Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін бірден-бір фактор. Жең ұшынан жалғасқан бұл қылмысқа тоқтам болмай елдің дамуы екіталай. Дамуды былай қойғанда, қолда барды ұстап қалудың өзі қиындық туғызады. Өйткені жемқорлықтың қоғам өмірінің кез келген саласына «әмірін» жүргізуі бұқараның билікке деген сеніміне сызат түсіреді. Ал халықтың сенімі жоғалған жерде мемлекеттік бағдарламаларға, түрлі реформаға күмәнмен қарайтындар көбейді. Оның нәтижесі қандай боларын «қаңтар оқиғасы» көрсетіп берді. Сонымен, қазір жемқорлықпен күресті тиімді жүргізудің жолдары қандай? Сарапшылардан сұрадық.Айдар ЕГЕУБАЕВ,
Transparency Kazakstan қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы:
– Шынында, қазір Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күрес саласына ауқымды реформа қажет. Ол «хирургиялық араласуды» қажет ететін «ауру» деңгейге жеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы да ведомствоның жемқорлықтың алдын алуға қауқарсыз екенін мойындады. Демек, реформаның, өзгерістің қажеттілігі дау тудырмайды.
Түбегейлі өзгерісті сыбайлас жемқорлықпен күрестен бастаймыз десек, ең әуелі ашықтықты қамтамасыз етуді қолға алғанымыз жөн. Әрі ғылымның әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылдаудағы рөлін нығайтуды құптаймын. Технологиялық «төңкерістер» қысқа мерзімде дұрыс әрі нақты шешім қабылдауды қажет етеді. Бұл орайда бізге Ғылым академиясы мен оның барлық 19 институтын қайта жандандыру қажеттілігі туындайды.
Ал сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы өзгерістер енгізуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Парламентке бағынышты етуден бастау керек деп білемін. Әрі салаға бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істемеген, есесіне экономиканың нақты секторында көпжылдық тәжірибесі бар мамандарды көптеп тартқан жөн.
Жемқорларды қатаң жазалау үшін соттарды өзге билік органдарына бағынышты етуге жол бермеуіміз қажет. Олардың әрбір әрекетін ашық жариялап отыру үшін журналистер батыл журналистік зерттеулерге барғаны жөн. Сәйкесінше, билік тарапы оларды құқықтық қорғаудың тетіктерін қарастырғаны дұрыс болады. Отбасы шетелде тұратын адамдарға жоғары лауазымды қызметтер тағайындауға тыйым салынғанын қаламаймын.
Шынын айту керек, сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтық қоғам институтының рөліне де тиісті деңгейде ден қоя алмай жүрміз. Осыдан 16 жыл бұрын Қазақстан Президенті жанында демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия болған. Қазір де Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты диалог алаңы бар. Бірақ онда айтылған ұсыныстарға құлақ аспай жатыр.
Есесіне мемлекеттік қызметкерлер әлемдік рейтингтерді жариялайтын халықаралық ұйымдардың өкілдерімен ғана санасады. Онда да мәселені шешуден бұрын халықаралық беделге ие болуды көздейтін көзқарас басым. Transparency International ұйымының сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың соңғы индексі бойынша Қазақстан жемқорлық жайлаған Гамбия мен Шри-Ланкамен теңесіп, рейтингте 102-орынға дейін түсті. Алайда бұл ақпарат ешқайда жарияланбады.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
Paper Lab зерттеу орталығының
жетекшісі, әлеуметтанушы:
– Дамыған саяси институттар қалыптасқан мемлекеттерде жемқорлықтың деңгейі төмен болады. Неліктен? Себебі оларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен бірге тұтас мемлекеттік органдар тәуелсіз азаматтық қоғамның бақылауында. Демек, бізге де жемқорлықпен күресте осы тәжірибеге сүйене отырып, демократиялық саяси институттарды орнатып, олардың белсенділігін арттырған жөн. Ал дамыған саяси институттар дегеніміз не? Бұл – ең әуелі ашық әрі бәсекеге қабілетті сайлау негізінде жасақталған Парламент. Сөз бостандығының үстемдік құрып, БАҚ-қа еркіндіктің берілуі. Ең бастысы, әділ жұмыс істейтін сот жүйесі. Міне, осы институттардың әлеуеті толық пайдаланылмай, олардың тарапынан бақылауынан тыс қалған қоғамда жемқорлық тамырын тереңге жаяды.
Ал бізде құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдарды да жемқорлық жайлаған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда жемқорлық дертіне шалдықпаған бірде-бір мемлекеттік орган жоқ. Яғни, қазір көпшілік айтып жүрген саяси реформаның ең басты нәтижесі елдегі жемқорлық деңгейінің төмендеуінен көрінеді. Олай болмаған жағдайда жемқорлықпен күрестің басқа тәсілдері нәтиже бермейді.
Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күресуде азаматтық қоғам институттарының ықпалы зор. Бірақ бұл институттардың демократиялық елдердегідей өздігінен қалыптасқаны дұрыс. Сонда ғана олар мемлекеттік институттарды қоғамдық бақылауға алып, ондағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге кедергі келтіреді. Біздегідей азаматтық қоғам ұйымдарын мемлекет тарапынан қаржыландыру тәжірибесі керісінше бұл институттардың дербестігін жояды. Олардың өздерін қаржыландырып отырған мемлекеттік институттың былығын әшкерелеуге батылы жетпейтіні түсінікті.