«Қаңтар оқиғасы» кезінде еліміздің жер-жерінде наразылық білдірген халық бейбіт шеруге шыққан болатын. Алайда Алматы, Тараз, Шымкент секілді кейбір ірі қалаларда бейбіт шерудің арты бүлікке ұласып, қан төгілді. Соның бірі шымкенттік студенттің оқиғасы. Кішкентай баланы өлім аузынан құтқармақ болған студент кенеттен өзі оққа ұшқан болатын.
Оқиға 5 қаңтар күні болған. 21 жастағы Әмір Сағындықов мерекені үй ішімен қарсы алмақ болып, Шымкенттегі әке-шешесіне барған. Өзі елордадағы Медициналық университеттің 5 курс студенті. Ол дәл сол күні дүкенге нан алуға шыққан.
– Нан алуға барсам, дүкен жабық. Содан үйге қайтып бара жатқанда адамдардың балаға көмектесуді сұрағанын естідім. Болашақ дәрігермін ғой, балаға көмектеспек болдым. Бала ес-түссіз жатыр. Дем де шықпайды. Содан жүректің жұмысын ретке келтіру үшін кеудесіне массаж жасадым. Сол кезде белгісіз біреулер оқ жаудырып өте шықты. Қаңғыған оқтың бірі аяғыма тиді, – дейді Әмір Сағындықов.
Айтуынша, ол сол уақытта әкесіне хабарласып, шақырып үлгерген. Әмірдің әкесі екеуін бірге бірден ауруханаға алып барған.
Студенттер альянсы төрағасының айтуынша, қазір Әмірдің жағдайы жақсы, ауруханадан шыққан. «Жарақаты қатты ауыр емес, бірақ әзірге ақсаңдап басатыны бар», – дейді Ілияс Түстікбаев.