Аймақтағы ағайынның Қазпоштаға айтар сыны көп. Жұртшылықтың компания жұмысына көңілі толмайды. Алайда бұған Қазпошта қызметкерлерінің де айтар уәжі бар. Ауылдағы ағайын не дейді, компания қызметкерлері ше?
Жезқазғанда қалай?
1999 жылдың 20 желтоқсанында ашық АҚ болып қайта құрылған компания қалалар мен ауылдық аймақтарда пошталық, қаржылық және логистикалық бағыттағы толық қызмет көрсету міндетін мойнына алған болатын. Алайда қазір «Қазпошта» АҚ-ның аты жақсы жағынан шығып жатқан жоқ. – Бұрын пошта байланысының Жезқазған қалалық торабының бірнеше бөлімшесі жұмыс істеп, қаламен қатар аймақтағы барлық ауылдарды қамтитын. Осы кейінгі бір-екі жылдың ішінде Ұлытау ауданына қарасты ауылдардың барлығында, сондай-ақ қала іргесіндегі Кеңгір, Талап ауылдарындағы пошта бөлімдерінің есігі тарс жабылып, қызмет көрсету тоқтатылды. Енді осындай қисынсыз жағдай қалаға да төніп тұр. Қаладағы С.Сейфуллин көшесіндегі кең, қолайлы ғимаратта орын тепкен пошта байланысының №4 бөлімшесі өткен жылдың соңғы тоқсанында өзінің негізгі қызметтерін тоқтатты, – дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Амандық Рахов. Мұнда пошта жөнелтімдерінің барлық түрлерін қабылдап, өңдеп, тасымалдаумен қатар Ұлттық банкінің лицензиясына сәйкес қаржы операциялары жүргізіліп, түрлі ақша аударымдары да жасалып келген. Қазір бұл жерде сырт жерлерден келетін сәлем-сауқаттарды тарататын бір ғана оператор жұмыс істейді. Қалған қызмет түрлері жоқ. Шағын төлемдер жасауға қолайлы халыққа қызмет көрсету орталығындағы, салық инспекциясындағы және автовокзалдағы пошта нүктелері де жабылып қалған. – Бүкіл қала тұрғындарына қызмет көрсететін Желтоқсан көшесіндегі бір ғана бөлімше жұмыс істейді. Мұндағы ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрған адамдар хат-хабар жіберу немесе үйдің салығын төлеу сияқты болмашы шаруа үшін жарты күнін жоғалтып, босқа шаршап-шалдығумен жүр. Кезектің жылжуы да баяу, адамдарға бір терезеде ғана қызмет көрсетеді,– дейді Амандық Рахұлы. Осында келушілердің қайсымен сөйлессеңіз де, өкпе-реніштерін алға тартады. – Бұл саланың қызметі жақсару орнына жылдан-жылға құлдырап барады. Поштаға келіп, кезекте тұрумен қаншама алтын уақытымыз босқа кетіп жатыр. Қызметкерлері жалақысының төмендігін сылтауратады. Өз жұмыстарын дұрыс істей алмау басшылық тарапынан талап пен тәртіптің болмағанында, – дейді белгілі кәсіпкер Фарида Дәулетбаева. «Қазпошта» АҚ қалалық торабы жұмысының осыншама нашарлап, қалжырауының себебі неде? Жуық маңда тығырықтан шығар жол бар ма? Бұл туралы пошта байланысы Жезқазған қалалық торабының басшысы Айбол Болатбеков: – Қаладағы №4 бөлімшені пошта байланысының операторлары жетіспеуіне байланысты уақытша жаптық. Қаржымен жұмыс істеу оңай емес, бағдарлама қиын. Оператор әмбебап болуға тиіс. Екі адам вакцина алмаймыз деп жұмыстан шығып кетті, бір адам декреттік демалыста. Хабарландыру беріп жұмысқа шақырып жатырмыз. Бұл жағдайды жұмыспен қамту орталығы да, әкімдік те біледі. Оператордың жалақысы 78 мың теңге, қолға таза алатыны – 68 мың теңгедей. Бізге кемінде 5-6 оператор керек. Соларды түгендесек, №4 бөлімшені жұмыс істетуге болады. Қазір бүкіл қаланың адамдары осы бөлімшенің қызметіне жүгінеді. Соның салдарынан үлкен кезек туындады. Пошта тасушылар да жетіспейді. Екі пошташының орны бос тұр. Ауылдағы пошта бөлімшелері де жабылып қалған. Әкімдері аптасына бір рет поштаны алып кетеді. Пошта бөлімшелері Ұлытау ауданының орталығы мен Жезді, Қарсақбай кенттерінде ғана қалды. Тығырықтан шығу үшін жалақыларына 30% үстеме қосып, айлықтарын 102 мың теңгеге жеткіздік, – дейді. Пошта жеткізу бөлімі меңгерушісінің айтуынша, қазірде 3 пошташы жетіспейді. Олардың айлық жалақысы 71 мың теңге екен. Табыс салығы, зейнетақы жарнасы сияқты тиісті төлемдерін ұстағанда қолдарына 57 мың теңге алады. Бұрын қала бойынша 15 пошташы болса, қазірде штатта 10 адамға ғана орын бар. Айлықтың аздығы мен жұмыстың ауырлығынан оның өзі толық жетіспей отыр. «Қазпошта» АҚ-ның Жезқазғандағы бөлімшесі жұмысының шатқаяқтап, нашарлауы бүкіл өңірдегі баспасөзге жазылу, хат-хабар мен сәлемдемелер жеткізу істерінің тоқырап, тоқтап қалуына әкеліп соғуда. Мәселен, 2600-дей тұрғыны бар қала іргесіндегі Кеңгір ауылында пошта бөлімшесінің жабылып қалғанына бір жылдан асыпты. Талап ауылында да осындай жағдай. Мұнда 635 тұрғын бар. Ал Жезқазған қаласынан 300, аудан орталығынан 320 шақырым шалғайдағы Қоскөл ауылының ахуалы, тіпті қиын. Бұрын 15 мың теңге төлеп зейнетақы тарататын бір адам ұстаған екен. Қазір пошта қызметі мүлдем жоқ. Ауыл пошташысының қысқартылып қалғанына бір жарым жыл болған...Ақтоғайда ше?
