Уәде етілген үстемеақы мен жеңілдіктер берілмей келген
Жылдың екінші айы басталысымен №9 қалалық емхананың ұжымы наразылық білдіріп, дау шығарды. Былтыр қыркүйек айында Medical Center SHUBARSU ЖШС-ның «Қызылжар» емханасына ауыстырылған мекеме ұжымының шағымы көп. Себебі Денсаулық сақтау басқармасы осынау емхананы сенімгерлікке, яғни жекеменшікке өткізгенде барлық үстемеақы мен жеңілдіктердің, қызметкерлердің орны сақталатынын айтқан. Алайда берілген уәделер сөз күйінде қалып отырғанын айтып, ашынды мұндағы ұжым. Үстемеақы мүлдем төленбей, МӘМС тарапынан берілетін еңбекақы кешіктірілген. Сонымен қатар бөлімшелерді аралағаны үшін берілетін жол ақылары да сағымға айналған. Одан бөлек, штат санының аздығына орай медицина қызметкерлеріне жүктеме көбейіп кеткен. Осының барлығы да бірнеше айдан бері қайталанып, шыдамы таусылған ұжым қызметкерлері ақыры айқай шығарды. Қызметкерлер нарызылық таныта бастаған соң «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Ұлт денсаулығы» мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесі жағдаймен танысу мақсатында мекемеге барып, мәселенің шешімін табуына ықпал етті. «Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан №9 емхана ұжымы талапқа сай емес ғимаратқа көшірілген. Сонымен бірге, уәде етілген үстемеақылар да төленбеген. Кеңес күшелері жедел көшпелі жиын ұйымдастырып, жұмыс беруші мен жұмысшының кәсіподақ арқылы мәмілеге келуіне ықпал еттік. Сөйтіп, келісімшарттарына өзгеріс енгізілді», – дейді кеңес төрағасы Есенбек Серкебаев. Айта кетейік, №9 емхана қызметкерлері былтыр да мекеме басшылығы мен жергілікті билік тарапынан болған келеңсіздіктерге қайта-қайта шағымданған болатын.Алматылық компания ұтып алған
Дәл осыған ұқсас шағым №2 қалалық емханада да жиі бой көтеріп келеді. Жуырда емхана қызметкерлері мен науқастар ғимаратқа кіре алмай, таңғы салқында далада тұрып қалды. Осыдан 3 ай бұрын да қызметкерлер жұмыс істейтін мекемеге кіре алмай, қақпа алдында қаңтарылып қалған-ды. Себебі ғимарат иесі аяқасты нысанды босатуды талап еткен. Ендеше жекеменшік иесі неге аяқасты бұл қадамға барды? Бұл жағдай неге қайталана береді? Жергілікті билік, Денсаулық сақтау басқармасы мәселенің оң шешілуіне неге мүдделі емес? Мұнда да проблема мекеменің сенімгерлікке берілу кезеңінен басталған екен. №2 қалалық емхана қызметкерлерінің айтуынша, соңғы бес жылда үшінші мәрте ғимарат ауыстырыпты. Мұның алдындағы ғимарат тозып тұрса да провизорлық стационарға берілгендіктен бұлар осында көшіп келген. Абай даңғылы №35 үйдегі емхана ғимараты қазір қаңырап бос тұр екен. Алайда оған күрделі жөндеу жүргізілмесе, өте ескі, бару мүмкін емес дейді бас дәрігер. Бүгінгі отырған ғимараттарын жалға алыпты. «Мұнда көшіп келгенде бас дәрігер басқа кісі болған. Қандай келісімдер болғанын білмеймін. Бірақ мен мемлекеттік мекеме болған соң ай сайын газы мен электр энергиясына, суына аренда есебінен коммуналдық төлемдер төлеп отырмын. Осы шығындар үшін айына орта есеппен 1,5 миллион теңге мөлшерінде төлейміз» дейді бас дәрігер Нұрбике Адембаева. Ал ғимаратқа иелік ететін компания, яғни BAIR GPOUP ЖШС-ның директоры Қаныбек Қанатбекұлы емхана екі жылға жуық ақысын төлемей жұмыс істеп келе жатқанын, тіпті біраз уақыттан бері емдеу мекемесінен коммуналдық қызметтер де алынбағанын айтады. Соның салдарынан ғимарат есігін жабуға мәжбүр болған. «Пандемия басталғанға дейін біз осы жерден жеке медициналық орталық ашуды ұйғарып, ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бізге қала әкімдігінен мамандар мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы келіп, осы жерден провизорлық стационар ашуды ұсынғанымен оған қарсы болдық. Одан соң стационарды №2 емханадан ашып, оларды бізге көшірді. Сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсыныс та айтқан. Әу бастан медициналық орталық ашамыз деп отырғандықтан бізге бұл ұсыныс сәйкес келіп, келісім бердік. Алайда өткен жылы емхананы сенімгерлік басқаруға беруге жарияланған конкурсты алматылық компания жеңіп кетті. Сондықтан біз ғимаратты босату туралы қайта-қайта ескертіп жатырмыз. Алайда ешқандай шара қолданылмай келеді», – деп атап өтті компания басшысы. Сонымен, бұл емхана Шымкентте ешқандай ғимараты жоқ алматылық компанияға сенімгерлікке берілген болып тұр. