Қаңтардың басындағы дүрбелең кезінде қолды болған қару-жарақ әлі толық табылып, тәркіленген жоқ. Дегенмен қолындағы қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар да бар. Жалпы, күні бүгінге дейін қолды болған 967 дана қару табылды.
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов арнайы брифингте ұрланған қаруларды іздестіру шаралары жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, 967 қару мен 19 мыңнан астам оқ-дәрі табылып, тәркіленіпті. Тіпті, кейбір азаматтар бір емес, бірнеше қаруды ұрлап кеткені белгілі болды.
«Мысалы, Талдықорғанда 5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан, қалалық Полиция басқармасының ғимаратынан 7 Макаров тапаншасы мен 1 Калашников автоматын ұрлаған осы қаланың үш тұрғыны ұсталды. Ұрланған қару тәркіленді. Күдікті адамдар сот санкциясымен қамауға алынды. Жамбыл облысында Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Оның гаражында 4 автомат, 8 жарақаттайтын тапанша, 1 газды тапанша, олардың оқсалғыштары, 945 бірлік оқ-дәрі және суық қару табылып алынды», – деді С.Әділов.
Оның айтуына қарағанда, тауып алған қаруларды ерікті түрде тапсырған азаматтар әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке тартылмайды екен. Сондықтан полиция офицері азаматтарды қаруды ерікті түрде тапсыруға шақырды. Бірақ ұрланған мүлікті іздестіру жалғаса бермек. Қазірдің өзінде біршама мүлік табылыпты. Атап айтқанда, жедел із кесу мен тергеудің нәтижесінде азаматтар мен бизнес субъектілерінің жалпы сомасы 110 млн теңгеге бағаланатын ұрланған мүлкі, оның ішінде 10 автомашина, 301 дана тұрмыстық техника, 188 дана зергерлік бұйым, 250 ұялы телефон, 16 млн теңге, 472 дана киім табылыпты. Ал тонау мен ұрлық істегендердің бірқатары бұрын істі болған азаматтар екені белгілі болған. Күдікті адамдардың өмір салты мен жеке басын зерделеу олардың үштен бірі немесе 113-і бұрын сотталған адамдар болып шықты. Соның ішінде кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық үшін сотталғандар басым. Ал 8-і ұрлық, тонау сияқты қылмыстар үшін республикалық іздестіруде болыпты.