Діни радикализм: жақтас жинау тәсілдері
Діни радикализм: жақтас жинау тәсілдері
© коллаж: Әсел Балтақызы
878
оқылды
Қаңтардың басында еліміздің бірқатар аймағында болған дүр­белеңнің бұқара біле бермейтін қырлары бірте-бірте ашылып ке­леді. Әу баста бейбіт мақсатта бас­талған митингті бас пайдасына жаратып, тіпті мемлекеттік төң­ке­ріске дейін ұластырмақ болғандар бар екені де биік мінберлерден ай­тылды. Ал дүрбелеңнің бел ор­та­сында радикал діни ұстанымда­ғы азаматтар тобының болғаны да ай­қындалып келеді. Яғни, бүлікте радикал көзқарастағы адам­дар­дың «үлесі» мол болған сыңайлы. Әрине, қаңтардағы дүрбелеңнің толық мән-жайы мен қыр-сыры тергеу аяқталған соң ашылатыны сөзсіз. Оны Президент Қ.Тоқаев та айтты. Тіпті, наурызда бүлікті ұйымдастырушылардың кім екені де аталуы ықтимал. Алайда елді елеңдеткен оқиғаның ұйымдастырушыларынан бөлек белсенді қатысушылары бар екенін ескеру қажет. Олар – радикал діни идеологияның жақ­тастары. Олардың әрекетін айғақтайтын бейнежазбалар Алматының өзінде бірнеше жерде түсірілді. Қала әкімдігі маңында, Алматыдағы ұлттық музей төңірегінде діни радикалдардың әрекет еткеніне айғақ болатын бейнежазбалар шықты. Ал қоғамда әлі күнге радикалды ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі бар азаматтар аз емес. Ра­дикалдар адамды арбаудың сансыз тә­сіл­дерін меңгерген.

«Қаупің қайдан болса, қатерің содан»

Негізі, Қазақстан қоғамында радикал діни ұстанымдағы азаматтардың аз емес екенін бұқара біледі. Әдетте, ислам атын жамылған радикал топтар алдымен ҚМДБ қызметін, Бас мүфтиді мойындамайды. Маз­хабтарға қатысты көзқарастары да бөлек. Діни үкімдер мен қағидалардың да ең қатал, радикал бағытын ұстануға әуес. Бірақ ресми түрде тыйым салынған экс­тре­мистік немесе террористік ұйым мү­шесі болмаса, құқық қорғаушылар сақал өсіріп, балақ қысқартқаны үшін ешкімді тұт­қын­дай алмайды. Бәлкім содан да шы­ғар, бұ­қара исламның салафи, уаһаби ба­ғытын ұстанатындар көп деп бағалаға­ны­мен, ресми статистикада олардың саны беймәлім. 2016 жылы салафиттік бағытты ұстанатындар саны 15 мың шамасында де­лінген ақпарат тараған. Бірақ ресми ор­гандар оны нақтылаған жоқ. Әрі салафизм мен уаһабизмге екі түрлі ұстаным ретінде баға беру керек пе, әлде бірге қарастырған дұрыс па дейтін мәселе шешілмегендік­тен, бұл бағыттарды ұстанатындар санын анық­­тау қиын. Тек салафиттерді «радикал» және «қалыпты» деп бөліп қарастыра бастадық. Соңғыларынан қауіптенген де жоқпыз. Оның үстіне, исламдағы осынау саяси­ланған ағымдарға ресми түрде тыйым салу да қиын. Өйткені бұл ағымдар нақты ұйым емес идеология болғандықтан, оларды экстремистер мен террористер тізіміне қосу оңайға соқпайды. Демек, радикал идеоло­гияны жақтайтын топтарды бірден экстре­мист деу үшін алдымен кінәсі дәлелденіп, қай ұйымға мүше екені анықталуы керек. Онсыз бұқараның күдігі жай ғана болжам болып қала береді. Өкініштісі, Қазақстан қоғамында заңнамадағы осынау «кетікті» тауып алған радикал көзқарастағы адамдар өз жақтастарының санын арттырып келеді. Ал ресми түрде экстремистік және терро­ристік ұйым ретінде тыйым салынған ұйым саны 20-дан сәл ғана асады. Мұның өзі қоғамдағы радикалдардың «ұйқыдағы ұяшықтарының» қалыптасуына септігін тигізген сыңайлы. Ешкім қудаламайды, сақал-мұртты қырып тастаса жұма сайын мешітке баратын жамағат мүшелерінен айыр­масы қалмайды. Қылмыс жасамаса ешкім ұстамайды. Сонымен бітті. Ұрымтал сәтті күтіп жүре береді. Ал Қазақстан үшін ең басты қауіп қоғам мүшелерінің радикал­да­нуы екенін сонау 2018 жылы DW-ға сұхбат берген Берлиндегі шығысеуропалық және халықаралық зерттеу орталығының маманы Белте Эшмент айтқан еді. Қаңтарда «қаупің қайдан болса, қатерің содан» дегеннің кері келді.

