Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2022 жылғы 3 наурызда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Соған сәйкес алдағы палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды.
Заң жобасы арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін арттыруды және оларға, отбасы мүшелеріне тұрғын үй алу құқықтарын іске асырудың тең мүмкіндіктерін белгілеуді көздейді. Сондай-ақ бұл құжат әскери қызмет өткеру мәселелері бойынша заңнамадағы қайшылықтар мен олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді.