Автобус қатынамайтын ауылдар бар
Автобус қатынамайтын ауылдар бар
303
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында 93 елді мекен автобус қатынасымен қамтамасыз етілмеген. Бұл ауылдарда 70 мың­нан астам адам тұрады. Қажет кезінде олар баратын жеріне жете алмай қиналып қалады. Көлігі жоқ ауылдықтар облыс орталығына қатынау үшін көрші-көлем, дос-жаран­дарына жалынады. Алайда «кісідегінің кілті аспанда». Сон­дықтан елді мекендер арасында қоғамдық көлік қатына­ғанын қалайды. Ережеге сәйкес, ауылдағы тұр­ғындар саны 100-ден асса, мұндай елді мекендерге автобус қатынауы керек. Солтүстік Қазақстан облы­сында тұрғындар саны 100-ден аса­тын 93 ауылға автобус жүрмейді. Әсі­ресе, Аққайың, Есіл, Мағжан Жұ­мабаев, Шал ақын, Жамбыл, Мам­лют, Қызылжар аудандарының тұрғындарын автобус қатынасымен қамту көрсеткіші тым төмен. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Құралай ауылының 200-ден астам тұрғыны автобусты ұмыт­қалы қай заман?! Қалаға қатынау үшін көлігі барларға өтініш жасау қалыпты жағдайға айналған. Сол үшін арнайы WhatsApp чат құрып алған. Әрі-бері қатынайтын жүргі­зушілер немесе жол жүруге ниетті адамдар сол чат арқылы бір-бірімен хабар алмасады. Облыс орталығына жету құны – 2 000 теңге. Кейін қайту үшін тағы сонша төлеу керек. Ара-қашықтық – 150 шақырым. Осы та­­рифке тұрғындардың бойы үй­реніп алған. Өйткені Петропавлдан аудан орталығы Булаево қаласына жету үшін автобус билетінің құны – 900 теңге. Одан кейін аудан орталы­ғынан ауылға жету тағы бір машақат. Сондықтан турасынан бір көлікпен жүргенді қалайтындар көп. «Чат арқылы кімнің қашан қа­лаға баратынын, орын бар-жоғын біліп отырамыз. Кері қайтамыз ба, жоқ па, оны да бірден келісіп ала­мыз. Қалада қалатындардың орны­на жүргізуші басқа адамдарды алып қайтады. Немесе ауылға қайту керек болса, жұмыстарымызды бітірген соң жүргізушімен келісіп, уақыт бел­гілейміз. Жолаушылардың бар­лығына ыңғайлы болу үшін негізі­нен таңертең барып, кешке қарай үйге жол тартамыз. Кейде қаладан ауылға келгендердің көлігіне мін­гесеміз», – дейді ауыл тұрғыны Ләз­зат Қанафина. Автобус жүрмейтін 93 ауылдың барлығында дерлік осындай жағдай қалыптасқан. Ақжар ауданында үш мыңнан астам тұрғыны бар Ленин­град ауылына да автобус жүрмейді. «Ауданымыздың бұдан басқа Восход, Киев, Қулыкөл, Қарашілік, Май, Коммунизм, Ұялы, Ақсары ауыл­дарына да автобус қатына­май­ды. Әр ауылдағы тұрғындар саны 200-3 200 шамасында. Мұндай елді мекендерге автобус жіберіп көрген тасымалдаушылар тиімсіз деп қол­дарын бір-ақ сілтеді. Халық такси­мен жүруге, таксишілер үйлерінен келіп алып кететініне үйреніп алған. Автобус үшін мұның бәрі қып-қы­зыл шығын, әр жолаушыны үйіне барып алып кете алмайды. Аял­да­маға ғана тоқтайды. Автобуспен та­сымалдаушылар бастапқы қиын­дыққа тап бола салысымен, кеже­гелері кейін тартады. Меніңше, күн­делікті белгіленген бір уақытта, белгілі бір аялдамадан жүретін болса, бұған да халықтың бойы үйренер еді. Мәселен, аудан орта­лығы Талшықтан облыс орталығына дейін жүретін автобустың билет құны – 1 860 теңге. Ал такси 5 000 теңге сұрайды. Сөз болып отырған Ленинград ауылынан Талшыққа де­­йін 40 шақырымға таксиге 900 тең­ге төлеу керек. Тұрғындар жо­лақысы арзан болғанын қалайды. Осындай өтінішпен біздің қоғамдық қабылдауға жүгінгендер бар», – дей­ді «Nur Otan» партиясы Ақжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Оксана Киккаринова. Таксиге ақша таба алмаған ауыл­дықтар 20-30 шақырым қа­шық­тықта орналасқан көршілес елді мекендерге жаяу тартады. Со­н­ың салдарынан биылғы қыста 4 адам боранда адасып та кетті. Сол­түстіктің қысы қытымыр, боранды. Биылғы қыс бойы ауа райына бай­ла­нысты 60 шақты ескерту жария­ланды. Соған қарамастан жолға жаяу шыққан адамдарды төтенше жағдай қызметінің іздеп тапқаны абырой болды.

