Алматыда хирургтер бір түнде 149 ота жасады. Almaty.tv-ның хабарлауынша, 5 қаңтарда оқ тиіп, ауруханаға жеткізілген науқастарға дәрігерлердің 7 тобы кезекпен операция жасап, 24 сағат бойы нәр татпаған.
23 жылдан бері Орталық қалалық клиникалық аурухананың ота жасау бөлімінде жұмыс істеп жүрген медбике Керемет Бекжанованың айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін жараланғандардың көптігінен жансақтау бөлімінде орын жетпеген.
«Ауруханада мамандар жетпей қалды. Өзіміз қанша операция бөлімінде істесек те, соншалықты қанды көрмеген едік. Өте қиын болды», – дейді ол.
Жалпы, 5 қаңтар күні Орталық қалалық клиникалық ауруханасына 191 науқас түскен. Сол күні бір түнде ауыр жағдайдағы 149 адамға травматолог, нейрохирург мен хирургтері операция жасаған. Ал 9 кезекші бригада ауруханаға жаралыларды тасыған.
«Бір хирургтің бір түнде 7 операция жасауына тура келді. Бұл өте қиын. Бейбіт күндері отаны жоспарлы түрде жасаймыз. Оның өзінде 1 операцияға кемінде 2-3 сағат уақыт кетеді. Ал сол күні әрбір науқастың өмірін құтқару үшін отаны барынша жылдам жасауға тырыстық. Күнделікті қанды көріп жүрсек те, сол күндері біз үшін психологиялық тұрғыдан ауыр болды», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың хирургі Сұлтан Илиев.