Маңызды ны­сан­дардың құрылысын жыл са­йын үдетіп отыр. Салмасын де­мей­міз, салсын. Бірақ осы алпа­уыттың бірі соңғы кезде асып-тасып жүріп, «өзім білемге» салып жүргендей көрінеді. Құрылысына миллиардтаған қаржы бөлінген нысандарға бейжай қарайтынды шығарды.

«Өзім білемге» салу ма?

2020 жылы пандемия бастал­ған тұста емханаларда орын тап­шы болды. Сол жылдың сәуір айын­да Алматыда 18 күнде 280 орындық емхана салынып, «бөр­кімізді аспанға атқандай» болдық. Жалпы ауданы 5 850 шаршы метр­лік аты дүркіреген құрылысты жүргізген BI Group болатын. Құ­рылыс үшін Алматы бюджетінен бақандай 5 млрд теңге жұмсалды. Алайда 2020 жылы күздің қара суығы келмей тұрып-ақ аурухана қабырғасы сыр берді. Қала бас­шы­лығы қараша айындағы ал­ғашқы аязға жарамаған кешендегі барлық науқасты әурелеп, жеке құрам мен қымбат жабдықтарды өзге жерге тасып, әлек болғаны есте. Кейін Алматы қаласының Ден­саулық сақтау басқармасы «ны­сан күрделі жөндеуді қажет етеді» деп ақталды. Салынғанына жарты жыл болмай жатып жөн­деу­ді қажет ететін ол не нысан? Ал компания жауапкершілікті Ал­маты қаласының Денсаулық сақ­тау басқармасына ысыра салды. «Госпиталь құрылысы Қазақ­стан­ның құрылыс нормаларына, Ден­саулық сақтау министрлігінің, сондай-ақ Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының талапта­рына сәйкес келеді. Оның ішінде өңірдің климаттық жағдайын толықтай ескердік. Медициналық мекемедегі температура барлық нормативтік көрсеткіштерге сай. Емдеу мекемесі 2020 жылдың көк­темінде Алматы қаласы Ден­сау­лық сақтау басқармасының ба­лансына берілді. Сондықтан жа­уапкершілік те басқарма енші­сінде», – деген еді компания. Көп өтпей белсенді эконо­мис­тер мен заңгерлер бірігіп, құ­рылысқа бөлінген 5 миллиард тең­генің 3,9 миллиарды ұр­лан­ғанын анықтады. Мемлекеттік аудит те шикілік барын растады. Бірақ құрылысқа қатысты еш іс қозғалған жоқ. Алматы әкімдігі де, BI Group та содан кейін бұл мәселені қозғамады. Ал BI Group-қа қатысты анықталған шикілік мұнымен бітпейді. Былтыр Түр­кістанда 39 миллион АҚШ долла­рына салынған футбол аренасы төңірегінде дау шықты. Бұл жолы да құрылысты BI Group жүргізген. Алаңның сапасы мен арена құ­рылысы сын көтермегені елге мә­лім. Компания бұл жолы да ақша бөлген «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын кінәлап, сытыл­ды. Мәжіліс депутаттары құры­лыста қаржы ұрланған болуы мүм­кін екенін айтса да, мәселе жылы жабылды. Осыдан кейін компанияға қатысты қалай күмән келтірмеуге болады? Биыл «қаң­тар оқиғасынан» кейін де ком­пания үнсіз қалмағанын көрдік. Биліктегілер мен халыққа жақсы көрініп, өз ықпалын одан әрі арт­тыруды көздеді ме, әлде біз ойла­ғаннан басқа бір себебі бар ма, кім білсін? Әйтеуір, BI Group-тың иесі Айдын Рахымбаев жырға ай­налған LRT жобасының құрылы­сын компания қаражаты есебінен жүргізіп беруге, онда да тұрғы­зыл­ған тұғырларды бұзып беруге ниетті екенін хабарлады. Демек, ком­пания мемлекет үшін ма­ңыз­ды нысандардың құрылысын жүргізу арқылы ықпалын одан әрі арттырғысы келетін сияқты.

Баспана бағасына кесірі тиді ме?

Салада бәсекелес қалдырмай, бәрін ысырған компаниялар ке­йін баспана бағасын да өз қала­ғанындай белгілеуі мүмкін. Мә­селен, таяуда Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігі «үйдің қымбаттауына құрылыс саласын­дағы монополия кінәлі» дегенге келтірді. Бастапқы тұрғын үй б­а­ғасының өсу серпіні 12 есе ұл­ғайған. Агенттіктің бұл көзқара­сын құптамасқа да болмайды. Соңғы 10 жылда баспана құны үз­діксіз өскені жасырын емес. Рас, басты фактор ретінде шетел­ден келетін құрылыс материал­дарының қымбаттауы айтылады. Әйткенмен, бағаны өсіруге ық­пал­ды компаниялар да мүдделі бо­луы мүмкін. Себебі экономи­калық заңдылық бойынша, моно­полистер бағаны ойната алады. Экономист Бауыржан Ысқақов алпауыттар бағаға жанама жолмен ықпал ете алатынын айтады. – Қандай да бір бәсекелестік нарықта өнім шығарып, қызмет көрсететін олигополиялық 2-3 кәсіпорын ғана болатын болса, ол бағаның ретсіз өсуіне алып келе­тін фактор саналады. Қазақ­стан­ның тұрғын үй құрылысы нары­ғында қаражаттың басым бөлігі тек ірі компаниялар арқылы өт­кендіктен, монополияның орна­уы үйдің бағасына әсер етпей қой­майды. Дегенмен жалпы бас­па­на бағасының өсуіне монопо­лис­терге ғана байланысты емес, тағы бір басты фактор – құрылыс материалдарының елде өндіріл­меуі. 80 пайыз қажеттілік сырттан келеді. Ал шетелден келген құры­лыс материалдары валюта баға­мына байланысты арзанға түспей тұрғанын онсыз да білеміз. Бұл тұста ең әуелі мемлекет назар ау­дару қажет бір нәрсе бар. Бірінші орынға құрылыс материал­дары­ның отандық өндірісін жолға қоюы тиіс. Екіншіден, ықпалдың бәрін қазіргідей 2-3 компанияның қолына беріп қоймай, бәсекеге қабілетті компаниялардың кө­беюі­­не жағдай жасау керек. Сонда олар сапалы құрылыс пен тиімді баға ұсынуға тырысар еді, – дейді маман.

ТҮЙІН:

Президент тапсыр­масынан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мо­нополиске ай­на­лып бара жатқан құрылыс ком­панияларының мәсе­лесіне шындап кіріскенге ұқсайды. Әйткенмен, іс аяқсыз қалмаса дейміз. Сала түгел өз қолында тұр­ғанын аңғарған компаниялар уақыт өткен сайын сапа мен баға­ның тиімділігіне жа­уап бермеуге көшері анық. Оның алғышартын көріп те жүрміз.