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, емхананың бұрынғы ғимараттары 100 пайызға тозығы жеткен және жабдықтардың 80 пайызға жуығы ескірген. Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі емхананы соңғы үлгідегі диагностикалық және функционалдық медициналық құрылғылармен жабдықтау қажет тілігін ескере отырып, қолда ныс тағы заңнамаға сәйкес 15 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурс өткізген. Сенімгерлік басқаруға беру арқылы ем хананың компьютерлік томографиямен, магнитті-резонансты томографиямен, флюроскопиялық аппараттармен, барлық датчигі бар ультрадыбыстық, маммогра фия лық аппараттармен және жоғары сапалы талдаулар жүргізуге ар налған бірқатар соңғы зертханалық диагностикалық құрылғымен, жаттығу терапиясымен қамтылу мүмкіндігі бар екенін айтады. Осылайша, тендер талаптарына сай болып табылғандықтан ойда-жоқта алматылық компания сенімгерлік басқару құқығына ие болып, жеңіп кетеді. Салдары, міне. Талап бойынша сенімгерлік басқаруға алған тендер жеңімпазы бейіні мен штаттық кестесін сақтай отырып, аталған шарт бойын ша барлық міндеттемені өз мой нына алуы, шарт жасалған сәттен бастап емхананың барлық міндеті сенімгер басқарушыға жүктелуі тиіс. Дегенмен алматылық компаниядан хабар жоқ. Бас дәрігер бұл тақырып өткен аптадан бері қоғамда үлкен пікірталас тудырып отырғанына қарамастан алматылық компанияның еш хабарсыз екенін айтып ашынды. «Сенімгерлік басқару құқығына ие болған алматылық компаниямен арада келісім жасалған жоқ. Мен қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймадым. Себебі олар маған нақты қайда баратынымызды, қай ғимаратқа көшетінімізді айтып, ұсынбай отыр. Егер бізге «мына жерге орналасамыз» деп ашығын айтса, мен келісемін ғой. Қол қойып берсем мына жерден шығып кетуіміз керек. Біз қайда барамыз? Мұнда бекітілген 60 мыңға жуық халық медициналық көмексіз, қызметкерлер жұмыссыз қалады емес пе? Егер ондай жауапсыз болса мұндай компанияның бізге не керегі бар? Өзімізді жеке қалдырсын», – дейді Нұрбике Абдрасылқызы.Бас дәрігер жұмыстан кете ме?
Бір қызығы, осы жағдайдан кейін Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы тарапынан бас дәрігермен еңбек шартын бұзу туралы бақылау комиссиясына ұсыныс түскен. Енді бұл жағдай бақылау комиссиясының шешімімен реттеле жатар. Алайда бізді жергілікті билік те, басқарма да қараша айынан бері мұны неге реттемей отырғаны таңдандырып отыр. Тіпті, екінші рет қайталанған оқиға орнына биліктен не болмаса басқармадан аяқ басқан жан болмады. Ал «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Ұлт денсаулығы» мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесі әдеттегіше оқиға орнына көшпелі жиын ұйымдастырып, тікелей бақылауына алатынын айтты. «Ешқандай ғимараты жоқ алматалық компанияның ұтып алғаны жұмбақ. 2021 жылы қараша айында өткен мемлекеттік сатып алуда сенімгерлік басқаруды Алматы қаласының AUHAL ЖШС ұтып алған. Алайда алматылық компанияның Шымкент қаласында ғимараты болмағандықтан мұндағылар арада 4 ай өтсе де, нақты қайда көшетінін білмей отыр. Мұны Денсаулық сақтау басқармасы жуық арада шешімін тауып, ретке келтіруі тиіс. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанға да қоғамдық кеңестің алаңдаушылық білдіріп отырғаны жөнінде хат жолдадық» дейді кеңес төрағасы Есенбек Серкебаев. Осылайша, бір аптаның ішінде шымкенттік сенімгерлік басқаруға берілген екі емханада дау туып жатса да, былқ етер билік жоқ. Ал басқарма басшысы кезекті еңбек демалысында.Шымкент қаласы