Ақмола облысында өндіріс орындары мен құрылыс басындағы жұмыс кезінде жарақат алып, тіпті көз жұмғандар жыл санап көбейіп барады. Жантүршігерлік статистиканың ішінде қылмыстық істердің де ұлғайып бара жатқаны алаңдатады... Жұмыс орнында қарапайым жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігіне мән берілмеуі жиілей түскен. Қарапайым қағидалардың сақталмауы салдарынан жұмысшылардың өмірі үнемі қыл үстінде тұруы үйреншікті жағдайға айналған сияқты. Бұған қоса, жәбір көргендер арасында жұмыс орындарынан тиісті қаражатын ала алмағандар да баршылық. Ақмола облысының Еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, тек өткен екі жыл облыс аумағында 106 адам жұмыс барысында оқыс оқиғаға тап болып, салдарынан 29 азамат қаза тапқан. Қалғандары түрлі деңгейдегі жарақат алған. Дегенмен ведомство жүргізген профилактикалық шаралардың нәтижесінде былтыр алдыңғы 2020 жылмен салыстырғанда қайғылы оқиғалардың біршама азайғанын атап өтті. Бірақ бұл көрсеткіш жақсарғанымен, өндірістер мен шаруашылықтарда зардап шегушілер саны азая қоймапты. «Еңбек инспекторларының қадағалау шараларының нәтижесінде 2020 жылмен салыстырғанда қайғылы оқиғалар саны былтыр 51,4 пайызға төмендеді. Дегенмен өндіріс орындары мен шаруашылықтарда әлі де болса зардап шеккендер азайған жоқ. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 9 адам, тау-кен өнеркәсібінде 6 адам, коммуналдық шаруашылық кәсіпорнында 4 адам, бюджет және құрылыс саласында 3 адам және автокөлік саласында 1 адам қайғылы оқиғаға тап болған. Барлық оқыс жағдайлар бойынша арнайы тергеу шаралары өткізіліп, өндіріс орындарындағы оқыс жағдай туралы акті жасалған. Олардың нәтижелері бойынша жұмыс берушілер мен жұмысшылардың кінәсінің үлесі анықталды. Аталған материалдардың барлығы тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданды», – дейді Ақмола облысы Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Амангелді Смайылов. Ведомство өндірістік жарақаттарды төмендету мақсатында өңірдің 23 кәсіпорнында еңбек жағдайы бойынша аттестаттау да өткізген. Анықталғандай облыстың 927 кәсіпорны мен ұйымында еңбекті және қауіпсіздікті сақтау бойынша өндірістік кеңес құрылса, 465 кәсіпорында қауіпсіздік техникасы инженері жұмыстан босатылыпты. Ал 222 кәсіпорында ұлттық және халықаралық еңбекті қорғау және қауіпсіздік стандарттары енгізіліпті-мыс. «Оқыту-консультативтік орталықта 2 546 басшы мен маман Қазақстан еңбек заңнамасы бойынша оқытудан және аттестаттаудан өтті. Зиянды жұмыс орындары мен өндірістік жарақатты төмендетудің 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде Vision Zero тұжырымдамасы бойынша 1 744 кәсіпорынмен меморандум жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында облыстағы іргелі бес кәсіпорында, атап айтқанда Altyntau Kokshetau кәсіпорнында, Степногор қаласындағы «Степногор су арнасы», Бурабай ауданындағы «Азия котломаш» және «Азия Құрылыс» компаниялары мен Степногор қаласының Білім басқармасына «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді», – деп толықтырды Амангелді Смайылов. Тиісті ведомство жағдайдың бақылауға алынғанын баса айтқанымен, өңірде еңбек құқығының бұзылуына қатысты, яғни Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша қылмыстық істер көбейген. Ақмола облысы Полиция департаментінің берген деректеріне сенсек, өңірде тек былтырдың өзінде еңбек құқығы бұзылған қарапайым жұмысшыларға қатысты 30 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу органдарының мәліметінше, еңбек құқығының бұзылуы негізінен алғанда жұмыс берушілердің кінәсінен болғаны анықталған. Әсіресе, құрылыс орындары мен өндірістік кәсіпорындарда жұмысшылардың қауіпсіздік ережелерін сақтауға нұсқаулықтар мен оқытулардың өткізілмеуінен қайғылы оқиғалар болған. Мұны Ақмола облыстық соты да растады. «Ақмола облысының соттарында былтыр Қылмыстық кодекстің 156-бабы «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша 2 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралды. Өкінішке қарай, қос істе де қайғылы оқиға жұмысшылардың өндіріс орнында жұмыс істеу кезінде қаза болуымен аяқталған. Сот отырысы барысында бұл қайғылы оқиғалардың әрқайсысында жұмыс берушілердің жұмысшылар өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне еш мән бермегені анықталды. Қос оқиға кезінде де жұмысшылар тиісті оқудан өткізілместен, медициналық қараудан өтпестен жұмысқа жіберілген», – дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі. Мәселен, Аршалы ауданының аумағында қиыршық тас өндірумен айналысатын Road Minerals компаниясының директоры тас үккіш ауыр құрылғыда қаза болған жұмысшының өлімі үшін 2 жыл 6 ай мерзімге, Атбасар ауданындағы «Ботагөз» сауда үйінде тоңазытқышты аңдаусызда ұстап қалып ток соғып қайтыс болған дүкеншінің өлімі үшін жеке кәсіпкер 2 жылға бас бостандығынан шектелген.
P.S.
Қалай десек те, күнкөріс үшін ауыр еңбекке жалданып, тиын-тебен тауып жүрген қарапайым жандардың қауіпсіздігі аяқасты қалып жатқаны алаңдатады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін аталған салалардағы қауіпсіздік пен жұмыс берушілердің жауапсыздығы белең алған. Тиісті органдар тарапынан экономиканың күретамырын бүлкілдетіп отырған жұмысшылардың жағдайына да назар аударылса, құба-құп болар ма еді дейсің...
Ақмола облысы