Екі елдің азаматтығын алып, алаяқтыққа баратындар қос елдің зейнетақысын да қалтаға басудан қымсынбайтын болды. Ал қарттардың қитұрқылығын жауапты қызметкерлер қалай байқамаған? Бейнеттің зейнетін көрер кезде «алаяқ» атанған қариялар заңсыз төлемақыны қайтара ма?
Қолданыстағы заңға сүйенсек, қазақстандықтар басқа елдің азаматтығын алмас бұрын біздің есептен шығуы тиіс. Бұл үшін Ішкі істер органдарына басқа мемлекеттің азаматтығын алу туралы бір ай бұрын хабарлап, жеке куәлігін тапсыру міндеттеледі. Азаматтық туралы заңнаманы бұзғандарға жауапкершілік те қарастырылған. Мәселен, Қазақстан азаматтығынан айырылғандар біздің елдің паспортын және жеке куәлігін пайдаланса, 100 АЕК-де айыппұл салынады. Егер шетел азаматтығын алу туралы хабарламаса, 200 АЕК айыппұл қарастырылып, әкімшілік жолмен елден шығарылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі адамдар, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар жасаған осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер 300 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Не болмаса, елден шығарылады.
Алайда бұл заңнама азаматтық алудың ережесін айналып өтетіндердің әрекетіне тосқауыл жоқ. Олай дейтініміз қазақстандықтардың өзге елдің азаматтығын алғаны автоматты жүйеде көрсетілмейді. Салдарынан соңғы жылдары қос азаматтық алатындардың саны артып келеді. Былтыр он айдың өзінде ғана ШҚО аумағында тәртіп сақшылары «қос азаматтықпен» жүрген 60-тан астам адамды анықтады. Мұндай оқиғалар бұған дейін Қостанай мен БҚО-да белгілі болды. Мәселен, былтыр 14 жыл бұрын басқа елдің азаматтығын алған қостанайлыққа сот үкімі шықты. Ол осы жылдар ішінде Қазақстанның паспорты мен жеке куәлігін пайдаланған ол заңсыз түрде 9,5 млн теңге көлемінде зейнетақы төлемдерін алған.
Қос азаматтықты қолдайтын келісім
2019 жылдан бері Ресей зейнетақы қоры мен Қазақстанның «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы біріккен келісім негізінде зейнеткерлердің электрондық базасын екіжақты тексере бастады. Келісімге сәйкес былтыр да «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары Ресейдің зейнетақы қорына сұрау жолдаған. Ондағы мақсат – зейнетақы алған қазақстандықтар туралы мәлімет алу. Нәтижесінде, бір ғана Ақтөбе облысының өзінде екі елдің зейнетақысын алып келген 40-тан астам зейнеткер анықталыпты. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Мәжитовтың айтуынша, екі елдің зейнетақысын алып келген 46 зейнеткердің 11-і өз еркімен заңсыз алған ақшасын қайтаруға келіскен.
«Ресейде зейнетке шығу жасы 60. Ал бізде ер адамдар үшін 63. Олар алдымен Ресейдің зейнетақы қорына өтініш жазған. Олар сол елдің зейнетақы төлемін ресімдеп алған соң 3 жылдан кейін Қазақстан заңнамасы бойынша зейнетке шығады. Алайда кейбір құқық қорғаушылар бұл заңды деп санайды. Олардың айтуынша, ЕАЭО елдерінің азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес, әрбір азамат ол мемлекеттерде 2, 3 зейнетақы ала алады», – дейді Нұрлан Манарбекұлы.
Дегенмен көрші елде зейнетақы тағайындалғанын жоққа шығарған қариялардың ісін құзырлы орындар жіті тексеріп жатыр. Ендігі жерде зейнетақыны заңсыз алғандарға әлеуметтік төлемдерді жасау жұмысы тоқтатылып, ондаған миллион теңгені қайтару туралы сотқа арыз да жолданыпты. Халықаралық келісім болған күннің өзінде қос азаматтық алу Қазақстанда заңсыз болып есептеледі. Сол себепті бізден бұрын Ресейдің зейнетақы төлемін иемденгендер «алаяқтық» жасаған болады.
