Адвокат Абзал Құспан Қазақстанның полициясын "Кеңес үкіметінен қалған, жұмыс істеу жүйесі өзгермеген институт", деп айыптады. Оның айтуынша, полиция "тергеу құпиясы" деген желеумен, көп мәліметті жасырады.
Осы және өзге де қаңтар оқиғасына қатысты мәліметтерді «Аманат» комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.
«Аманат» комиссиясы қаңтар оқиғасында жазықсыз ұсталғандардың құқығын қорғаумен айналысады.
Адвокаттың айтуынша, комиссия бүгінге дейін қорғап шыққан 200-ге жуық адамның 40%-дан астамы тергеу кезінде азап көрген.
"Олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне азапталғаны жөнінде арыз жазды. 9 ақпандағы мәлімет бойынша, полицейлердің үстінен "Азаптау" фактісі бойынша 150 қылмыстық іс қозғалды", - дейді Абзал Құспан.
Оның мәліметінше, қаңтар оқиғасына қатысты қамауға алынған шетелдіктердің үлесі 1%-ға да жетпейді. Бірақ бұл дерек тек ІІМ мен Бас Прокуратура тергеп жатқан айыпталушыларға ғана қатысты екен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде тергеліп жатқандар туралы мәлімет - құпия.
Құқық қорғаушы республика деңгейінде болған оқиғаға қатысты барлық дерек ашық болуы керек екенін айтты.
"Қаңтар оқиғасын 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасымен салыстырғым келеді. 36 жыл бұрын болған оқиғаның кей шындығы қазір де шығып жатыр. Себебі сол кездегі жүйеге байланысты барлық ақпарат құпия сақталды. Ал қазіргі жағдайда Қазақстан билігі, сот процестері ашық болса, ақиқат ұзаққа созылмай ашылар еді", - дейді Абзал Құспан.
Оның пікірінше, шындықты қазақстандықтар ғана емес, әлем жұртшылығы білуі үшін "Аманат" сияқты комиссиялар, Қазақстандағы құқық қоғау ұйымдары шетелдік БАҚ өкілдерімен, батыстың құқық қорғау ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеуі керек.
[caption id="attachment_185263" align="aligncenter" width="686"] Абзал Құспан. Facebook-тегі видеоның скриншоты[/caption]
«Аманат» комиссиясы қазір тек ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы (Жаппай тәртiпсiздiк) 2-бөлімі (жаппай тәртiпсiздiкке қатысу) бойынша айыпталған, қолына қару алмаған, тонауға қатыспаған азаматтарды қорғаумен айналысып жүр.
"Жұмыс барысында тәртіпсіздікке қатысушыларға, кәмелетке толмағандарға басымдық береміз. Өйткені көбі митингке бұрын қатысып көрмеген қарапайым адамдар, оқ тиіп жараланғандар. Олар арандап қалуы мүмкін. Ал терроризмге қатысты тергеу құпия жүргізіліп жатыр. Олардың кінәлі не кінәлі емес екенін сот шешеді. Оған араласуға құқығымыз жоқ", - дейді адвокат.
Абзал Құспанның мәліметінше, комиссияға үкімет тарапынан әділ қорғауға қатысты ресми кепілдік берілмеген.
"Бірақ Орталық аппарат, Тоқаев үкіметі халыққа қандай да бір қысым жасауға мүдделі емес. 14 ақпанда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бізге байланысқа шығып, қандай көмек керек екенін сұрады. ІІМ, Әділет, Ұлттық экономика және Ақпарат және коммуникация министрліктерінің өкілдері көмектерін ұсынды", - дейді адвокат.
Ол Қазақстанның полициясын Кеңес үкіметінен қалған институт екенін, сол кездегі жүйе өзгермегенін айтты.
"Ең үлкен кемшілік - "тергеу құпиясы" деген желеумен жасыру", - дейді Абзал Құспан.
Айта кетейік, «Аманат» комиссиясы жұмысын 24 қаңтарда бастады. Онда әзірге 9-дан астам құқық қорғаушы мен адвокат жұмыс істейді. Одан бөлек Бас Прокуратурадан, ІІМ-нен және Парламент депутаттарынан бір адамнан бар.
«Аманат» комиссиясының тергеу изоляторына кіріп, азаматтармен жеке кездесу және оларға қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысуға мүмкіндігі бар.
Қазақстанда "Аманаттан" басқа адвокат Айман Омарова басқаратын "Ақиқат" комиссия және Ырысбек Сәрсенбайұлы басқаратын Тәуелсіз комиссия құрылды. "Ақиқат" қаңтар оқиғасына саяси баға берумен, ал Тәуелсіз комиссия жалпы құқықтық, саяси баға берумен айналысады.
Айта кетейік, қазірге дейін қаңтар оқиғасына қатысы бар адамдардың үстінен 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаға байланысты 800-ден астам адам ұсталды. Оның көбі "Терроризм актісі", "Жаппай тәртіпсіздік", "Адам өлтіру", "Билік өкіліне күш қолдану", "Бөтеннің мүлкін қасақана жою", "Бұзақылық", "Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" және "Ұрлық" баптары бойынша айыпталып жатыр.