ЖОЛ КАРТАСЫ ЖАСАЛДЫ
«Кәсіпкерлер субсидиялар төлемі кешіктірілгендіктен, жаңа автобустар сатып алу шарттары бойынша ай сайынғы төлемдерін уақытылы төлей алмай отырғандарын айтып шағымданып отыр. Осыған байланысты лизинг берушілер оларға айыппұл салады. Сонымен қатар жанар-жағармай күрт қымбаттады. Бұл да болса кәсіпкерлердің қаржылық қызметіне кері әсерін тигізді. Сондай-ақ электронды билеттеуді енгізу де олардың шығын бөлігіне жүктемені арттырды. Бұл ретте, белгіленген сараланған тариф тасымалдаушының барлық шығындарын толық көлемде өтемейтініне тоқталған жөн. Соның ішінде автобустарды жөндеу, қызмет көрсету, жүргізушілердің жалақысы, жанар-жағармай шығындары және басқалары бар», – деді Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов. Кәсіпкерлер палатасы тасымалдаушылардың құқығын қорғауға бірден кірісті. Палатаның өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысында «Солтүстік Қазақстан облысының автокөлік одағы» қауымдастығының өтініші қаралып, палата кәсіпкерлермен және қалалық әкімдікпен бірлесіп, жолаушы тасымалдау саласындағы өзекті мәселелерді шешу жөніндегі Жол картасын бекітті. Құжатта көрсетілген негізгі мәселе – әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушы тасымалдайтын кәсіпкерлердің шығындарын толығымен субсидиялауды қамтамасыз ету. Келіссөз барысында өкілетті орган қордаланған қарыздың бір бөлігін өтеуге келісті. Қауымдастық төрайымы Галина Семенованың айтуынша, қарыздың қалған бөлігін төлету мәселесі әлі өзекті. «Субсидияға қол жеткізу мәселесі кәсіпкерлерді толғандырып отыр. Кәсіпкерлер палатасына жүгінгеннен кейін ғана сең қозғалғанына ризамыз. Алғашқы төлемдер есепшотқа түсе бастады. Бірақ әлі де әкімдік тасымалдаушыларға бар соманың 40 пайыздайын төлеген жоқ», – дейді Галина Петровна. Соңғы жылдары COVID-19-ға байланысты халықаралық тасымалдардың тоқтатылғаны белгілі. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысынан Ресей Федерациясының Макушино-Есілкөл бағыттары бойынша теміржолмен жолаушы тасымалдау да сап тыйылған болатын. Осыған байланысты уәкілетті органның деректеріне сәйкес, теміржол тасымалдаушысының шығындарын субсидиялауға арналған шамамен 600 миллион теңге көлеміндегі қаражат босаған көрінеді. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер теміржол тасымалдары қайта жанданғанша, осы қаражатты өздерін субсидиялауға жұмсау мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр.САПА ТАЛАПҚА САЙ БОЛУҒА ТИІС
Сондай-ақ олар қоғамдық көліктердің жолақысын қымбаттату мәселесін де қарастыру маңызды деп санайды. Петропавл қаласында жолақы 2017 жылдан бері көтерілген жоқ: жолаушылар карточка арқылы 80 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқан кезде 130 теңгеден төлейді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындардың қалтасына салмақ түсірмес үшін тасымалдаушылардың шығыны бюджеттен субсидияланып отырғанын айтты. Сонымен қатар ол жауапты тұлғаларға ескі автобустарды күтіп ұстау керегін тапсырды. «Кейбір автобустардың терезелеріндегі перделер сатып алғалы ауыстырылмаған. Тазалықты сақтау керек. Тасымалдаушылар қауымдастығы осы ретте жұмыс жүргізуі тиіс. Сонымен қатар тасымалдаушылар көрсетілетін қызметтің сапасын да бақылауы керек. Электронды төлемақы енгізілгелі тұрғындар екі рет ақша ұсталатынын айтып шағымданып отыр. Мұндайда компания ешқандай бюрократиясыз бірден жауап беруі керек. Қалалық әкімдік тасымалдаушылар қауымдастығымен бірлесіп, бұл мәселені үнемі бақылауда ұстауы қажет. Жүргізушілер мен кондукторлардың жолаушыларға дұрыс көзқарасын қалыптастыру бағытында да жұмыс жеткіліксіз. Кейде жүргізушілер рульде келе жатып темекі тартатыны, ұялы телефонмен сөйлесетіні, дөрекілік танытатыны туралы шағымдар көп. Жүргізушілер мен кондукторлар жаңа автобустарға сай болуы керек. Сондықтан оларды әрдайым оқыту, тренингтер ұйымдастыру артық етпейді, түсіндіріңіздер, талап етіңіздер, яғни тұрғындарға сапалы қызмет көрсету жөнінде кешенді жұмыс жүргізген дұрыс. Біздің міндетіміз – халыққа ыңғайлы жағдай жасау», – деді өңір басшысы. Жол картасында көрсетілген тағы бір мәселе – жолаушы тасымалдау саласындағы кадр тапшылығы. Сондай-ақ одан әрі оңтайландыру мақсатында қалалық маршрут желісіне талдау жүргізілетін болады.Солтүстік Қазақстан облысы