Балалар әлемі тым нәзік әрі қорғансыз. Бала зұлымдыққа, зорлық-зомбылыққа, өзге былыққа қарсы тұра алмайды, төл мүддесін қорғай алмайды. Сондықтан озық елдер балалардың құқығын қорғауды, әл-ауқатын жақсартуды жоғары міндет санайды. 31 желтоқсанда Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтауында Президент Қ.Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. БҒМ-дегі ағайлар мен апайлар жылдың екінші айы түгесілуге таяғанда ғана бұл жылдың іс-шаралар жоспарының жобасын ұсынып отыр. Сарапшылар оның шикі екенін айтады.
Жылды даралайтын он бастама
Алдымен, «Балалар жылы» аясында қолға алынатын ізгі бастамалар мен ірі шараларға тоқталып өтсек. Әділін айту керек, Білім және ғылым министрлігі әзірлеген «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасында» айтылғандай, биыл жас ұрпаққа бір емес, бірнеше жыл бойы қызмет ететін жобалар да қарастырылған екен.
Біріншіден, перспективті ауылдарда, ауылдық аудан орталықтарында, қалаларда 908 инновациялық даму орталығын салу мәселесі пысықталады. Нақты шешім қарашаға дейін қабылдануы тиіс. Екіншіден, ауылдық аудан орталықтарында және қалаларда аз қамтылған отбасылардың балалары үшін бұрынғы кеңестен қалған интернаттар орнына, жаңа форматтағы 300 мектеп-пансионат салу жобалары әзірленбек. «Қазақстан халқына» қорынан арнайы мектептерді және мектеп-интернаттарды жарақтандыруға 7 млрд теңге бағытталады.
Үшіншіден, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу кезеңін қазіргі 1 жылдан – 1,5 жасқа дейін, оның мөлшерін 1,5 есе арттыру жоспарланған. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 214 млрд 745,2 млн теңге бөлінетін көрінеді. Ел Үкіметі сәуірге қарай биылғы жыл бюджетін қайта қарайтын болады.
Төртіншіден, әр өңірдің өз «Аружан Саины» пайда болмақ: бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымын енгізу көзделіп отыр. Оларға жалақы төленбейді, 14 облыс пен 3 мегаполистің балалар омбудсмені қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олар облыс (республикалық қала) әкімінің кеңесшісі және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары функцияларын атқарады.
Бесіншіден, қыркүйекке дейін мектеп асханалары бейнебақылау камераларымен жарақтандырылуы тиіс, оқушыларға асханада қолма-қол ақшасыз, картамен есептесу мүмкіндігі кезең-кезеңмен енгізіледі.
Алтыншы, балаларға емханаларда барлық ауру, соның ішінде орфанды-сирек дерттер бойынша берілетін дәрілер мен медбұйымдар тізімін кеңейту үшін 16,4 млрд теңге көзделеді. Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті бұйрықты қабылдау жүктеледі.
Жетінші, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бірыңғай цифрлық құжатты енгізу ұсынылған: ол негізгі және ілеспе реабилитациялық қызметтерді кешенді көрсетуге арналған электронды сертификат түрінде болмақ. Осы арқылы ата-анасы, қамқоршылары және дәрігерлер балаға қандай әлеуметтік қолдау шараларына құқық берілгенін біледі.
Сегізінші, бас тартылған тастанды балалар үшін жеке жәрдемақы түрін енгізу мәселесі пысықталады.
Тоғызыншы, оқушылардың дербес білім, шығармашылық және спорттық жетістіктерін паш етудің жаңа технологиясы – «Оқушының электронды портфолиосы», «Мектеп түлегінің портфолиосы» жобасы енгізіледі. Ол «Ұлттық білім беру деректер қорында» (Nobd.iac.kz) жүзеге асырылады, «Білім» модулі құрылады. Оған 250 миллион теңге бөлінбек.
Оныншы, бұл жылдан, әрине балалар студиялары ұтады. Мысалы, Balapan телеарнасында мультимедиялық және танымдық контент үлесін арттыру үшін бюджеттен 1 миллиард теңге бөлу ұсынылған. Бөлек қаржыға арнайы медиаөнімдер – телебағдарламалар, сериалдар, деректі фильмдер, вирусты роликтер, көркем мотиваторлар, гиф-суреттер жасалып, әлеуметтік желіде, мессенджерлерде таратылады.
Қызыққа емес, құқыққа мән беріледі
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл қаулы жобасы ел Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы «Балалар жылын жариялау туралы» №780 Жарлығының 2-тармағын орындау үшін әзірленгенін айтады.
