Жұмыстың өзі – уақытша
Жұмыстың өзі – уақытша
© коллаж: Елдар Қаба
646
оқылды
Жұмыссыздық көптеген әлеуметтік мәселенің ушығуына негіз болатыны жасырын емес. Осы орайда мемлекеттің еңбек нарығын жетілдіруге бағытталған реформаларының нәтижесі маңызды. Алайда жыл басындағы оқиғалар елдегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты шынайы жағдай мен ресми статистиканың арасы жер мен көктей екенін көрсетіп берді. Сонымен бірге айлығы шайлығына жетпей жүрген «жұмыс істейтін кедейлер» санының артуы да салаға түбегейлі өзгерістің қажеттігін аңғартады. Қаңтар оқиғасынан кейін ел­дегі жұмыспен қамту cаласындағы, еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзекті мәселелерді Президент те сынады. Көпшілік те тапқан табысының күнделікті шығындарынан артыл­майтынын айтып, наразылық білдірді. Рас, статистика бойынша «Елдегі орташа айлық 250 мың теңгеден асып, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін ұлғайды» деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, көпшілік тапқаны кедейдің көрпесіндей ары тартсаң бері, бері тартсаң ары жетпейтін жағдайда тіршілік етіп жатыр. Екі жыл­дан бергі пандемияның тұтас экономикалық жүйеге жасаған ауыр соққысынан жұмыссыздар­дың саны артты. Дүниежүзілік банк 2020 жылы Қазақстандағы кедейлік деңгейі 12,7 пайызға дейін өсуі мүмкін деген болжам жасады. Пандемия құр­сауын­дағы алғашқы жылдың өзінде Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінде өмір сүретін отбасы­лардың саны 140,6 мыңға өсіп, 900 мыңға жуық отандасымыз өлместің күнін кешетіндердің санатына жат­қызылды. Әлемдік қаржы инсти­туты елдегі еңбек на­рығына қатысты осындай болжам жасағанымен, біздегі ресми мә­ліметтерде оптимис­тік көзқарас басым. Неге десеңіз, дәл қазір ел­дегі ресми жұмыссыз­дардың саны 451 мың адамға жеткен. Алайда бұл деректің өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар, NEET жастар сияқты түрлі санаттар арқылы «әдемі» бүркемеленгені де жыл басында әшкере болды. Демек, Президент тапсырма­сымен жұмыссыздардың санын азайту, жұмысы барлардың табы­сын ұлғайту бойынша кешенді ша­­ралар легін қолға алатын ве­домство жұмыссыздық деңгейі жайындағы «цензурасыз» ақпа­рат­ты таратуды да ұмыт қалдырмағаны жөн.

Мерзімдік жұмыс мәселені шеше ме?

Жақында Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі биыл елде 444 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын мәлімдеді. Алайда бұл да елдегі жұмыспен қамту көрсеткішін түзете алмайтын сияқты. Өйткені ведомство осы жылы құ­рылатын жұмыс орнының 322 мыңы уа­қытша бо­латынын хабарлады. Осы орай­да «уақытша жұмыс орындарын көптеп құру арқылы ведомство ескі сүрлеуге қайта түсе ме?» деген ой келеді. Себебі уақытша жұ­мыс орындары жұмыссыздардың санын азай­туға айтарлықтай ықпал ете қоймай­тынын министрліктегілер де жақсы біледі. Демек, бұл әдіс жоғарыда айтылғандай, жұмыс­сыздықты белгілі бір деңгейде ұстап оты­рудың амалындай көрінеді. «Ұлағат Консалтинг Групп» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Марат Қайырленов уақытша жұмыс орын­дарының көптеп құрылуын мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың инвестиция тартуға  атүсті қарағанымен байланыстырады. – Елімізде мемлекеттік мекемелерді бы­лай қойғанда, бизнесті дамыту мен қолдауға арналған 30-ға жуық әртүрлі институт бар екен. Ал  уақытша жұмыс орын­дарының көптеп құрылуы осы ме­кемелер мен ұйымдардың инвесторлармен жұмыс істеуге құлықсыздығын көрсетеді. Қазіргі жағдайда тұрақты жұмыс орын­дарын бизнес ұсынады. Ал бизнеске ла­йықты жағдай жасалмай, инвестициялық климатты жақсартуға көңіл бөлінбей, бұл мәселенің шешілуі қиын. Әрине, жұмыссыз жүргендер үшін уа­қытша болса да бос жұмыс орындарының құрылғаны жақсы. Бірақ бұл әдіс жұмыс­сыздық мәселесін түбегейлі шеше алмай­ды, – дейді экономист. Уақытша жұмыс орындарын құрумен жұмыссыздық мәселесі шешіле қоймай­тыны түсінікті. Әрі «жағымды» статистика үшін уақытша жұмысқа орналасқандарға төленетін айлықтың да мөлшері белгілі. Өз кезегінде бұл жағдай жұмыс істейтін ке­дейлер санының өсуіне ықпал етуі мүмкін. – Жасыратын несі бар, бізде де жұмыс істейтін кедейлер мәселесі өзекті саналады. Ал жұмыссыздық деңгейін тізгіндеу үшін қазіргідей уақытша жұмыс орындарын құру мұндай санатқа жататындардың санын арттыра түседі, – дейді Марат Қайырленов. Ескеруге тұратын тағы бір факті уа­қытша жұмыс орнын құрудың әлеуметтік салдары тек жұмыс істейтін кедейлердің санын көбейтуден көрінбейді. Түпкі мақ­саты – жұмыссыздықпен нәтижелі күрестен гөрі жақсы статистика түзуді көздегендіктен, бағдарлама әкімшілері уақытша жұмыспен қамтылғандардың кейінгі тағдырына бас қатырмайды. Осыдан барып межелі мер­зімнен соң олар қайтадан жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Әлеуметтанушы Рамазан Салықжановтың пікірінше, уа­қытша жұмыс орындарын ашуда азамат­тарды кәсіптің жаңа түріне бейімдеп, кәсі­би біліктілігі мен машығын шыңдауға ба­сымдық берілуі керек. Бұл тетік келісім­шарттағы мерзім аяқталған соң жұмыссыз қалғандардың кейіннен тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашпақ. – Тұрақты жұмыс орындарының ор­ны­на уақытша жұмыс орындарының көптеп құрылу мәселесін 2 вектормен қарастыруға болады. Уақытша жұмыспен қамтылған­дар­дың сол қызметінде жүріп, кәсіби бі­лікті­лігін жетілдіргені, не жаңа машықтарға ие болғаны жақсы. Сол ма­шығымен олар  жұмыстан босатылғаннан кейін тұрақты жұмыс табу мүмкіндігіне ие. Ал уақытша жұмыс орнында қосымша біліктілік алмай, кейін қайтадан жұмыссыз қалатындардың мәселесі жауаптыларды ойлантуы керек, – дейді әлеуметтанушы.

