Трансплантологтерге неге шүйлігіп жатыр?
Трансплантологтерге неге шүйлігіп жатыр?
428
оқылды

Естеріңізде болса, осыдан 2,5 жыл бұрын Шымкент қаласындағы  белгілі трансплантологтер Абылай Донбай мен Ғани Құттымұратов ұсталып, қамалған болатын. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қыз­меті оларды адам ағзасын заңсыз алу күдігіне ілікті деп хабарлады. Оларға транс­ұлттық қыл­мыстық топ­қа қатысты, адам ағзасын заңсыз алу және жалған құжаттар жасады деген айып тақты.

2019 жылы болған бұл атышулы оқиға қоғамда үлкен талқыға түсті. Себебі бұл кез Шымкентте бүйрек және бауыр трансплантациясы дамып келе жатқан тұс болатын. Ал қолына кісен салынған дәрігерлер қолдан-қолға тимей, бүйрек жетіспеу­шілігінен зардап шегіп жүрген талай жанға өмір сыйлап жүрген.  Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Шымкентте медициналық туризмнің негізі қалып­тасып, шетелден келіп ота жасатып жат­қан­дар көп болды. Өкініштісі сол, айып­тауға да шетелден келгендер себеп болған секілді.

Тағылған айып дәлелденбеді

Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тер­геу барысында  2017-2018 жылдары шетел азаматтарының Қазақстан аума­ғын­да адам азғаларын сату бойынша әрекет етіп келгенін анықтайды. Олар тұрмыстық ауыр жағдайға тап болған өзбек, қырғыз  және украина азаматтарының ағзаларын сатып алып, израильдік және басқа да қалталы шетелдік реципиенттерге сатып жүрген. Ал «Абылай Донбай мен Ғани Құт­ты­мұратов осынау қылмыс­тық топ мүше­лерінің әрекеттерін білсе де, олармен алдын ала ымыраласу арқылы заңнамада ты­йым салынғанына қарамастан қомақты ақшалай сыйақыға бүйректі алу және қайта салу заңсыз операцияарын жүргізген» деп айыпталды. Сол кезде қылмыстық топтың мүшесі ретінде қырғыз елінің азаматшасы Б.Тайсалова да ұсталды. Алайда бір жылға созылған істі қарау барысында Нұр-Сұлтан қаласының маман­дандырылған ауданаралық соты айыпталушыларды кінәсіз деп таныды. Екі трансплантолог та  ақталып шықты.  Ал басты фигурант қырғыз азаматшасы Бермет Тайсалова 6 жыл 8 айға сотталған. Тайсалова Қазақстандағы медицина ұйым­дарында ағза алмастыру бойынша ота өткізу үшін жалған құжат жасаумен айналысыпты. Трансплантолог мамандар құжаттардың заңсыз екенін білмеген және қызмет ақысы медициналық мекеменің есеп бөлімі арқылы жүргендігі дәлелденген. Алайда Құттымұратов жасаған отаның бірінде науқастардың бірі ВИЧ жұқтырғаны белгілі болып, судья өз міндетін тиісінше орындамағаны үшін дәрігерді 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ көп ұзамай ол да босап шықты.

Хирургтерден қолыңды тарт

Осымен іс жабылған болатын. Жуырда республикалық «Өмір сыйы» трансплантация пациенттері қауымдастығының президенті Сандуғаш Орынбаева әлеумет­тік желісіндегі парақшасына «Хирургтерден қолыңды тарт! Олар біздің баға жетпес өмірімізді сақтап қалатын жай ғана дәрі­гер­лер»  деген ұранмен қоғамға үндеу жариялады. Онда  бір жыл бұрын соттың ақтап шығарған шешімін Бас прокуратура қайта қозғап,  Жоғарғы Сотта қаралатынын жазды. «Дәл қазір елдегі қиын жағдай кезінде олардың айналысатын басқа шаруасы жоқ па? Әлде ақтау үкімінен соң жазалануы тиіс өз ісіне салғырт қараған прокурорлар мен тергеушілерді жаза­ламаудың әрекеті ме? Прокурорлар мен тергеушілер хирургтерімізді трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп,  медицина қайраткерлерінен бастап жоғары шенді азаматтарды, тіпті қара­пайым дәрігерлер мен медбикелерге дейін жауапқа тартып, сот-медициналық сараптамалар тағайындап, тергеушілер шетелге дейін  іссапарға шықты. Осылайша, сот тергеу тарапынан өрескел заңбұзу­шылық­тарға барды. Нәтижесінде, 1 жылдан аса қамауда отырған трансплан­тологтеріміздің ешқандай кінәсі дәлел­ден­бей, толық ақталып шықты. Енді келіп қай­тадан осынша әуре-сарсаңға түсір­мек­ші» деп ашынды қауымдастық президенті. Сондай-ақ олар жауапқа тартылып жатқан­да ағза ауыстыру шараларының күрт төмендегенін, кезек күтіп қайтыс болған науқастардың саны 300 адамға жеткенін, осындай орынсыз қудалаудан қорыққан өзге де алтын қол­ды хирургтердің маман­дығынан бас тартқанын және шетелге кету дерегінің көбейгенін, трансплан­тацияға мұқтаж жандардың Қазақстаннан үмітін үзіп, өзге елге кетіп жатқандардың көбей­генін тілге тиек етеді. Бәрінен бұрын кінәсіз жандарды «ұсталып, қамалды» деп жарияға жар салып, оларға моральдық тұрғыдан зор зардап әкелгенін де айтады. Ал «Ұлттық ғылыми кадиохирургия орта­лығы» АҚ өкілі Сәуле Шайсултанова трансплантолог дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс осы саланың дамуына едәуір нұқсан келтіргенін, халықтың сенімінің азай­ғанын жеткізген.  2022 жылдың қаң­тары­ның өзінде  кезек күткен 29 адам  ба­қилық болыпты. Қазір 3 500 адам ағзасын ауыстыру үшін кезекте тұрса, олардың саны жыл сайын артып келеді.