– Құжаттың мақсаты – әртүрлі салада балалар үшін қауіпсіз, жайлы жағдай жасайтын шаралар қабылдау. Жоспарда балалардың сапалы білім алуға, толыққанды қосымша білім алуға және тәрбиелеуге, оның ішінде экологиялық, спорттық, шығармашылық және зияткерлік даму құқықтарын іске асыруға құқығы ілгерілетіледі. Қолайлы отбасында тәрбиеленуіне, отбасылық, адамгершілік-рухани құндылықтарды бойына сіңіруге құқығы іске асырылады, – деді БҒМ басшысы.
Онда балалардың денсаулығын нығайту, қорғау, мүгедек балалардың құқықтарын қорғау мәселелері қарастырылыпты. Сондай-ақ жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелері, балалар үшін инфрақұрылым құру және балалар индустриясын дамыту мәселелері қамтылған.
Президент Үкіметке жылды ұрандатып, думандатып өткізудің қажеті жоғын ескерте келе, оны балалардың денсаулығын сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында нақты шаралармен толықтыруды тапсырды. Дегенмен шенеуніктер мерекелік іс-шаралардан бас тарта алмапты.
Маусымда «Жас құтқарушы» республикалық слетін өткізу бюджетке – 10,7 млн теңгеге, медиа және ақпараттық сауаттылық бойынша 5-11-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттілік» курсын әзірлеу – 15,9 млн, қарашада «Жылдың балалар омбудсмені» республикалық фестивалін өткізу – 20 млн, мектеп парламенттері көшбасшыларының республикалық слеті – 20 млн, қазанда оқушылар арасында «Сөз мерген» республикалық дебат турнирі – 46,3 млн, желтоқсанда «Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!» атты балалардың әлеуметтік бастамалары мен стартаптарының республикалық фестивалі – 53 млн, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны 158,9 млн теңгеге түспек.
Екінші жартыжылдықта жас блогерлер мен журналистер, дизайнерлер, ақындар, әншілер, волонтерлер, жол қозғалысы инспекторлары арасында өңірлік конкурстар өткізіледі. Astana Piano Passion республикалық жас пианистер конкурсына – 124,9 млн, «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауына – 309,4 млн, «Мен спортты таңдаймын» спорттық-бұқаралық іс-шараларына 313,8 млн теңге бағытталады.
«Оқушының мәдени нормативі» атты республикалық мәдени-білім беру жобасы енгізіледі. Маусым айында, каникулда әр өңірде этнолингвистикалық балалар лагерьлері құрылады. Барлық мектепте қыркүйекте «білім алушылардың функционалды сауаттылығын дамыту бойынша тренажер» – тестілеу енгізіледі. Жобаны жүзеге асыру Назарбаев зияткерлік мектептеріне жүктелген. Бұлардың бәріне республикалық бюджетте қаражат қарастырылыпты.
Бала өмірі жақсарсын десек...
Әлеуметтанушы, ғалым Кәмила Омарова «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының» жобасы жете ойластырылмаған деген пікірде. Басқаны айтпағанда, онда грамматикалық-стилистикалық қателер, жаңсақ аудармалар бар. Білім министрлігі жазды деуге ұят. Мысалы, «Президентская новогодняя елка 2023 года: видео поздравление Главы государства» деген іс-шара мемлекеттік тілге «2023 жылғы Президенттік жаңажылдық шырша: Елбасының бейне құттықтауы» деп аударылған. Осыған орай ақпарат құралдары: «биыл қазақ балаларын Елбасы құттықтайды» деп жазуда.
«Баланы еңбек, құқық, экономика, қылмысқа қарсы салаларда толыққанды қорғайтын пәрменді тетіктер түзілмей және оны қолданудың орнықты тәжірибесі мен кемел жүйесі қалыптаспай, балалардың қорғалатыны туралы айту қиын. Билік блогерлердің қысымына шыдамай, отбасында жан түршігерлік зорлық пен қорлық көретін, тағдыр теперішін тартқан балаларды алып қоюға мүмкіндік беретін, бүкіл дамыған елдерде бар заңды да қабылдай алмады. Егер кейбір белсендіге сенсек, баланы аяусыз ұрып-соғу, оны ауыр жұмысқа жегу, оның өмірі мен оқуына қолайлы жағдай жасамау – бәрі-бәрі дәстүріміз көрінеді. Шынында, олай емес», – дейді К.Омарова.
