Алматыдағы «қаңтар оқиғасы» кезінде бір шаһардың өзінде қаншама ғимарат өртке оранды. Сауда орындары мен дүкендер тоналды. Бүгінде елдегі бизнес нысандарына келген шығын 95 млрд теңгеден асқан. Алматының өзінде 1600 кәсіпкер зардап шекті. Әзірге бұл бүгінгі күнге тіркелгені ғана. Әлі де көбеюі мүмкін. Ал құжаттары өртеніп, шығындарын дәлелдей алмай жүргені қаншама?! Олар не істейді?
Киім-кешек сатумен айналысатын кәсіпкердің дүкені толығымен тоналған. Айтуынша, оны бейнежазбадан да көруге болады. Алайда қол қойылып, мөрі болмағандықтан дүние-мүліктің бағасын дәлелдеу қиындау болып тұр.
– Қарақшылардың бутигіме келтірген шығыны – 35 миллион теңге. Қолымда құжатым бар, бірақ жүкқұжатта ешқандай мөр соғылмаған. Не болмаса «осыншама төленді» деген чек те жоқ. Сол себепті қолдағы жүкқұжатты заңсыз деп қабылдамай жатыр, – дейді кәсіпкер Қарлығаш Еспенбетова.
Алматы қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басшысының айтуынша, шығынды есептеуге құрылған арнайы комиссия 5 млн теңгеге дейінгі шығынды 5 жұмыс күнінде қарастырады. Құжаттары дұрыс рәсімделген кәсіпкерлердің қаржысы да уақытылы қайтарылғанын жеткізді. Бүгінде 602 кәсіпкер өтемақысын алған.
– Шағын кәсіпкер тек өзін ғана емес, өзге қызметкерлерді жұмыспен қамтып, жалақы төлеп, бірнеше отбасын асырап отырғанын жақсы білеміз. Әрқайсысының мәселесін оңтайлы шешуге тырысып жатырмыз. Тіпті, өртеніп кеткен мекемелердің құжаттары да қалмауын түсіністікпен қарап, барынша көмектесудеміз, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бостандық аудандық филиалының директоры Сәбен Тынышқали.
Оның айтуынша, бүліктен кейін Республика бизнес орталығына келгенінде бір ғана тергеу тобы болған. «Осы ғимараттағы бүкіл кеңселерді қарап, тексеріп, бас-аяғын реттеп шығу үшін бір жарым немесе екі ай уақыт кетеді. Сондықтан көмек сұратып, Павлодар облысынан оншақты полиция қызметкерін алдырттық. Сөйтіп, бес тергеу тобы құрылып, тергеу жұмыстарын екі күнде өткізді», – дейді ол.
Алматыдағы «қаңтар оқиғасы» елдегі шағын бизнесті тұралатты. Әрине, шығындарын дәлелдеу оңайға соқпайды. «Күлтебенің басында күнде жиын» дегендей, барлығының талабы ортақ – өтемақыны тездетіп алып, кәсібін қайта жалғастыру. Сол күн де алыс емес. Шығынын өтеп алған кәсіпкерлер ісін бастап кетті. Олардың ендігі тілегі «қаңтар оқиғасы» қайталанбай, елінің амандығы мен жұртының тыныштығы.
https://youtu.be/8eJl7F7UwlU