Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар Сенат тағайындаған Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату мәселесін қарады. Дауыс беру нәтижесінде ОСК мүшесі Серік Сыдықовты қызметінен босату жөнінде шешім қабылданды.
Отырыста ОСК мүшесі қызметіне тағайындау мәселесі де қаралды. Сенат Төрағасы бұл лауазымға мемлекеттік қызметте және заң шығару ісінде тәжірибесі мол Шавқат Өтемісовтің кандидатурасын ұсынды. Сенаторлар ұсынылған кандидатураны қолдап, Шавқат Өтемісов ОСК мүшесі болып тағайындалды.
Сонымен қатар Сенат отырысында «2014 жылғы 12 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды.
«Қабылданған заң Еуразиялық экономикалық комиссия қызметінде бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау кезіндегі жекелеген ережелерді нақтылайды. Бұл осы бағыттағы құпия ақпаратты қорғау тәртібін жетілдіруге және оны жария еткені үшін жауапкершілікті күшейтуге құқықтық негіз қалыптастырады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Дәурен Әділбеков елімізде электр энергетикасы саласын дамыту үшін жеке ұлттық жоба әзірлеуді ұсынды. Бұл жоба осы бағыттағы проблемалық мәселелерді шешу және саланы әрі қарай дамыту жолдарын қамтуға тиіс.
Әли Бектаев ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі бағбандық екенін айтып, осы іспен айналысатын шаруаларды қолдаудың және оны дамытудың маңызын атап өтті.
Ерік Сұлтанов Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай аймақтар қосылған құны жоғары жоғарытехнологиялық өндірісті дамытуға және оларды жергіліктендіруге бағытталмай отыр.
Рысқали Әбдікеров жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін көтеріп, бала құқықтарын қорғауды күшейту және зорлық-зомбылыққа, буллингке, сондай-ақ кибербуллингке қарсы іс-қимылды арттыру қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Ольга Булавкина дачалық учаскелерде тұратын тұрғындардың мәселелеріне назар аударып, Үкіметті осы бағыттағы өзекті проблемаларды шешуге шақырды.