СУБСИДИЯҒА ДА ҚЫЗЫҚПАЙДЫ

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның Жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің ай­туынша, мұндай ауылдарға автобус жіберу тиімсіз. Бұған дейін жолаушы тасымалдаумен айналысып көрген мердігерлер кейін бас тартыпты. Себебі адам аяғы аз. «Мұндай бағыттар облыстық бюджет есебінен субсидияланады. Бірақ соның өзінде бұл бағыттарға қатынауға құлшынып отырған еш­кім жоқ. Себебі тиімділігі шамалы. Ешкім де шығынмен жұмыс істегісі келмейді. Субсидия бергеннің өзін­де бұл ауылдардың бағытына ешкім қызықпайды», – дейді Мақсат Қуанышпайұлы. Облыс әкімі Құмар Ақсақа­лов­тың пікірінше, бұл дұрыс емес, тұр­ғындар саны 100-ден асатын ауылдардың барлығына қоғамдық көлік қатынауы тиіс. «93 ауылда 70 мыңнан астам тұрғын бар екеніне назар аударғым келеді. Сондықтан Қаржы басқармасына бұл мақсатқа қаржы қарастыруды тапсырамын. Бюджетті бірінші нақтылау кезінде немесе ауыспалы қаражаттан 180 мил­лион теңге бөлу қажет. Бұл қар­жыға барлық ауылға автобус жі­бе­рілетін болады. Мәселені тез арада шешуді тапсырамын», – деді өңір басшысы. Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және авто­мо­биль жолдары басқармасының мә­ліметінше, бүгінде облыс тұрғын­да­рын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында өңірде 129 автобус бағыты жұмыс істейді. Соның ішін­де 5-уі – облысаралық, 54-і – об­лысішілік, 30-ы – ауданаралық, 11-і – қаламаңындағы, 20-сы – қа­ла­лық, 9-ы – ауылдық. Облыстағы 443 ауылдың 350-і, яғни 79 пайызы тұрақты автобус қызметімен қамта­масыз етілген. Жолаушы тасымал­дауға конкурстық негізде 108 та­сымалдаушы тартылған. Былтыр 54 әлеуметтік маңызы бар бағытты субсидиялауға 745 мил­лион теңге бөлінген. 9 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Бұл 2020 жылғымен салыстырғанда 298 пайызға артық. Ал биыл әлеуметтік маңызы бар бағыттар санын 64-ке дейін ұлғайтып, 1 млрд 150 млн теңге субсидия бөлу жоспарланып отыр. Себебі бұл шара бағыттарды сақтап қалуға септігін тигізгені дәлелденді. Бағыт әлеуметтік маңызы бар танылса, билет құны бірден арзан­дайды. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қа­ласына қатынайтын автобус биле­тінің құны бұған дейін 970 теңге болса, субсидия бөлінгеннен кейін 640 теңгеге дейін арзандады. Айыр­тау ауданының Саумалкөл ауылына дейін – 2 241 теңгенің орнына 1 494 теңгеге жетуге болады. Уәлиханов ауданының Кішкенекөліне жету үшін 3 060 теңгенің орнына 2 040 теңге төлейді. «Автобус рейстерінің тұрақты дамуына жолаушыларды заңсыз тасымалдаушылардың жұмысы кедергі келтіреді. Сондай-ақ шал­ғайдағы ауылдық елді мекендерге қызмет көрсетуге дайын кәсіпкерлер жоқ. Қазір облысішілік және аудані­шілік субсидияланатын жаңа авто­бус қатынастарын ашу мәселесі пы­сықталып жатыр», – деді басқар­ма басшысы Мақсат Баяхмет. Жос­пар ойдағыдай жүзеге асса, Сол­түстік Қазақстан облысының тұр­ғындар саны 100-ден асатын барлық елді мекені 100 пайыз автобус қа­тынасымен қамтылмақ. Тек жолау­шы тасымалдауға келісетін кәсіпкер табылса болды.

Солтүстік Қазақстан облысы