Жаңа Қазақстан. Бизнес
Жаңа Қазақстан. Бизнес
523
оқылды
Дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда кәсіпкерліктің даму қарқыны көңілден шығардай деңгейде емес. Бұл салада көп кедергілер барын кәсіпкерлердің өздері де айтып жүр. Монополия, рейдерлік, әділетсіз бәсеке. Демек «Жаңа Қазақстанға» жаңа экономикалық өзгерістер қажет деген сөз. Бизнес нарықта еркін қызмет көрсетіп, сауда жүргізуі үшін Үкімет қандай өзгерістер жасауы керек? Нұрлан Нұрлан ҚҰРАЛОВ, «Амангелді» ЖШС басшысы: – Кәсіпкерлер өні­мін сата алмайды. Сон­дықтан ашылған кәсіп­орын­дар­дың көбі ар­тын­ша жабы­лып қалып жа­тады. Ше­ші­мі қан­дай? Жауаптылар су­пермаркеттер желісіне Қазақстанда жасалған өнімдерге арнайы сөре беру­ді жүктесе, яғни жас кәсіпкерлердің өнімін сол жер­де сатуға рұқсат берілуі керек. Монополияға қар­сы жұмыстарды күшейту қажет деп ойлаймын. Әйт­песе, арадағы делдалдар пайдаланып, ауылдағы қы­сы-жазы еңбектеніп жүрген диқандардың қолына тиын-тебен ғана түседі. Еңбектің нәтижесін басқалар кө­реді, ал халық болса, 45 теңгенің пиязын 160 тең­геден сатып алып жатыр. Тиімсіз делдалдыққа тоқтау салу қажет. Кедендегілер қандай өнім елге кіргенін ашық жариялап отыруы қажет. Мәселен, кондитерлік өнім­дердің 70 пайызы шетелден келеді. Оны қандай ба­ғада елге әкеледі, сол ашық көрсетілуі тиіс. Түр­кия­мен салыстырсақ, бізде кондитерлік өнімдер өте қымбат. Ұн, бидай өз елімізде өндірілсе де, бағасы қым­бат. Себебі шетелден келетін тауарлардың орта­сын­да делдалдар бар. Ол өз жерінде арзан болға­ны­мен, делдалдар үстіне екі-үш есе баға қояды. Ондай өнім бізде өндірілмегендіктен, қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз. Отандық кәсіпкерлер жоғары пайызбен несие алып, шаруасын жүргізіп отырғандық­тан, оны өтеу үшін де бағасын көтереді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аудандарда қандай кәсіпорындар ашуға болатынын зерттеп, кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеуі тиіс. Өйткені маңыз­ды саланы бір кәсіпкерлердің мойнына артып қоюға болмайды. Қытай қалай дамыды? Мемлекет халық­пен бірге кәсіпорындар ашты. Несиеден құтыл­ғаннан кейін ол жекеменшікке өтті. Жаңалық ашудың қажеті жоқ, шетелдердің тәжірибесін елге алып келу керек. Тағы бір ұтымды тұсы, олар кәсіп­орын аяққа тұрғанша салықтан босатқан. Қазір шет­елге тәуелді болып, шикізат сататын мемлекет болып отырмыз. Бізде мемлекет тарапынан өндіріс ашуға үлкен қолдау керек. Елдегі кедейлікті жоюдың бірден-бір көзі өндіріс орындарын ашып, адамдарды тұрақты жұмыспен қамту екені мәлім. Несие алып, кәсіп ашқысы келетіндер көп. Бірақ біздегі екінші деңгейлі банктердің жылдық мөлшері өте жоғары. Мүмкіндікті пайдаланып, грантқа құжат өткізейін десең, «мына анықтаманың мерзімі өтіп кетті», «құжа­тыңыз дұрыс емес» деп құжат қабылдаушы қызметкерлер әрі-бері әбден сандалтады. Одан кейін көбі кәсіп ашуға деген құлшынысы сөнеді, «қойшы» деп қолын бір сілтейді де кетеді. Әрі сыбайлас жемқорлықтың барын да жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан тегін бер демейміз, тек кәсіпкерлерге пайызсыз несие берілсе, кәсіпкерлік дамитын еді. Сырымбек Сырымбек ТАУ, YOKOHAMA, TRIANGLE компанияларының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы: – Төмен пайызбен несие берілуі керек. Яғни, жы­лына – 3-8%. Бірақ төлеуді қадағалау керек. Ха­лықтың экономикалық сауаттылығы төмен. Әсіресе, кәсіпкерлерде. Көлік тапшылығын пайда­ланып, көлік бағасына қосымша құралды міндеттеп беру арқылы көлік сататын компаниялар халықты тонап жатыр. Мұны реттеу үшін отандық көлік суб­сидия­сын алып тастап, ашық бәсекеге жіберу керек. Суб­си­дия алған саланың көтерілгені жоқ. Жемқор­лыққа батырады. Теңге тұрақсыз. Біз әлі импорт мемлекетпіз. Сон­дықтан кіші және орта өндірістер көптеп ашылуы керек. Өзімізде шығатын өнімдерді экспорт салық қойып, соңғы өнімді шығаратын кәсіпкерге шикізат арзан жеткені дұрыс. Бізде шикізат ретінде шығатын өнімдерге шектеу керек. Мысалы, бидайды салық тө­леп, экспорттасын. Ал ұн салықсыз шыққаны дұ­рыс. Сондай-ақ мыс, металл, пластик шикізаты бізде көп. Оларды ішкі өндіріске арзан бағада беру керек. Өзі­мізде бар шикізатпен өнім жасап, экспорт жа­сауымыз керек. Сондықтан өзімізде шығатын ши­кізаттан өнім жасап шығаратын кәсіпкерге жақсы жағдай жасауы тиіс. Бізге ірі өндірістер емес, шағын 50 адамға дейін жұмыс істейтін мыңдаған өндіріс оры­ндары қажет. Отандық кәсіпкерлер арзан тауар­лар шығаруды қолға алуы керек. Өйткені ха­лық ер­тең­гі күнін ойлап, ба­­ға­сы жоғары тауар­лар­­ды алуды азайтады. Қа­зақ­стан халқының 2-3%-ы ға­на бағасы жо­ғары тауар­­­ларды сатып ала ала­­ды. Қалған 97% адам бұрын­нан эконом тауар­лард­ы сатып ала­тын. Сон­дай-ақ отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін салық­тарды да сәл төмендеткен дұрыс. Біз кең-байтақ жерімізді тиімді пайдалана алмай келеміз. Туризм саласына аса мән берген дұрыс. Әр келген шетел азаматы қайта келетіндей жағдай жасауымыз керек. Әлемде қыс болатын мемлекеттер аз, қысқы туризмді дамытсақ, ұтарымыз көп. Тамақ өнімдері Орталық Азия елдерінде органик болып саналады. Біз осы саланы да қолға алып, органик өнімдерді экспорт жасап үйренуіміз керек. Жеріміз үлкен және екі алып елмен шекараласпыз. Соны пайдалана отырып, транзит жолда пайда таба аламыз. Бұл да кәсіптің үлкен саласы. Кәсіпкер жолдан, кеден­нен артық шығынды үнемдей отырып, жетіс­тікке жетеді. Сол себепті Үкімет осы жағын реттеуі керек.