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында да жағдай мәз емес. Мұнда да пошта қызметі ақсап тұр. – Кеңес өкіметі құлап, тәуелсіздік алғанымызға да, міне бақандай 30 жыл болыпты. Сол отыз жыл бойы пошта байланысы қызметі жұрттың жүйкесін жұқартып келеді. Алайда «Қазпошта» АҚ мызғымас қара жартас па дерсің. Жоғары жаққа жолдаған елдің арыз-шағымы жаңғырық болып кері қайтуда. «Қақсай, қақсай қасқырдан да ұят болды» демекші, «Қазпоштаның» пошта қызметіне шағым айта ел де жалықты. Сірескен сең бұзылар емес. «Баяғы жартас – бір жартас», газет-журнал оқитын, көзі қарақты оқырманның зарына құлақ асатын пенде жоқ. Облыстық басылымның Ақтоғай, Шет аудандарындағы тілшісі болған соң шарасы қалмаған ағайын көбіне-көп өкпе-ренішін бізге айтып жатады, – дейді Ақтоғай ауданы тұрғыны Мүсіркеп Сейдахмет. Ақтоғай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан, еңбек ардагері Жанғабыл Қызылбаев ақсақалдың пошта қызметіне көңілі толмайды. – Жасым 80-ге аяқ артты. Мені «газетке жазыл» деп ешкім міндеттеп, мәжбүрлемейді. Өзім үшін оқимын. Жыл сайын жергілікті пошта бөлімшесіне өз аяғыммен барып, міндетті түрде Ortalyq Qazaqstan, «Ақтоғай ажары» газеттеріне жазыламын. Ел, аймақ, аудан аумағында болып жатқан оң өзгерістер мен жаңалықтарды қалауат жібермей оқып, біліп отырамын. Ертеден келе жатқан дағды ғой. Дегенмен жазылғанымыз қане, газет үнемі кешігіп келеді, – деп кейістігін алға тартты. Ал Ақтоғай энергетика саласының ардагері Әуелбек Қапасов ағамыздың пошта қызметіне айтылған сынға орай тиісті шара қолданыларына сенімі аз. – Бір күн газет келмей қалса, тыпыршып үйге сыймаймын. Телефон шалып, пошта таратушыға, тіпті шыдамай поштаға барып, «газетті кешіктірмей, неге мезгілінде таратпайсыңдар?» деп айтудай-ақ айтасың. Бірақ арызыңа құлақ асатын олар жоқ, – дейді ақсақал. Аудандық пошта байланысы бөлімшесінің басшылығы газет тарату ісінде кемшіліктер барын мойындап отыр. – Оқырманның реніші орынды. Қарағанды – Ақтоғай бағытында жүретін автобус тоқтап тұр. Бұрын газет автобус арқылы жеткізіліп тұрды. Қазір бұл міндетті облыстық пошта байланысы бөлімшесі өз мойнына алған. Ара-арасында газеттің кешігіп келетінін жоққа шығармаймыз. Ақтоғай ауылы бойынша газетті екі пошташы таратады. Солардың бірі шаруасы шығып қалып, бір аптаға сұранып кетті, – деді пошта бөлімшесінің басшысы Н.Сейілханов. – Бізге мәлім болғандай, газет-журнал мекеме-ұжымдардың қолына поштаға келген күннің ертеңіне тиеді екен. Демек, газет-журнал аудандық пошта бөлімшесіне дер кезінде жеткізіліп тұр. Олай болса, неге сол уақытында келген газет оқырманға кешігіп барады?! Жауап – жалқы. Ақтоғай ауылы бойынша екі пошта таратушы ғана бар. Айналдырған екі пошташы 30-40 мекеме мен ат шаптырым ауылды аралап, газет таратып шыққанша, әрине апта өтеді. Пошташыларды да түсінуге болады. Небәрі 56 мың жалақы үшін алаөкпе болып жүгіруге кімнің болсын, зауқы соқпасы белгілі. Жалақысы мардымсыз жұмысқа жұлқынып тұрған және ешкім жоқ, – дейді Мүсіркеп ағамыз. Басылым алдында «Қазпошта» АҚ-ның газетті тасымалдау мен тарату жөнінде мойнына алған міндеті бар. Алайда азуын айға білеген «Қазпошта» секілді алпауытқа ешкімнің тісі батып, сөзі өтер емес. Майдаланып бара жатқан алпауыт компания қашан жөнге келер екен?!Қарағанды облысы