«3 теміржол өткелі назардан тыс қалды» – Лисаков тұрғындары депутаттарға мәселелерін айтты
«3 теміржол өткелі назардан тыс қалды» – Лисаков тұрғындары депутаттарға мәселелерін айтты
244
оқылды
Мәжіліс депутаттары – «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Альберт Рау, Самат Ақышев, Әлия Сапарова және Екатерина Смышляева Қостанай облысына барып, Лисаков қаласындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Депутаттар елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы және олардың халық алдындағы берген міндеттемелерін орындау жайлы баяндап, республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын өңірлік жобалар жайында айтты. – Биылдың өзінде республикалық бюджеттен Лисаков қаласы үшін инвестициялық бағдарлама 2 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды.  Бұл қаражатқа жылу трассалары, су құбырлары жөнделеді. Алдағы уақытта Валерьяновка ауылына баратын су құбырының екінші желісі ауыстырылады. Бұл жоспарлардың барлығы сайлауалды бағдарламада жазылған. Әр ауылда тез арада шешуді қажет ететін мәселелер бар. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді А.Рау. Кездесу барысында қостанайлықтар соңғы 2 жылда жолдар жөнделгенін атап өтіп, бірақ Октябрь және Лисаков кенттерін бөліп тұрған 3 темір жол өткелі назардан тыс қалғанын айтты. Сонымен қатар Октябрьский кентінің тұрғындары Тобыл өзенін тазарту және жағажайды жайластыру мәселесін қарастыруды сұрады. Депутаттар тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға алып,  мәселелерді бақылауға алғанын атап өтті.