Тұрақты табысы бар кедейлер

Жалпы, уақытша жұмыс орындарының көбеюінен бұрын да біздің қоғамда жұмыс істейтін кедейлер жайлы айтылып жүрді. Сырт көзге тұрақты жұмысы, азды-көпті табысы бар көрінгенімен, тиісті өлшемдерге сай ай сайын айлық алатындар да кедей­лердің қатарына жатқызылуы мүмкін. Мә­селен, Дүниежүзілік банк әлемдік кедей­ліктің екі шегін қарастырады. Қаржы инс­титутының есебінше, табысы орта­шадан төмен елдер үшін бұл шек күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллардан кем болмауы керек. Табысы орташадан жоғары елдер үшін бұл көрсеткіш тәулігіне 5,5 АҚШ долларға тең. Ал біздің елдегі бұл көрсеткіш 2,8 АҚШ долларын құрайды. Елімізде қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 мың теңгенің шамасында. 2021 жылғы мәлімет бойынша, табысы дәл осы көрсеткіштен төмен қазақстандықтардың саны 1 миллионға жуықтаған. Егер Қазақ­стандағы ресми жұмыссыздар саны 451 мың десек, онда жұмысы бар 550 мың отанда­сымызды жұмысы бар кедейлердің қата­рына жатқызуға болады. Айлық алып, ке­дейшілік шегінде өмір сүретіндердің саны бұдан да көп болуы мүмкін.  Мәселен, өт­кен жылдың қазан айында газетімізде Жам­был облысындағы 27 пошта қызметкерінің бар болғаны 15 мың теңге айлыққа жұмыс істеп жүргені туралы жазылды. Сол жолы тіл­ші сұрағына жауап қатқан «Қазпошта» ак­ционерлік қоғамы жергілікті филиа­лының басшысы пошта қызметкерлерінің 0,3 бірлік бойынша жұмыс істеп жүргенін айтқан. Оның айтуынша, филиалға қарасты пошта бөлімшелерінде 0,4-0,6 бірлікпен жұмыс істеп 17-20 мың теңге табыс таба­тын­дар да бар екен. Елдегі ең төменгі жа­лақы 42 500 теңге деп бекітілгеніне қара­мастан, 0,1 бірлікпен еңбек шартын жа­сасқан кейбір хат тасушылардың айына 5 мың теңгені қанағат етіп жүргенін де сол кезде құла­ғымыз шалған. Осы жағдайдан кейін елдегі жұмысы барлардың бәрі бір­дей жақсы өмір сүріп жатыр деп асығыс байлам жасауға болмас. Әлемнің өзге елдерінде де мардымсыз жалақымен кедейшілік қамытынан құтыла алмай жүргендер көп. Олардың көбінде елдегі медиандық еңбекақының 60 пайы­зынан аз табатындарды жұмысы бар кедей ретінде есепке алады. Еуропалық статис­ти­калық басқарманың мәліметінше, 2015 жылы Ресейдегі жұмысы бар кедей­лердің үлесі 10 пайызға жеткен. АҚШ-тың өзінде бұл көрсеткіш 7 пайызға жуықтайды. Ал Ру­мынияда әрбір бесінші жұмысшы кедей­лердің қатарына жатады. Бұл деректердің дені пандемияға дейін түзілгенін ескерсек, әлемде тұрақты табысы бола тұра, ке­дейліктен құтыла алмай жүргендердің  саны әлдеқайда көп болуы ғажап емес. Қаңтар оқиғаларынан кейін қызметіне жаңадан тағайындалған Үкімет басшысына Президенттің ең алғашқы тапсырмасы халықтың табысын арттыратын бағдарлама әзірлеу болғаны есте. Мемлекет басшысы­ның су жаңа Премьер-Министрге тұңғыш тапсырмасын орындауға берген 2 айы да зымырап өте шықты. Біз өз кезегінде енді бірер аптада Президентке таныстырылатын бұл бағдарламада жұмыссыздықпен нә­тижелі күрес жүргізу, табысты арттыру арқылы жұмыс істейтін кедейлер үлесін азайтуға тетіктері қарастырылған болар деп үміттенеміз!