ТАЛАПТАР САҚТАЛМАҒАН
Асханаға қойылатын талаптардың тағы бірі – тиісті журналдарды уақытылы толтыру. Әсіресе, тез бүлінетін тағамдардың журналына баса назар аудару керек екен. Бұл асханада мұндай журнал мүлдем жоқ болып шықты. Мұның себебін қызметкерлер қойма меңгерушісі жуырда қайтыс болғанымен, орнына жаңа адам қабылданбағанымен түсіндірмек болды. Азық-түлікті тоңазытқышта сақтаудың да өз талаптары бар. Бас аспаз бұл талаптар да сақталмағанын бірден мойындады. Аптасына бір рет балаларға балық берілуі тиіс болғанымен, мұнда балық бітіп қалып, жаңасы әлі сатып алынбапты. Еттің жүкқұжаттары мен ветеринарлық сертификаттары бір-біріне сәйкес келмейтін болып шықты. Асханада рециркулятор болуы тиіс. Мұнда ол да жоқ. Аспаздардың тырнағы өскен, боялған, бас киімдері жоқ. Бұл да болса кемшілік. Ас мәзірінде әр тағамның салмағы жазылмағаны да талапқа қайшы. Атын атағысы келмеген петропавлдық әйел баласының үнемі қарны аш болған себепті бұл оқу орнынан алып кетуге мәжбүр болғанын айтады. «Демалыс күндері баламды үйге алып, тойдыра алмай әлек болатынмын. Жаттығудан соң қарны ашып келгенде беретіндері – жарты стақан сүтке қосылған бір қасық какао», – деді ол. Ата-аналар асханаға бейнекамера орнатып, өздері бақылағысы келетінін айтады. Бірақ бұл заңға қайшы. Асханада орнатылған жеті камера директордың кабинетіне қосылған. Облыстық Спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Сергей Мелехин мұндай күмәнға негіз жоқ екенін, кемшіліктер болса, бірлесіп түзетуге дайын екенін, кінәлі адамдар жазаланатынын жеткізді. Ал таяқтың екінші ұшы асхана қызметкерлерінің еңбекақысының аздығына келіп тіреледі. Олар айына 50-60 мың теңге алатындықтан, бұл орынға құлшынып отырған жоқ, кез келген уақытта жұмыстан босату туралы өтініш жазып, кете береді. Ал олардың орнына азғантай жалақыға адам табу қиын. Мұнда өткізілетін жаттығуларға байланысты балаларды тамақтандыру кестесі де өзгеше. Таңғы астары сағат 7.30-дан 10.00-ге дейін созылады. Ал кешкі ас сағат 20.00-ден 21.15-ке дейін. Бұл тым кеш. Сондықтан бәлкім жаттығулардың уақытын өзгеру қажет шығар? Бұл да шешуге болатын мәселе екенін Сергей Мелехин мойындады.ҚҰНАРЛЫ ТАМАҚ ҚАЖЕТ
Жалпы, бұл мектеп-интернат спортшыларды тәрбиелейтініне қарамастан, жалпы білім беретін мектептерге арналған санитарлық нормалар бойынша жұмыс істейді екен. Мұнда бір баланың тамағына күніне 1 507 теңге бөлінеді. Спортшы балаларға бәлкім көбірек әрі құнарлы тамақ қажет шығар? Бұл мәселе заңнама тұрғысында дұрыс реттелмеген. Министрдің бұйрығына сәйкес бұл мектеп-интернат тәрбиеленушілері шахмат, акробатика, көркем гимнастикамен айналысатын балалармен қатар, күніне 4 900 килокалорияға дейін тамақтануы тиіс. Мекеме директорының айтуынша, мұндағы спортшылар, күрес, бокс сияқты спорттың ауыр түрімен айналысатындықтан, күніне 7 000 килокалорияға дейін тамақтанатын мекемелердің қатарына жатқызылғаны дұрыс. Тәрбиеленушілердің ата-аналары мен директоры Бақыт Арықбаев осы мәселені көтеріп, Парламент Мәжілісінің депутаты Дмитрий Колодаға жүгінді. Ата-аналардың айтуынша, бұрын балалар аптасына бір рет моншада жуынатын болса, енді моншаға бармағалы бір айдан асыпты. Содан кейін түрлі қотырға шалдығады екен. Мәселен, биыл да Марина Викторовна ұлы Қостанайда өткен аймақтық жарыстың қарсаңында тері ауруына шалдығып, оны жолынан қалдырмау үшін тез арада өзі емдеп алғанын айтады. Оқу ошағының директоры Бақыт Алтайұлының айтуынша, балаларды моншаға апару міндет емес, бар болғаны қосымша қызмет. Оған жарияланған конкурсты биыл Алматыда орналасқан монша ұтып алғандықтан, бұл ретте қиындық туындаған көрінеді. Қоғамдық бақылау мүшелері спорт интернатына кемшіліктерді түзету үшін бір апта уақыт берді. Бұл кемшіліктерді түзету үшін бақылауды қатайтып, қызметкерлердің жауапкершілігін және еңбекақысын арттырғаннан басқа амал жоқ-ау. Әйтпеген күнде аш балалардан қандай чемпион шығуы мүмкін?Солтүстік Қазақстан облысы