Радикал көзқарасты жоюдың тәсілдері

Жалпы, қоғам мүшелерінің радикал­дануына байланысты түрлі болжамдар ай­тылады. Дегенмен сарапшылар радикал­да­нудың бірнеше себебін алға тартады. Дін­танушы Кеңшілік Тышқанұлы кемі 5-6 фак­тор қоғам мүшелерінің радикалдануына алып келетінін айтады. «Азаматтардың ра­дикалдануына діни сауат, психологиялық, әлеуметтік қажеттілік, туысқандық, нара­зы­лық тәрізді көптеген фактор әсер етеді», – дейді К.Тышқанұлы. Сонымен қатар әр фактордың өзіндік ерекшеліктері бола­тынын және радикал идеяны таратуға ық­пал ететінін айтады. Теолог Расим Челидзе радикалды идео­логияның жақтастарын жинау қазір оф­лайннан онлайнға өтіп кеткенін айтқаны бар. Әлеуметтік желілерді, тіпті виртуалды ойындардағы чаттарды пайдалану да осы­нау идеологияны таратушылардың сүйікті тәсілдеріне айналыпты. Ал ойын чаттары арқылы хабарласу тәсілі оп-оңай. Әрі чат­тары мұндай амалға қолайлы онлайн ойын­дар өте көп. Одан бөлек, банктердің онлайн аударым жүйесі де қандай да бір белгі беруге жарайды. Қажет адамға 100 теңге аудара отырып, астына тиісті тапсырманы жазып жіберу мүмкіндігі бар. Дегенмен қаңтардағы бүлік кезінде ойын чаттары қолданылды ма, басқа тәсіл пайдаланылды ма, әзірге тергеушілер ашық айтқан жоқ. Бірақ интернет арқылы жақ­тас­тарына бұйрық беруге талпынғандар болғаны белгілі болды. Оны Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин сұхбаттарының бірінде айтты. Тіпті, 2011 жылғы терактілерді ұйым­­дастырғанын жариялаған «Халифат сарбаздары» ұйымын құрушылардың бірі Сириядан нұсқау беруге тырысқанын айт­қан еді саясаткер. Демек, Skype, Telegram, WhatsApp тәрізді мессенджерлер мен бай­ланыс құралдарын пайдалану тек жақтас жинау үшін емес, қажет кезінде «ұйқыдағы ұяшықтарды» оятуға да таптырмас құрал болады деген сөз. Сонымен қатар пәтерлерге жиналып уағыз тыңдау және сол жерден шетелдегі «ұстаздарынан» бұйрық алу да радикалды идеологияны жақтаушылардың сүйікті тәсілі екен. Қазақстанда мұндай тәсілді 2016 жыл­дың маусымында Ақтөбеде теракт ұйым­дастырғандар қолданды. Онда ради­калдар бір үйге серіктерінің бірінің туған күнін тойлауға жиналған және сол жерде «ұстаз» болып жүрген біреуі теракт жасау идеясын ұсынған. Бірақ топ мүшелерінің барлығы әлгі идеяны жақтамағанын, сол се­бепті туған күн тойлауға жиналған 50-ге жуық адамның жартысына жуығы бас тар­тып, 25-і Ақтөбеде теракт ұйымдастырғаны анықталды. Дегенмен қаңтар бүлігін ұйым­дастырушылар пәтер­лерді «штаб» қылатын тәсілге жүгінді ме, жоқ па белгісіз. Бірақ мес­сенджерлер мен чат­тардың рөлі жоғары болғанын ішіміз сезеді. Оны кейбір са­рапшылар айтып жүр. Айтпақшы, қазір радикалды идеяны таратушылар өздеріне жақтас жинау үшін қайырымдылық шараларын да ұйымдасты­ратыны бар. Мұндай жағдайда көмек алған адам «жомарт» жандардың алдында өзін қарыздар сезініп қалады. Сөйтіп, идеоло­гиялық арбауға ақыры түсіп тынады. Тіпті, мұндай жағдайда тұтас отбасылар радикал көзқарасты қабылдауы мүмкін. Одан бөлек, радикалдар жақтас тарту үшін «романтика­лық танысу кешін» немесе әлеуметтік же­лілерде пікірталас ұйымдастыруы мүмкін. Әдетте, әлеуметтік желілердегі пікірта­лас­тар қандай да бір жазбаға қарата айтылған пікірлер арқылы басталып, барлық ой-ұсыныстар сол пікірдің астына жазылады. Дінтанушы Балғабек Мырзаевтың ай­туынша, радикалдық бағыттағы идеология­ны таратушылар ең алдымен өздеріне қажет аудиторияны таңдайды. «Ол аудитория не­гі­зінен діни сауаты таяз, әлеуметтік осал топ­қа жататын, өмірбаянына үңілсеңіз мек­тептегі сабақ үлгерімі төмен және тәртібі на­шар болған, толыққанды емес отбасынан шыққан адамдардан құралады. Ал осыларға үлгі болу үшін танымал әнші, ақын, спорт­шыларды, жазушыларды радикал идео­логияны тарату­шылар өздерінің қатарына тартады. Сөйтіп, әу бастағы мақсатты ауди­­торияға осындай тұл­ғаларды үлгі ре­тінде көрсетеді де, қатар­ларын толықты­рады», – дейді Б.Мырзаев. Демек, бұқара­ның кейбір қайраткерлердің діни көзқарасы мен ұста­ны­мынан күдіктенуге толық қа­қысы бар де­ген сөз. Қазір қоғамға танымал адамдарды өз жақтасы етуге тыры­сатын діни «жамағат­тар» аз емес. Мысалы, қыл­мыс әлемінің «сер­кесі» саналатын Ар­ман Жұмагелдиевті немесе «Ди­кий Арман­ды» атауға болады. Оның Ал­матыға дүрбелең кезінде ұшып келгені бел­гілі. Тіпті, қару ұстап жүрген бейнежазбасы да жарияланған. Бірақ астыр­тын түрде ра­ди­кал идеяларды тарататындар «жұлдыз­дар­ды» бұлай құрбан етпеуі мүмкін. Өйткені олар қо­ғамда беделді, кейін де пайдалануға болады.