Оның айтуынша, балалардың негізгі құқықтары «Қазақстандағы баланың құқықтары туралы» заңда бекітілген. Онда жасөскіндердің денсаулығын қорғау, даралығын, тұлғалық қасиеттерін сақтап, дамыту, лайықты өмір сүру, демалу, мемлекеттік көмек, жеке бостандығына, ар-абыройына қол сұққызбау, мүліктік құқығы мәселелері регламенттелген. Алайда оларды жүзеге асыратын тетіктер НҚА-лардың, яғни Үкімет қаулылары, әкімдердің шешімдері, қағидалар деңгейінде жете пысықталмағандықтан, мұның көбі сөз жүзінде қалады.
«Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, қазақстандық оқушылардың 66 пайызы буллингке душар болады, күн сайын содан зардап шегеді. Салдарынан 2020 жылы кәмелетке толмаған балалардың өз-өзін өлтіруінің 143 оқиғасы және 306 суицид талабы тіркелген, өткен жылдың бірінші жартысында 105 бала өзіне-өзі қол салып тынған, тағы 193-і соған талаптанған. 2021 жылы әлеуметтік желі, мессенджерлерде кибербуллингтің 140 мың фактісі тіркелді. Бұған тосқауыл қоятын заңнамалық түзетулер әлі күнге іске қосылған жоқ. Мектептерді, сыныптарды бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға педагогтер қарсы шығуда, прокуратураға дейін жазған. Бейнежазба интернетке кетіп қалады, сабақ өткізуге кедергі деп түрлі сылтау айтады. Шынында, көбі балаларды ұратынын жасырады», – деген пікірде сарапшы.
Балалар жылын өткізудің жоспарында бұл бағытта ешқандай шара қарастырылмаған. Сөз болып отырған жоспарда тек қыркүйекте «мектептерде бітістіру – медиация қызметтерін енгізу» қарастырылыпты.
Жалпы, балалар денсаулығына дүниеге келу кезінде-ақ нұқсан келуі мүмкін. Перзентханаларда дәрігерлердің тудыру кезінде баланың мойын омыртқасы тайып кеткенін байқамаған жағдай көбейген. Содан бала тоқтаусыз жылап, күндіз-түні ұйықтамайды, тек кейінгі тексерулер ғана оның себептерін анықтап жатады. Босандыру кезінде акушерлер жіберетін қателіктер аналардың сепсиске, ал балалардың сал ауруы секілді кеселдерге ұшырауына соқтырады. Қоғам белсендісі Татьяна Төлеуғалиева теріс резус-факторға ие аналарға перзентханаларда тиісті анти-резус Rho (D) иммуноглобулин («Резонатив») егілмейтінін, оның соңы әйелдердің келесі баласын көтере алмауына, түсік тастауына соқтыратынын айтып, мәселе көтеріп жүр. Іс ілгері жылжыр емес.
Аталған жоспарға тек «перзентханалар мен МСАК ұйымдарын нәрестелерге аудиологиялық және офтальмологиялық скринингтер жүргізуге арналған жабдықпен жарақтандыру» шарасы кіріп отыр.
Қазақстан Балалар құқықтары туралы конвенцияны, қаптаған факультативтік хаттамаларды ратификациялады. Алайда елде балалардың құқығы толық қорғалады, олар үшін лайықты өмір қамтамасыз етілген деу әбестік. Мысалы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы №944 бұйрығымен бекітілген «18 жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімінде» балаларға 4,1 келіден ауыр заттарды көтеруге, тасуға және қозғалтуға тыйым салынған. Әйткенмен, ауылда үлкен флягамен су таситын да, малдарды күтіп-бағатын да, көмір-отынды түсіріп-таситын – балалар.
Әлгі тізімде тыйым салынғанына қарамастан, Үкімет ата-аналардың балаларды химиялық улы препараттар, пестицидтер себілетін мақтаны қолмен жинауға жегуіне тосқауыл қоя алмай келеді. Көрші елдің тәжірибесі қызық: мының мамандарымен тізе қоса отырып, мониторинг, рейд жүргізіп, қатал шаралар қабылдап, ақыры мақта жинауда балалар еңбегін пайдалануды тоқтатты! Салыстыру үшін айтсақ, өзбек елінде 2016 жылы оқушылардың 94 пайызына дейін мақтаның жиын-теріміне тартылатын еді.
Демек, Қазақстанға мерекелік іс-шаралар, слет-фестивальдер өткізу емес, балаларды әлеуметтік, құқықтық қорғаудың көпдеңгейлі, әр қырлы, жан-жақты, пәрменді жүйесін түзу әлдеқайда маңызды. Балаларға арналған инфрақұрылымдарды дамыту да өзекті күйінде қалып отыр.