Құрылыс жобасы 510 миллионға өсті
Алайда содан бері төрт ай уақыт өтсе де, кешен аяқталмады. Аудандық құрылыс бөлімінің мәліметінше, сағызша созылған құрылыс материалдарының қымбаттауы себепті 510 миллионға дейін көтеріліп кеткен. Ал құрылысты уақытында аяқтамаған мердігер компания жобалық құжаттаманы қайта түзеуге мәжбүр болған. Мұны облыстың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы да мойындады. «Ерейментау ауданының Ерейментау қаласында бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жүргізілуіне байланысты құрылысты аяқтау 2022 жылдың сәуір айына жоспарланып отыр», – дейді басқарма басшысының орынбасары Рауан Оспанов. Ведомствоның мәліметінше, өткен жылы Целиноград ауданы Ақмол ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Ал Ерейментау, Есіл және Жақсы аудандарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Бурабай ауданының Мәдениет ауылындағы спорт кешенінің құрылысы әлі аяқталмаған. 2022-2023 жылдар кезеңінде пайдалануға берілуі тиіс Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы стадионның құрылысы да жалғасып жатыр. Басқарма биыл Бұланды ауданының Макинск және Целиноград ауданының Қосшы қаласында 2 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталатынын жеткізді. Ал Сандықтау ауданының орталығы Балкашино селосында жастардың бос уақытын өткізу орталығының құрылысын бастау жоспарланыпты. Ал облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, спорттық нысандар керісінше көбейіп келеді. Өңірде бүгінде 2 521 спорттық нысан болса, соның 1 736-сы ауылды жерлерде орналасқан. Бұл халықтың шамамен 56,5 пайызын қамтиды. Басқарма мәліметінше, өңірде денешынықтыру және сауықтыру кешендерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылы Біржан сал ауданы мен Аршалы кентінде ДСК-нің құрылысы аяқталса, өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Целиноград ауданының Ақмол ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешендері мен жергілікті бюджет есебінен Шортанды кентінінің денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталған. Сондай-ақ жеке инвестициялардың көмегімен Атбасар ауданының Шуйское селосында да спорт кешенінің құрылысы аяқталыпты. Ведомство құрылысы жүріп жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған спорт нысандарының бар екенін де алға тартты.Бұқаралық спортқа баса назар аударамыз
«Жергілікті бюджет есебінен Щучинск қаласында спорт сарайы, Ерейментау қаласында денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ал Қорғалжын кентіне дәл осындай кешен салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Бурабай ауданының Мәдениет ауылында, Жақсы ауданының Жақсы ауылында спорт кешенінің құрылысы салынып жатыр. Ал Сандықтау ауданының орталығы Балкашинода «Урожай» стадионын қайта жаңғырту қолға алынды. Сондай-ақ «ТНК» ЖШС-ның жеке инвестициясымен Жақсы ауданының Белағаш ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр», – дейді Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев. Ведомствоның мәліметінше, биыл облыстық бюджет қоржынынан өңірдің 9 ауданында 25 спорт алаңын салуға қаражат бөлінген. Оған қоса, Целиноград ауданының Қабанбай ауылында және Егіндікөл ауданының Егіндікөл ауылы мен Ақкөл ауданының Новорыбинка селосында стадиондар мен спорт залдары ағымдағы және күрделі жөндеуден өтпек. Ал халықтың спорттық демалысын ұйымдастыру үшін заманауи спорт алаңдарын салу да қолға алынбақ. Былтыр 34 жаңа спорт алаңы пайдалануға берілген. Басқарма басшысы әлі де болса спорт алаңдары мен нысандарының жетіспеушілігі бар екенін жеткізді. «Әрине, бұқаралық спортты дамытуда бәрі ойдағыдай деп айтуға әлі тым ерте. Көптеген ауыл әлі қарапайым спорт алаңына жете алмай отыр. Мұның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Әсіресе, халқының саны тығыз әрі жыл санап көбейіп келе жатқан Целиноград ауданында спорт нысандарының жеткіліксіздігі байқалады. Дегенмен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл облыстың 40-тан астам елді мекенінде спорт алаңдарын салуды көздеп отырмыз. Спорт нысандарының пайдалануға берілуіне бюджет қаржысымен қатар төрт жылдан бері «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, сондай-ақ аудандарда жергілікті шаруа қожалықтары мен серіктестіктері көмек беріп келеді», – деп толықтырды Әсет Азаматұлы.P.S.
Қалай десек те, саламатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекет бюджетінен қомақты қаражат бөлініп-ақ жатыр. Алайда оның іс жүзінде уақытында әрі сапалы жүзеге асуына тиісті органдар дер кезінде әрекет етіп, бақылауға алса, құба-құп болар ма еді...
Ақмола облысы