Жақтас жинаушының келбеті қандай?

Әдетте, радикалды идеологияға жақтас жинаушы адамды қауға сақалды, шолақ балақты, арабтың немесе Оңтүстік Азияның өзге де халықтарының киімін киетін адам ретінде бағалау қате екенін сарапшылар айтып жүр. Қазір радикалдарды басқару­шылар тобына кіретін азаматтар әдетте өте білімді болып келеді. Теолог Расим Челидзе олардың психологиялық портреті әртүрлі екенін айтады. Бірақ олар интеллектуалды тұрғыда өзін әбден дамытқан, харизмасы күшті, күрделі сауалдарға оңай жауап бе­ретін, адамға қажет кезінде қаржылай да жәр­дем беретін мүмкіндігі бар адам келбе­тінде сипатталады. Тіпті, іскерлік киім киіп, шет тілдерінде сайрап тұруы да мүм­кін. Бірақ радикалдардың қатарын кө­бейтуде бұлар алдыңғы қатарда жүреді. Әрі олар – элита. Ондай адамдарды қолға түсіру де қиын. Әдетте, қолға түсетіндер жоға­рыдан келетін бұйрықтарды қабылдап, орындаушылар ғана. Қаңтар бүлігі кезінде «ұяшықтардағы» топтар белсенді болды, элита тасада қалған сыңайлы.

МАМАН ПІКІРІ

Балғабек Мырзаев, дінтанушы:

Радикал идеологияны тарату амалдары өзгеріп келеді

– Бұлар бір кездері кіші қажылық – умра­ны да, қажылықтың өзін де радикал идеологияға жақтас тартуға пайдаланғаны бар. Умраға барғандар Сауд Арабиясында «ұстаздарының» уағыздарын тыңдайтын. Қазір бұл тәсілді қолдану азайған. Бірақ ту­ризмді пайдалану басталды. Мысырға, Түркияға немесе өзге де елдерге бару арқы­лы сол жақта тиісті адамдардың дәрістеріне қатыстырады. Айтпақшы, бұлар әлеуметтік көмек жасау арқылы да жақтас тартады. Мысалы, жұмыссыз жүрген адамға жұмыс тауып немесе біреуге кәсіп ашып береді. Мол қаржы бөледі. Бірге сауда жасайды, өзге кәсіппен айналыстырады. Жаңа кәсіп­кер аяққа тұрып кеткенге дейін оны өзде­рінің қатарына қосып алуға барынша ты­рысады. Сонымен қатар олар өзара қыз алы­сып, бе­рі­седі. Құда-жегжат болады. Сөй­тіп, өзде­рі­нің қатарын көбейтіп келеді. Меніңше, мұ­ның барлығына әлеуметта­ну­шылар, қоғамды зерттейтін өзге мамандар көбірек назар аударғаны жөн деп ойлаймын.