Алаяқтық схемасы артқан
Қариялардың қитұрқылығын құзырлы орындар қайсы тұстан бастау керек? Былтыр депутаттар «қос зейнетақы» мәселесін біржола шешу керектігін айтқанда осы мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне төтесінен қойған. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлеу бөлігінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға шамамен екі триллион теңге бөлінеді. Бірақ бөлінген қаржы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы алаяқтық схемалардың артуына алып келген. Елден тыс жерде өмір сүріп, басқа елдің қамқорлығына алына тұра Қазақстанның да қолдауын заңсыз пайдалануда. Қос зейнетақы алатындарға қатысты талап арыздардың саны да артып, өндіріп алудың орташа мөлшері 6 миллион теңгеге дейін жеткен. Оның себебін депутат елдегі зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның осалдығынан іздейді.
«Бізде зейнетақы алуға ел аумағында тұрақты тұратын азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқығы бар. Ал қоныс аударған кезде бұрынғы тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу де тоқтатылады. Алайда адамдар зейнетақы төлемдерін басқа мемлекеттің аумағында тұрып немесе өзге елдің азаматтығын қабылдап алуды жалғастыруда. Өйткені зейнетақы төлеу бойынша қызметті банктер клиенттердің карт-шоттарына проактивті түрде жүзеге асырады. Сол себепті төлем алушылар зейнетақы заңнамасының сақталуын бақылау жөніндегі уәкілетті органға, азаматтығының ауысуы туралы көші-қон қызметіне де хабарламайды», – дейді депутат. Сондықтан Екатерина Смышляева көші-қон және шекара қызметтері елдегі зейнетақы төлемдерінің әкімшісі арасында жүйелі ведомствоаралық өзара іс-қимыл қажет екенін айтқан. Қажет болған жағдайда технологияның мүмкіндігін қарастырып, Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп халықаралық келісімнің нормаларын қайта қарау қажеттігін де алға тартты. Айтуынша, «қос азаматтық» алатын қарияларға тоқтам болмаса, бейнеттің зейнетін адал жолмен алатындарға қатысты әлеуметтік әділеттілік қағидаттары бұзылады.
Басты мәселе базада ма?
Бірақ техникалық мүмкіндік «алаяқтарға» тосқауыл бола алмайды. «База жасап, өзге елдермен интеграция жасау соншалықты қиын шаруа емес. Ең алдымен көшу кезіндегі зейнетақы туралы нақты қадамдар болу керек. Себебі әрбір мемлекет өз азаматтарының жеке басына қатысты ақпараттық мәліметтерді құпия ұстайды», – дейді ІT маманы Теңел Тоқмырзаев. Оның пікірінше, осы елде еңбек етіп, зейнетақы қорына ақша жинаған азаматтарымызға зейнетақы бере беру керек. Ал өзге елден тағы зейнетақы алып жатса, одан біздің бюджетке келетін зиян жоқ. Егер Ресейдің азаматы келіп біздің азаматтықты алып, зейнетақыны Қазақстаннан алғысы келсе Ресейде жинаған зейнетақы қорындағы ақшаларын аударып алып, сол бойынша зейнетақы мөлшерін ішкі талаптарға сейкестендіру керек. Бірақ Теңел Тоқмырзаев «әлемдегі барлық мемлекетпен ақпарат алмасып, интеграция жасау тиімді шешім емес» деп санайтынын жеткізді.
ІT маманы Мейіржан Әуелханұлы да екі мемлекеттің базасы екі түрлі болғандықтан техникалық мүмкіндіктен қарағанда «қос азаматтықпен» жүргендерге салатын айыппұл мөлшерін арттырып, жауапкершілікті қатайту оңтайлы болатынын айтады. Өйткені ешбір елде ондай ортақ база жұмыс істемейді.
Екі елден зейнетақы алатындардың артуына «қос азаматтық» алуға рұқсат ететін көрші елдің заңы да себеп. Екіншіден, ақпараттық база алаяқтардың әрекетіне баға бере алмайды. Демек, көрші елдің қамқорлығын сезініп жүргендерге ескірген әдістерді қарастыру да қажет секілді. Бұл үшін жәрдемақы мен зейнетақы тағайындар кезде еңбек кітапшасында «зейнетақы тағайындалды» деген мөр міндеттелу керек.