Семейде жұрт жаңадан салынған үйдің сапасына наразы. Алты жыл бұрын бой көтерген көпқабатты баспананың құрлысы сын көтермейді дейді жиналғандар. Өйткені қатты дауыл соққанда үйдің сыртқы сылағы опырылып түскен, - деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Семейдің шетінен жаңадан тұрғызылған Қарағайлы ықшам ауданы. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі баспананы несиеге алған. Әйтсе де берешекке белшесінен батқан қараша үй құрлысының сапасыз жүргізілгенін айтып зар қағуда. Он қабатты үйдің құрлысы 2017 жылы аяқталған. Тұрғындарға су жаңа баспананың кілті табысталыпты. Мердігер мекеме үйдің сыртын жылу сақтайтын пеноплекспен қаптап, оның үстін сылап тастаған екен. Бірақ бұл оқылықтары тұрғындарға жылу емес, қайғы әкеле жаздады. Дауылға шыдас бермеген сылақ әп-сәтте опырылып құлап түскен. Үйдің сыртқы қасбеті қазір қаусап тұр.
"Бала-шағаның, үлкен кісінің қауіпсіздігі керек. Әлі көктем басталған жоқ. Қар еріп тамшы аққанда құлағаның әкесі сонда болады. Мұны қолға алу керек", - деді Қарағайлы ықшам ауданының тұрғыны Жұмабек Итбаев.
Сапасыз құрлыстың кем-кетігі бір түйеге жүк болардай. Қарашаның айтуынша, кәріз жүйесінен де жиі ақау шығады. Себебі, оған тартылған құбыр талапқа сай келмейді. Оның үстіне, пәтерлердің ішкі қабырғалары да шытынап жатыр. Ал үйге берілген үш жылдық кепілдік мерзім аяқаталған. Сондықтан тұрғындар оқылықтың орнын кімнің түзететінін білмей дал. Атқамінерлер құрлыстың қателігі құжатпен расталуы керек дейді.
"Бұл өтініштерді біз мемлекеттік сәулет басқару, құрлыс басқармасына жолдадық. Өтініштерді қарау бүгінгі күні басталды. Комиссия қарап шешім қабылдағаннан кейін, толығымен қашан, қай уақытта қалпына келтірілетіні тұрғындарға хабарланатын болады", - деді Семей қаласы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салия Жұмабаева.
Мамандар құрылған арнайы комиссияның қорытындысы он күн ішінде белгілі болатынын жеткізді. Бірақ жұрт істі сағызша созып жібере ме деп қорқады. Сондықтан олар аты жаңа, заты ескі үйдің мәселесін тезірек шешіп беруді талап етуде.