Мәжіліс депутаттары кәсіпкерлермен кездесті
Мәжіліс депутаттары кәсіпкерлермен кездесті
375
оқылды
Алматы қаласында Мәжілістің бір топ депутаттары арнайы ісса­пар­мен жүр. Олар жұмыс бары­сында қаңтар­дағы бү­лік кезінде зар­дап шеккен аза­маттармен кез­десіп, мәселелері­мен терең­ірек та­нысты. Депутаттар бірнеше топқа бөлініп қоғамның әртүрлі өкілдерімен жүздесті. Күні кеше Парламент Мәжілі­сіндегі «Nur Otan» партиясы фрак­циясының мү­шелері Айдос Сарым, Айгүл Құспан, Жұлдыз Сүлейме­нова мүлкіне айтар­лықтай за­лал келген бір топ кә­сіп­кер­лер­мен кездесті. Олар кәсіп­кер­­­лердің әлі де шешімін толық тап­па­ған арыз-шағымдарын тыңдап, шешу жол­дарын назарда ұстайтынын айтты. Халық қалаулыларымен кез­дес­кен көлік жөндеу орнының иесі сол күні ғи­ма­раттың ауласында тұрған тоғыз көліктің жанып кеткенін жеткізді. Ол бәрі сол жерге жөндеуге әкелінген же­келеген аза­маттарың көліктері бол­ған. Бұл күнде шығын толық есеп­телген. Тоғыз көлікке кел­ген шығын ша­мамен 100 мил­лион тең­гені құрап отыр­ған көрінеді. Десе де, арнайы комиссия ке­ліп, шығынды біршама есептеп кеткені­мен, кейбір кедер­гі­лерге байла­нысты қалпына келтіру жұмыстарын бастай алмай отыр. «Мен мына жерді жалға алып, жұмыс істеп отырмын. Оқиға болған күні осы жерде тұрған көліктерден бөлек өзде­ріңіз көріп тұр­ғандай ғимаратты да от шалып, жарамсыз болып қал­ды. Енді осы ғимараттың шығы­ны­на қатысты құ­жаттардың дайын бол­мауына байла­нысты уақытша жауып қоюға мәжбүрміз. Себебі атал­ған комиссия шешім шығар­ған­ға дейін еш нәр­сеге тиісуге бол­май­ды екен», – дейді авто­жөндеу орталығы­ның иесі Кирилл Нагиев. Ал Кирилл жалға алып отырған аумағы 500 шаршы метрлік ғимараттың иесі Владимир Василев есімді кәсіпкер әлі күнге қа­жетті құжатқа қол жет­­кізе алмаған­дық­тан, түрлі қиындықтарға кезігіп отыр­ғанын айтты. «Мына ғимараттты жалға беріп, сол ар­қылы отбасымды асырап отырған адаммын. Бұл жерді 8 кәсіпкер жалға алып, жұмыс істеп отыр­ған. Енді өзде­ріңіз көріп тұрған­дай, барлығы бір күн­де жарамсыз болып қалды. Оқиға бол­ғалы бері бірнеше комис­сия келіп кетті. Бар­лы­ғы «сәл шыдай тұр, шешеміз», – дегеннен бас­қа еш нәрсе айт­пайды. Мінеки, екі айға таяды, мен түк жа­сай алмаймын. Ең болмаса, жобалық құ­жаттың сметасына қол жеткізе алмай отыр­мын. Тіпті, аңғал-саңғалы шығып жат­қан ау­маққа тазалау жұмыстарын да жүргізе ал­­май­мын. Ғимарат пен ішіндегі құрал-жаб­дықтар түгелдей дерлік жарам­сыз болып қалған. Әкімдік пен өзге де жауапты орындар нақты бір ше­шім шы­ғарып, кесте жасап берсе екен. Ең бол­маса, соған қарай өзімше әре­кет ете берер едім. Осыған депутат ретін­де ық­пал ет­сеңіздер», – деді кәсіпкер В.Василев. Депутат Айдос Сарым екі кәсіп­кердің мә­селесін осы ғимарат тұрған Алматы қала­сы Әуезов ауданының әкі­міне тапсырғанын, ол осы бір-екі күнде нақты шешім шығарып беруге уәде бергенін айтты. Тіпті, елордаға оралған соң Үкі­метпен бір­лесе отырып, осындай көзге көріне бер­мей­тін бюрократия­лық қиын­дықтарды ше­шу жол­дары­ның басқа да тетіктерін қарасты­ра­тынын айтты. Оның пікірінше, залал келген мұндай нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын неғұрлым тез­дету кезек. 17 ақпаннан бері мегаполистің жағ­дайымен тікелей танысып жүрген депутаттар кез­дескен барлық түйткілді мә­селеге қатысты тиісті орындарға тап­сыр­малар мен ұсыныстар айтылға­нын мә­лім­деді. Алдағы уақытта әрбір мәселе депу­таттық бақылауда болмақ. Өзде­рінің айтуынша, алдағы наурыз айында Ал­ма­тыға тағы бір осындай арнайы сапар жасайды. Сол кезде осы жолы көріп кеткен нысан­дарға қайта соғып, істің алға жылжу бары­сымен тағы бір рет танысады. Айтылған сындар мен ұсы­ныстардың қан­шалықты нәти­же бергенін көр­мек. Депутат­тар Мәжіліс залына оралған соң осы жолғы сапарды қорытындылай келе рес­публика бюд­жетінің Алматы қаласына қатысты тұ­сын қайта қарау мәселесімен де айна­лыспақ. Нақты айтқанда, қала бюджетін біршама ұл­ғайтуға күш салмақ. Себебі дүрбелең ке­зінде ті­келей зардап шек­кендіктен, аталған шаһар­дың шығыны өзге өңірлерге қара­ғанда едәуір көп. Сонымен қатар Алматы қаласы­ның мәр­те­бесін нақтылау туралы да қол­да­ныс­тағы заң­дарға өзгеріс енгізуді қолға ала­тын болады. Бұл туралы мәжіліс­мен Айдос Сарым кездесу соңын­да бізге берген шағын сұхбатында айтты.

Алматы қаласы