Ішкі істер министрлігінің дәрігерлерде өші бар ма? 

Сот шешімімен ақталып, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне қайта кіріскен белгілі дәрігер Абылай Донбай бұл істің қайта қаралып жатқанын растап, 22 ақпанға бірінші сот отырысының тағайындалғанын атап өтті. «Бір жыл бойы жүргізілген сот отырыстарында Ішкі істер министрлігі таққан бірде-бір айып дәлелденбеді.  Трансұлттық қылмыстық топ деген бап болуы үшін біз өзге елдерде де қылмыс жасауымыз керек екен. Басқа баптар бо­йынша да дерек жоқ. Жалпы, адам ағзасын ауыстырудың өзіндік шарттары, талаптары бар. Біз бір адамға бағынуымыз керек. ҚР заңдарына сай жасалған отаға 40 шақты адам қатысқан. Біз бүгінде марқұм болып кеткен ұстазымыз Мәди Биғалиевтың тапсырмасымен жұмыс істедік. Ал бізді «сол отаның жетекшісі болғансыңдар, ақша алғансыңдар»  деп айыптады. Донор мен реципиент арасында нотариус арқылы  өзара келісім жасалып, ота үшін ақша кассаға төленген. Олар тіпті еліміздің азаматтары емес, шетелдіктер. Істің неге қайта көтерілгенін түсінбей отырмыз. ІІМ-нің дәрігерлерден ала алмай жүрген өші бар сияқты. Біз өз жұмысымызды істеп жүр­ген қарапайым дәрігерміз. «Хабар­ласқан­сыңдар, байласқансыңдар» деп жала жаба берді. ІІМ қайта-қайта прокуратураға хат жазып, қайта көтертті. Енді тағы бір нәрсені тауып алып, әуре-сарсаңға салғалы отыр», – деп күйінді дәрігер. Ал Шымкент трансплантология орта­лығына айналады деген  билік әзірге тып-тыныш. Дәл мұндай қудалаумен медицина, тіпті медицина туризмі де дамымайды. Олар бұдан кейін хирургиялық жолмен адам жанын арашалап қалу үшін тәуекелге баруға қорқатыны сөзсіз. 2017-2020 жылдары Қазақ­станнан 4 259 медицина қыз­мет­кері шетелге кетіпті. 2021 жылдың бірінші тоқса­нын­да тағы 186 дәрігер басқа елдерге тұрақтаған. Депутат Ғалымжан Елеуов Денсаулық сақтау министріне жолдаған сауалындағы айтылған дерек­теме­лердің біреуі дәрігерлердің үстінен қозғалған қылмыстық істердің сапасыз тергелуі, дәлелдемелік базаның нашар­лығы, олар­дың құқығының жиі бұзылуына алып келетінін айтты. Айта кетейік, Шымкентте бүйрек транс­плантациясы 2014 жылы басталып,  осы уақытқа дейін 180 науқасқа ота жасал­ған. Жыл сайын 30-40 адамға бүйрек ауыстырылады.  Бірақ дәрігерлер жауапқа тартылған жылдары екі-ақ адамға ота жасалған. Өңірде жалпы 1 076 адам бүйрек, 150 жан бауыр трансплантациясына мұқтаж. Биыл 12 бауыр, 35 бүйрек ауыстыру жоспарланған. Алайда осы отаны жасайтын трансплантологтер қудалана берсе, мұның бәрі жоспар күйінде қалмақ...

Шымкент қаласы