Клуб кәсіпкерлердің жарнамасын қазақшаға тегін аударып бермек
Клуб кәсіпкерлердің жарнамасын қазақшаға тегін аударып бермек
386
оқылды
«PR-шы» қоғаммен байланыс кәсіпқойлары Клубының мүшелері визуалды жарнамалық ақпаратты қазақ тіліне бейімдеп, тегін аударып беруге дайын. Аталған клубтың берген мәліметінше, жақында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қабылдауынан кейін көптеген кәсіпкерлер үшін мұндай көмек ауадай қажет болып отырған көрінеді. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2021 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған Заң бойынша, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады. Демек, кәсіпкерлердің аталған ақпараттары қазақ тілінде болуы шарт. Осы орайда, кей жарнаманың тікелей, сауатсыз аудармасы халық көңілінен шықпай жататыны да бар. Қолға алған бастама сол олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп отыр. «PR-шы» клубына коммуникация нарығында тәжірибесі зор мамандар кіреді. Біз кәсіпкерлерге өз клиенттерімен және серіктестерімен сауатты қарым-қатынас жасауға көмектесуге қуаныштымыз. Бұл түптеп келгенде елдегі PR және жарнама саласының дамуына және оның стандарттарының жоғары болуы септігін тигізеді», – дейді, Клуб президенті Татьяна Шевченко.