Солтүстік Қазақстан облысында ішімдік ішіп, машина айдаған мас жүргізуші өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды. Ол бұған дейін бес жыл мерзімге жүргізуші құжатынан айырылған екен.
Николай есімді азамат досымен кездескеннен кейін біраз ішіп, үйге жету үшін мас күйінде көлікке отырған. Үйге барар жолда оны жол-патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатыпты. Медициналық тексерудің қорытындысы Николайдың «орташа» мас күйінде болғанын көрсетті. Ол Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігінде (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 600 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға тартылды.